Қоғамға пайдасы тиер азамат
[ 2019 ] 23 сәуір, 06:44 | Қоғам
Білімді, білікті маман, еліне, жұртына жанашыр, ұрпаққа үлгі болу – кез келген азаматтың айқын мақсаты, басты бағыты. Олар «Маған елім не береді?» деп емес, «Мен жұртыма қандай жақсылық жасаймын?» деп өмір сүрері хақ. Осындай ізгілік пен ізеттілікті, адамгершілік пен кісілікті жанына серік еткен абзал жандардың арқасында жастар мінген ұлы көш тура жолдан таймасы анық. Олардың ұстанымы мен жүрген жолын өміріне үлгі тұтса, кез келген жаңа буын жалындап қалыптасары анық. Сондықтан бүгінгі таңда жастардың санасына серпін беріп, азаматтық, адамгершілік сезімдерін оятып, қоғамның кез келген сұрағына бел буып, араласып, белсенділік танытуына ықпал етпекпіз. Әрі халықтың көкейінде жүрген ащы да болса шындығы – «Депутаттардың қоғамдағы орны қандай? Олар нендей мәселе көтеріп, шешіп жүр?» деген сынды дүдәмал сұрақтарына жауап беріп көрсек қалай?.
Осы орайда облыстық мәслихат депутаты, «ҚазАзот» АҚ «Шағырлы-Шөмішті» кенорны филиалының директоры Абзал Меңдібаевпен сұхбаттасқан болатынбыз. Депутаттардың қоғамдағы рөлі мен жас буын өкілдеріне айтары қандай? Сұхбат барысында осы сұрақтарға жауап алынды.
- Кез келген мамандықтың адам баласының соңғы сәтіне дейін азық болары анық. Сіздің де таңдаған салаңыз өміріңізге оң әсер еткендей. Қызметтік жолыңызда тек алға басушылық байқалады. Бұл – жас мамандарға үлгі боларлық жағдай. Олай болса, осы кезге дейінгі жүріп өткен еңбек жолыңызбен бөліссеңіз?
– Біз қиыншылық пен тоқырау заманын көрген ұрпақпыз. Ертеңгі күнімізді уайымдап, бұлыңғыр болашақтың куәсі болдық. Қалай оқимыз деген де алаңдаушылық болды. Бірақ жолдасынан (әкемізден – авт.) жастай айырылып, 6 баласымен жалғыз қалған анамыз өмірге құштарлығының арқасында бізді жетелеп өсірді. Мен мектепті 9-сыныпқа дейін оқып, сол кезде Жаңаөзен қаласындағы мұнай-газ колледжіне оқуға түсуге мүмкіндік болып, білімімді сонда жалғастырдым. Ол кезде мұнай мен газдың мәнісін де ұққан жоқпыз. Оқулықтар да орысша. Алайда кітаптарды қазақшаға аударып, тырысып оқып, төрт жыл білім алып, қызыл дипломға бітіріп шықтым. Одан соң алғашқы еңбек жолым «Өзенмұнайгаз» саласында басталып кетті. ЖОО-да оқуымды жалғастырып, жоғары білімді де алып үлгердік. Осылайша инженер, бөлім басшысы, директорлыққа дейін көтеріліп, еңбек еттік. Жұмыс бабымен Астана, Қызылорда қалаларында да еңбек еттім. Одан соң Маңғыстауға қайта оралып, өндіріс бойынша департаментке директор болып қызметке келдім. Кейін 2015 жылы «ҚазАзот» мекемесінің жанынан жаңа газ кен орыны ашылып, сонда басшылық қызметке ауыстым. Төрт жылдан бері сонда қызмет етіп келемін.
– Сіз қазіргі таңда облыстық мәслихат депутатысыз. Мұндай үлкен қоғамдық ортаға қалай келдіңіз?
– Біздің мекеме Бейнеу ауданында орналасқан. Біз сол кездегі аудан әкімі Басшы Әзірхановтың ұсынысымен сол ауданның көп жастарын жұмысқа орналастырдық. Осылай бірлесіп жұмыс жасап жүргенімізде, Басшы ағамыздан ұсыныс түсіп, депутаттыққа бақ сынадық.
– Осы тұста сұрағым: депутаттардың міндеті қаншалықты қиын? Көтерер жүгі қаншалықты ауыр?
