Әркімнің үлпілдетіп өсіріп отырған қызының болашағынан үміті зор. Ертең-ақ бір шаңырақтың ұйытқысы атанар қыз баласының ұрпақ тәрбиесіне мол үлес қосары анық. Елдің анасына айналар бүгінгі қыздарымыз білімді де өнерлі болып, қай халықтың да сарқылмас қазынасы—ана тілін, өзі тұратын мемлекетінің тілін меңгеріп, оны ұрпақ бойына дарыта алар болса, келешекке берері де мол. Таяуда Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы өнірдегі этномәдени бірлестіктерінің арулары арасында «Көктем аруы» байқауын өткізді. Жастар жылы және «Қазақтану» жобасы аясында ұйымдастырылған шараны Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Гүлжан Исмурзина ашып, байқаудын негізгі мақсаты—қазақ халқының тарихын, мәдениетін, тілін, «Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген мәдени құндылықтарды терең білу екендігін атап өтті. Арулар сайысына ұлттық киімдерін киген қуыршақтай алты қыз қатысты. Барлығы да мектеп оқушылары және студенттер. Үріп ауызға салардай жап-жас қыздар қазақ тілінде еркін сөйлейтінін өздерін қазақша таныстырғанда байқатты. Олар сахнада өнерлерін көрсетті, қазақтың салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарымызға қатысты қойылған сұрақтарға жауап беріп, мақал-мәтелдерді тәуір білетіндерін де аңғартты. Бірі қазақша ән салса, бірі қазақ ақындарының өлеңдерін оқыды. Әділқазылар алқасының бағалауымен сайыс қорытындысы бойынша «Атамекен» әнін орындаған Роксана Курбанова бірінші орынға ие болса, Абай Құнанбаевтың қара сөзін мәнерлеп оқыған Аида Шарифова екінші орынды иемденді. Ал Мұқағали Мақатаевтың өлеңін көрерменге әдемі жеткізе білген Нюлифар Базарбаеваға үшінші орын бұйырды. Қыз сынына түсіп, жүлдегер болған қыздарға да, байқауға қатысқан аруларға да Маңғыстау облысының Қазақстан халқы Ассамблеясынан тиісті дәрежедегі дипломдары мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="78001,78003,78005,78002,78004"]