Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат жиынында Маңғыстау облысына инвестиция тарту және Елбасы Н.Назарбаевтың студент жастардың жатақхана жағдайын жақсарту туралы тапсырмасының орындалу барысы талқыланды. Аймаққа инвестиция тарту жөніндегі жұмыстар туралы облыстық индустриалдықинновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Талғат Әбдіқадыров баяндап берді. Оның айтуынша, 2018 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталдағы инвестиция көлемі 499,7 млрд. теңгені құраған, бұл 2017 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 6,5%-ға жоғары (2017 жылы – 434,4 млрд. теңге). Физикалық көлем индексі – 106,5%. «2018 жылдың қаңтар–желтоқсан аралығында негізгі капиталдағы сыртқы инвестицияның көлемі 66 млрд. теңгені құрады, 2017 жылғы көрсеткіштен 0,4%-ға артып, сыртқы инвестиция үлесі 13,2% болды. Биылғы жылдың үш айының қорытындысы бойынша негізгі капиталдағы инвестиция көлемі 81 млрд. теңгені құраған. Оның ішінде сыртқы инвестиция – 17,7 млрд. теңге, ұқсас кезеңмен салыстырғанда 50%-ға жоғары», – деп атап өтті Т.Әбдіқадыров. Өткен жылы өңірде жалпы сомасы 16 млрд. теңге қаражатқа 24 инвестициялық жоба табысты жүзеге асырылып, 654 жаңа жұмыс орны ашылған. Оның ішінде 8,1 млрд. теңге қаражатқа шетел инвесторларының қатысуымен екі жоба, 5,9 млрд. теңге қаражатқа отандық инвесторлардың қатысуымен 13 жоба және 2,1 млрд. теңге қаражатқа мемлекеттік-жеке серіктестік механизмі арқылы тоғыз жоба бар. 2019 жылы аймаққа инвестиция тарту табысты болады деп жоспарланған. Мәселен, Маңғыстау облысына биыл 66,7 млрд. теңге қаражатқа 22 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған, бұл өз кезегінде 1368 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Оның ішінде 26,6 млрд. теңгені құрайтын 15 жоба отандық капиталдың қатысуымен, 38,4 млрд. теңгені құрайтын төрт жоба шетелдік капиталдың қатысуымен, сондай-ақ 1,7 млрд. теңге қаражатқа үш жоба мемлекеттік-жеке серіктестік механизмін тарту арқылы іске асырылмақ. Талғат Әбдіқадыровтың айтуынша, өткен жылы аталған жобалардың ішінде металлургиялық зауыт құрылысы («Ақтау Стил» ЖШС, Әзірбайжан, 7 млрд. теңге), «Шлюмберже» электрлі насос қондырғыларын өндіру және кешенді қызмет көрсету бойынша цех (1,1 млрд. теңге) маңызды жобалар қатарында болды. «2019 жылға жоспарланған жобалардың ішінде Түпқараған ауданындағы «Сирекметалды компания» ЖШС-ның 9 млрд. теңге қаражатты құрайтын қуаттылығы 43,6 МВт жел энергиясы стансасы құрылысы және «Ақтау Энергомаш» ЖШС-ның 9,1 млрд. теңгені құрайтын кабель және трансформаторлар жасау зауытының құрылысы өте маңызды нысандар болмақ», – деді Т.Әбдіқадыров. Аппарат жиынында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздегі жоғары оқу орындарында білім алатын студент жастардың жатақхана мәселесін оңтайландыру бағытында облыста атқарылып жатқан жұмыстар жайында облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев айтып берді. Басқарма басшысының сөзінше, бүгінгі күнде облыста 27 колледжде 21244 студент білім алып жатыр. Оның ішінде 16 мемлекеттік, 11 жеке меншік колледж бар. 13034 студент мемлекеттік тапсырыс есебінен (61,3%), 8210 студент коммерциялық (39,7%) бөлімдерде оқиды. «Елбасының бес әлеуметтік бастамасы негізінде студенттердің жатақханамен қамтылу жағдайына келсек, колледждердегі 21244 студенттің 52%-ы, яғни 11086-сы – ауылдық жерден келіп білім алып жатқан жастар. Облыс бойынша барлығы 1600 орындық 6 жатақхана бар, 1504 адам жатақхана орындарымен қамтылған. 