- Жалпы айтқанда депутаттар қоғамның барлық сұрағына араласа алады. Елдің мұң- мұқтажын жеткізу, оның шешілуіне ықпал ету – басты міндетіміз. Ең алдымен, халыққа тыныштық керек, одан соң өмір сүруіне байланысты жылуы, тоғы, суы, газы керек. Бір сөзбен айтқанда, халық үшін әлеуметтік жағдайы аса маңызды рөл атқарады. Де- путаттық жұмыс – әкімшілікпен біріге отырып, сол жерде тұратын халыққа керекті ең көкейтесті мәселелерді екшеп алып, жоғары билікке ұсыну ғой. Барлық қала, аудан, ауылдардың өз депутаттары бар. Барлығы да өз қарамағына тиісті учаскесі үшін нәтижелі болсын деп жұмыс істейді. Мәселен, бір ғана Бейнеудің өзін алып қарайтын болсақ, Есет, Төлеп ауылдарында тоқтың күші аз. Бұл сұрақты екі жылдан бері көтеріп келеміз. Алайда жұмыстың басы басталғанымен, қаржы мәселесі қолбайлау болып отыр. Ел тығыз орналасқан жерлерде осы тәрізді мәселе өте көп. Облыста мәслихаттың екі үлкен комиссиясы бар. Біреуі – қаржы саласы бойынша Аббат Өрісбаев, екінші – тәртіп, білім, денсаулық бойынша мен жауап беремін. Екеуі бөлек сала болғанымен, тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаймыз. Себебі бізде қаралатын мәселе ортақ.
- Шын мәнінде, сіздер депутат ретінде халықтың көтерген мәселесін шеше аласыздар ма?
- Біз депутат ретінде сессияға бір күн қалғанда өзара жиналыс жасап, халық тара- пынан болсын, басқа да жағдайлар бойынша көтерілген сұрақтарға алдымен талдау жасаймыз. Шын мәнінде, бұл сұрақ маңызды ма, болса қаншалықты, пайдасы, зияны, барлығы талқыға түседі. Өзектілігі дәлелденіп, барлығы бірауыздан қолдаған жағдайда келесі күні сессияға шығарылып, жоғарғы билікке жеткізіледі. Кейде кейбір мәселелердің өзектілігі дәлелденбей толық емес күйінде келесі сессияға қалдырылып немесе тізімнен мүлде шығарылып тасталатын кездер де болады. Дегенмен халыққа керекті, кезекте бірінші тұрған мәселелер жерде қалмайды, олардың мұң-мұқтажына басымдылық беріледі. Егер де депутаттардың қолында билік жоқ, ешнәрсе шешпейді деген ой болатын болса, хаттамаларын көтеріп қарауға болады. Кімнің қандай сұраққа қатысы бар, кімнің қай сұраққа көзқарасы қандай деген секілді.
– Сіздер арнайы бекітілген кесте бойынша қоғамдық қабылдаулар өткізіп, халықпен тікелей жүздесесіздер ғой. Сондағы көтерілетін сұрақтардың басым көпшілігі қандай? Салыстырмалы түрде тұрғындарды қай сұрақ көп мазалайды?
– Иә, дұрыс айтасыз. Өзіміздің бекітілген кестемізге сай облыстық «Нұр Отан» партия- сына барып, қоғамдық қабылдау өткізіп тұрамыз. Бірақ өз басым оған қарамай келген әрбір тұрғынды жұмыс орнымда да қабылдап, мәселесін тыңдауға дайынмын. Бұл – менің азаматтық парызым. Енді, қабылдауда көтерілетін сұрақтарға келетін болсақ, бұл – жұмыссыздық мәселесі. Одан кейін, қаржылай көмек сұрап келетіндер көп, мәселен, балаларын емдетуге, т.б. Бірақ бұның барлығын 100% шештім деп айта алмаймын. Дегенмен мүмкіндігім жеткенінше қол ұшын беріп келемін. Осы тұста тағы бір айта кететінім, кейбір жастардың бітіріп келген мамандығына сай білімінің төмен болуы қынжылтады. Мен басқарып отырған мекемеге білікті мамандар керек-ақ. Балаларына жұмыс сұрап келген ата-аналардың өтінішін орындап, жас мамандарды жұмысқа аламыз. Алайда кейбіреуі ең төменгі деңгейді игере алмай жұмыстарын тоқтатуға тура келіп жатады. Сондықтан болашақ жас мамандар оқып жатқан саласы бойынша жауапкершілікті сезініп білім алса екен дегім келеді. Барлығына бірдей топырақ шашудан аулақпын, көзінде оты бар, жұмыс жасауға құлшынып тұрған жастарымыз да бар. Оларды мен әрқашан қолдауға дайынмын.
– Енді қоғамдағы өзекті мәселелерге оралсақ, соның бірі – жолдың жыры. Бұл тұрғыдан не дейсіз?
