«Yessenov Fest-2019» фестивалі өз мәресіне жетті
[ 2019 ] 26 сәуір, 11:41 | Қоғам
«Біздің жастар оқу керек, жаңа білімге ие болып, жаңа дағдыларға қол жеткізуі қажет. Күнделікті өмірде білім мен технологияны
шебер және тиімді пайдалануы – басты мақсат».
Елбасы жолдауынан
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде «Жастар жылы» аясында «Yessenov Fest-2019» атты кезекті республикалық студенттер фестивалі өтті. Студент жастардың ауқымды фестивалі екі күнге жалғасты. Сонымен қатар, аталған шараға еліміздің әр аймағынан жиналған оқушылар да қатысып, өздерінің жасампаз ойларын ортаға салып, бизнеске лайықты жобаларын ұсыну арқылы аталмыш жоғарғы оқу орынының гранттарын сарапқа салды. Одан бөлек жағажай валейболы, қазақ күресі, шағын футбол мен республикалық пікірсайыс турнирі, «Jas kasipker 2019» стартап жобалар мен шығармашылық (домбыра, дәстүрлі ән, сахналық қойылым) байқаулар да жоғары деңгейде өтті.
- «Жастар жылының» аясында ұйымдастырылған фестивал мақсаты, ең біріншіден, Маңғыстау жеріндегі Yessenov университетіне жас талапкерлердің сұранысын арттыру. Өзге облыстардан келген оқушылар өз жобаларын ұсынып жатыр. Біздің университетімізге келешекте еліміздің ірге тасын нығайтар, жасампаз, талантты жастар қажет. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін! - деп Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры Берік Ахметов фестиваль шымылдығын ашты.
Пікірсайыс турниріне студенттер мен оқушылардан құралған 40 команда (1 команда 2 адамнан құралады) қатысты. Олар әлеуметтік мәселелер мен саяси көзқарас, жастарды еңбек қабілетіне баулу сынды тақырыптар негізінде пікір алмасып, ой толғады. Жалпы фестивальге 800-ден астам үміткерлер өтініш білдірген, оның 200-і финалдық кезеңге жолдама алып, өз өнерін ортаға салды. Спорттық жарыстарға қатысқандардың саны – 400. Фестиваль аясында еріктілер марафоны өткен болатын. Ерлер 10 шақырымға, әйелдер 5 шақырымға жүгіріп, өз мықтысын анықтады. Бизнес стартап жобасына 300 үміткер өтініш жолдап, таңдаулы деген 50-і ғана финалдық кезеңде университет мамандары алдында көрме ұйымдастыру мүмкіндігін иеленді.
- Болашақ кәсіпкерлер өз жобаларын конкурс комиссиясының алдында қорғады. Комиссия құрамында – танымал кәсіпкерлер мен кәсіп және облыс ұйымдарының жетекшілері бар. Сонымен қатар, конкурс аясында бизнес-тренингтер мен бизнес-ойындар, университет кампусына экскурсия жүргізілді. Өйткені стартап жобаларының жеңімпаздары осы оқу орнына білім грантын иеленеді. Университет өте талантты және дарынды балалар үшін барлығы 100 білім грантын дайындап отыр, - дейді Ш.Есенов университетінің Каспий кәсіпкерлік орталығының басшысы Гүлжазира Қосмағамбетова.
Қызылтөбе ауылдық округінен келген 11-сынып оқушысы Нұрайлым Көштен стартап жобалар байқауына қатысушылардың бірі. Оның жобасы «SWNP – sheep wool nature product» («Қой жүні – табиғи өнім») деп аталады.
- Бұл өте таза экологиялық өнімдердің бірі – мұнда синтетикалық қоспа мүлдем жоқ. Жүннен де барлығын жасауға болады – ойыншық, киім, баскиім т.с.с. Киіз жасаумен айналысқаныма көп уақыт болған жоқ, осы істі үйреткен анам еді. Бұл жоба елеуге тұрарлықтай деп ойлаймын, - дейді оқушы.
Фестиваль соңы 15 шағынауданда теңі жағалауында эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концертке ұласты. Қорытынды кеш барысында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов жастар ел болашағы үшін еңбектенер халқымыздың ең үлкен құндылығы екенін ескеріп, жасампаз жастарға өз тілегін жеткізді:
- Елбасы Н.Ә.Назарбаев осы жылды «Жастар жылы» деп тектен-тек атаған жоқ. Жастар үшін қай саланы алсаңыз да бағдарламалар жасақталып, игі істер арқылы көмек көрсетілуде. Бұл жағдайдың есесіне жастар білім алып, оқу оқып, кәсіп жасап, ғылыммен айналысуға міндетті. Ел болашығының басты қауқарлы күші де – жас буын. Фестивальдің өту барысын бақыладым. Оқушылар жарқын келешекке ұмтылып тұр. Жастарға сәттілік, ғұмыр сүрлеуінде жолдары ақ болсын деймін! - деді өңір басшысы.
Мадияр ТӨЛЕУОВ
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
898
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.