Оқушылар шығармашылық үйінде Жаңаөзен жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Күлкі - жанның шипасы» атты жайдарман ойындарының ашылу маусымы болып өтті. Ойынға барлығы 13 команда қатысты. Жаңаөзен қаласы мен іргелес Теңге, Рахат, Қызылсай ауылдарының ойыншыларымен бірге арнайы шақыртумен келген Бостан ауылы мен Маңғыстау ауданына қарасты Шетпе ауылдарының жастары да өнер көрсетті. Ойын басталмас бұрын Жаңаөзен ЖРО директоры Ғани Құрманғалиев сахна төріне көтеріліп: - Бүгінгі таңда жайдарман ойындары жастар арасында зор беделге ие. Оған себеп - жайдарманның көп жастардың үлкен өмірде өз жолдарын табуына, өнерге қадам басуларына септігін тигізуінде. Командаларға сәттілік тілеймін! Алдағы уақытта бұл игі шара өз жалғасын табады, - деді. Маусымашарда мектеп оқушыларынан бастап, студент жастар мен балабақша тәрбиешілері де өнер көрсетті. Көрерменнің ыстық ықыласына бөленген Шетпе селосы мен Бостан ауылынан келген кішкентай бүлдіршіндер мен тәрбиешілер тобында сайысқан 7 баланың анасы, «Күміс алқа» иегерін де ерекше атап өткен жөн. Ойын соңында ұйымдастырушылар командаларды арнайы дипломдар және сыйлықтармен марапаттап, барлық қатысушылардың алда болатын жайдарманның 1/4 ойындарында өнер көрсететіндіктерін айтты. Сондай-ақ, маусымашарға қонақ ретінде келген жайдарманның республикалық жоғары лигасында ойнап жүрген «Боранқұл», «Өзенмұнайгаз» және «Жалын» жайдарман топтары ізбасарларына сәттілік тілеп, бүгінгі ойын үшін алғыстарын білдірді.
Айжан НАСЫРОВА