– Осыдан екі-үш жыл бұрын «Бейнеу-Шетпе» жолындағы көтерілген мәселе бойынша депутаттар болып тікелей барып, араластық. Бұл сұрақтар әлеуметтік желіде де көп көтерілді. Сол кезде мердігер мекемелермен бірнеше комиссиялық отырыс та жасадық. Олардың да өз шындығы бар: жобалық-сметалық құжаттарда кемшілік болған екен. Бір кемшілікті жөндегеннен кейін екіншісі қайталанбас үшін депутаттар болып жауапты азаматтарға хат та жаздық. «Жөнделеді» деген жауап та алдық. Негізінен, бұл – ащы да болса, мойындауға тура келетін жағдайлар. Себебі жөнделген жолдың көп уақыт өтпей-ақ жарамсыз боп қалуы – әлі де өзекті. Бірақ істеліп жатқан жұмыстарды да айту керек. Осыдан екі жыл бұрынғы жол мен қазіргісінің арасында айырмашылық бар. Әрине, жақсы жағынан алып қарағанда.
– Облыс деңгейінде тағы бір маңызды мәселе – денсаулық сақтау саласы. Бұндағы кемшіліктер қоғамның өзекті тақырыбына айналғаны анық...
– Бұл салада осы күнге дейін құрылысы бітпей жатқан онкологиялық ауруханадан бастап мәселе өте көп. Кейде теледидардан әзілдер айтылып жатады, «Дәрігерлерге рақмет, біздің шетелге барып емделуімізге жағдай жасап жатқан» деп. Күлкілі нәрсе, бірақ күлкінің арғы жағында халықтың күйініші жатыр. Мен облыстағы денсаулық бағыты бойынша комиссия мүшесімін. Осы бойынша бірнеше отырыстарға да қатыстық. Барлық аурухана, емханаларға бардық. Жұмыстарына бірнеше мәрте сын да айтылды. Бірақ көзге көрініп жатқан оң өзгерістер байқалмайды. Дегенмен бұл тұрғыдан да барлығын бірдей нашар демеймін. Мен өзім білетін, үй көрмей жанын салып жұмыс істейтін бірнеше кәсіби мамандар бар. Алайда оларда білікті кадр тапшы. Бұл– республикалық деңгейдегі сұрақ.
- Алда еліміздің екінші Президентін анықтар үлкен тарихи сәт келе жатыр. Осы тұста республикамызда болып жатқан өзгерістер мен кезектен тыс сайлау науқанына депутат ретінде айтар пікіріңіз қандай?
– Сайлауға қатысты пікірлер көптеп айтылып жатыр. Ел көңілін күпті қылмау үшін ке- зектен тыс сайлау керек-ақ. Қазіргі Президентіміз Қ.Тоқаев – өте жақсы дипломат. Өмірдің барлық мектебінен өткен азамат деп айтуға негіз бар. Ол кісі өткен жолы Маңғыстауға келген сапарында көп нәрсе айтты. Енді айтылған тапсырмалары сол деңгейде орындалса, барлығы жақсы болады деп ойлаймын. Үштілділік бойынша да өте жақсы айтты. «Ең әуелі – қазақ тілі, содан кейін орыс тілі, екеуін меңгергеннен кейін барып ағылшын тілін үйрену керек», – деді. Сосын басшылық қызметке жергілікті жердің азаматтарын дайындау туралы тапсырмасы да көңілге қонымды. Себебі әрбір азамат туған жеріне жанашырлықпен, жауапкершілікпен қызмет етеді деп сенемін.
– Сөз соңында отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз?
– Өзім алты баланың ортасында өстім, бүгінгі таңда алты баланың әкесімін. Қиын- шылық көріп өскеннен кейін, ұрпағымыз сондай күндерді көрмесе екен деп тілейміз. Қанша елдің алдында жүріп, қоғамдық істерге араласып, «азамат» болып қалыптасқанымызбен, анамызға әлі күнге баламыз. Сол кісілердің бойымызға сіңірген тәлім-тәрбиесін төмендетпей, ұрпағымызды сол жолмен жүргізе білсек, оның өзі бір бақыт. Бұл өмірдің мәні материалдық жағдаймен өлшенбейді, отбасы құндылығы әркез бірінші орында тұруы керек. Өсіп келе жатқан жас буынға да айтарым сол, қоғамға құрметпен қарап, оқыған мамандықтарыңыздың биік шыңына шығып, адал еңбек етіңіздер дегім келеді.
Айгүл ОРЫНБАЕВА
2598
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.