Түркия елінің Ұлттық егемендік және балалар мерекесіне орай Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Корхан Кюнгерю Ақтау қаласындағы №6 орта мектепке барды. Мектеп залына жиналған мектеп ұжымы мен оқушыларды және Ақтауда тұрып жатқан түрік азаматтарын, олардың балаларын Бас консул құттықтап, игі тілегін жеткізді. - Мен сізермен кездесіп тұрғаным үшін қуаныштымын және осы жүздесуді ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, - деді Корхан Кюнгерю. - Бүгін Түркия халқы атап өтіп жатқан балалар күнімен баршаңызды құттықтаймын. Түркия мен Қазақстан бауырлас елдер екенін білесіздер. Туыс болғандықтан бізде ортақ нәрсе көп, сондықтан біз бірге ынтымақтасып, балаларымыздың болашағын бірге құруымыз керек. Мен Қазақстан мен Түркия балаларына және әлемдегі барша балаларға денсаулық, бақыт және жарқын болашақ тілеймін. Шара барысында ұлттық киімдер киген оқушылар мектеп сахнасында өз өнерлерін көрсетті, Бас консулмен бірге келген аниматорлармен бірге ойын ойнады. Кездесуге жиналғандарға түрік халқының тәтті тағамдары таратылды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА