«Жастар жылы» аясында жас буын өкілдерінің белсенділігін арттырып қана қоймай, жасөспірімдер арасындағы қылмысқа тосқауыл қою мәселесі де жолға қойылған. Мәселенің өзектілігін ескере отырып, өңірлік коммуникация қызметі алаңында брифинг өтті. Брифинг барысында былтырдың қорытындысынан бөлек, жүйелі жұмыс негізінде атқарылатын жобалар да баяндалды. БАҚ өкілдерінің тыңдауымен өткен басқосуға білім саласының басшыларынан бөлек арнайы инспектор мамандар мен бейімдеу орталығының өкілдері қатысты. Соңғы он жылдың дерегіне жүгінсек жасөспірімдер арасындағы қылмыс көрсеткіші 65 пайызға төмендеген. Осының арқасында бейімдеу орталығына түскен және тіркеуге енген жасөспірімдер саны азайып отыр. - Бала мінез-құлқының ауытқуы - дәл осы жасөспірім шағында (11-18 жас аралығы) кездесетін жағдай. Ауызекі тілмен айтқанда – өтпелі кезең. Есейіп келе жатқан баланың айналасына көзқарасы өзгеріп, соның әсерінен түрлі қылмыстық әрекетке баруы мүмкін. Бұл мәселеде тек ұстаздардың тәрбиесі жеткіліксіз. Сондықтан да біз ата-аналарды тарту арқылы бəрлескен іс-шараларды көбірек атқаруға тырысамыз, - дейді Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанова. Бала тәрбиесі мәселесінде ұстаздардан бұрын ата-ананың үлесі басым болатынын психолог мамандар да жиі айтып жүр. Дегенмен кейбір отбасыда ата-ананың бейқамдығы әсерінен жасөспірімдердің ырыққа көнбей кететін кездері де болады. Осының салдарынан қылмысқа ұрынса, инспектор мамандар шара қолдануға даяр. - Соңғы он жыл көлемінде жасөспірімдер қылмысы айтарлықтай төмендеген. Бірақ мұнымен қолданылатын шаралар тізбегі азайып қалмақ емес. 2018 жылы облыс бойынша жасөспірімдер арасында тіркелген қылмыс саны – 21. Биыл 7 қылмыс тіркеліп отыр. 3 айдың ішінде 850 әкімшілік хаттама толтырылған. 215 бала тәртібіне байланысты тіркеуде тұр. Әр мектепке жауапты құқық қорғау қызметкері бар. Қажет жағдайда ата-аналар байланысқа шығып, мәселені ушықтырмауға толық мүмкіндігі бар, - дейді ювеналдық тобының аға инспекторы Эльвира Қасанова. Одан бөлек тәртібі нашар оқушыларды түзету мақсатында бейімдеу орталықтары да қарастырылған. Мектеп-интернатқа балалар 1 айдан бастап 1 жылға дейінгі уақыт аралығына жіберіледі. Орталық әрдайым қатаң күн тәртібімен жұмыс жасайды. - Жастарды қоғамдық жұмыстарға тарту үшін күш салған жөн. Біздің мектеп-интернат құрылғалы бері 249 жасөспірім бала түзету ісінен өткен. Батыс аймақтағы жалғыз орталық болғаннан соң орталыққа өзге облыстардан да балалар келеді. Қазіргі сәтте 9 бала қатаң күн тәртібі бойынша тәрбиеленіп жатыр. Оның үшеуі Маңғыстау, үшеуі Атырау, қалған үшеуі Ақмола облысынан келген. Жазғы еңбек маусымы да жоспарға енгізілген. Осы арқылы тәрбиеленушілер еңбекақысын алып, әдебі түзелгенде үйіне жіберіледі, - деп Девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мектеп-интернатының директоры Амангүл Човдурбаева баяндады.
Мадияр ТӨЛЕУОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="78226,78227,78228,78229"]