650 орындық 4 колледждің жатақханасында 554 студент бар. Колледж жатақханаларына келер болсақ, Маңғыстау политехникалық колледжінің жатақханасы қолданысқа 1971 жылы берілген. Орын саны 200 болғанымен 148 студент тұрып жатыр. Себебі ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал Қарақия кәсіптік колледжінің жатақханасы қолданысқа 2013 жылы берілген, 200 орындық жатақханада 200 студент тұрады, секциялық типті 3 қабатты ғимаратқа жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрады. Күрделі жөндеуді қажет етпейді. Жаңаөзен қаласындағы облыстық медицина колледжінің 40 орындық жатақханасы 1972 жылы қолданысқа берілді. 5 қабатты оқу ғимаратының 5-қабатында орналасқан. 40 студент бар. 2019 жылы ақпан айында ашылған жеке меншік 210 орындық жатақхана да барлық жағдай жасалған», – дейді басқарма басшысы. Сонымен қатар осы оқу жылында ашылған Ш.Есенов университетінің көпсалалы колледжінің 30 студенті Ақтау қаласы, 27-шағын ауданда орналасқан Ш.Есенов атындағы КМТИУ жатақханасында тұрып жатыр. Асқар Сейдалиевтің айтуынша, бүгінгі таңда жатақханаға қажеттілік 1364 орынды құрайды. Осы жылы 670 студент жатақхана орындарымен қамтылады. «Биыл ақпан айында мемлекеттік тапсырыс аясында Маңғыстау өнер колледжінің студенттеріне арналған 210 орындық жатақхана іске қосылды. Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы Маңғыстау гуманитарлық колледжінің студенттеріне 300 орындық жатақхананы жергілікті бюджет есебінен жалға алу арқылы жүзеге асыру үшін конкурс процедуралары жүргізілуде. Маңғыстау туризм колледжіне «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің меншігіндегі 23-шағын ауданының 100 ғимаратында орналасқан 160 орындық жатақхананы колледж меншігіне беру арқылы студенттерді жатақханамен қамту міндеті бар. Алайда қазіргі таңда бұл жатақхана ғимаратын да бұрыннан тұрып жатқан 76 тұрғын бар. Сол тұрғындарды ғимараттан шығару мәселесі қиындықтар тудыруда. Осы орайда «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына» ғимаратты босату жөніндегі тиісті жұмыстарды жеделдету керектігін де айтқым келеді», – дейді А.Сейдалиев. Білім басқармасының басшысы 2020 жылдың аяғына дейін студенттерді 100% жатақханамен қамту үшін инвестор тарту есебінен жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. «Тарқата айтсақ, Ақтау технологиялық қызмет көрсету колледжі жанынан ауданы 3800 м2 тұратын 300 орындық жатақхана құрылысы салынады. Инженерліккоммуникациялық инфрақұрылымы қолжетімді. Құрылысын салу үшін «CA Сервис» ЖШС мекемесімен келісім шарт жасақталды. Қазір жер телімін бөлу жұмыстары жүргізіліп жатыр, бұл жатақхананың 1-қабатынан шеберхана жасақталады. Сонымен қатар Маңғыстау энергетикалық колледжі жанынан 300 орындық жатақхана құрылысын салу үшін инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым қолжетімді ауданы 3000 м2 жер телімі бар. Жатақхана құрылысын салу үшін «Интерекс» ЖШС мекемесімен келісім бар. Ақтау қаласының 17 шағын ауданынан 500 орындық жатақхана салу үшін Ақтау қаласының әкімдігінен 6500 м2 жер телімі бөлінді. Құрылысын салуды «НКОК» компаниясы әлеуметтік міндеттеме ретінде алып отыр. Қазіргі кезде жоғары оқу орындары бойынша Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде жатақхана орындарына қажеттілік 300 орынды құрайды. 2020–2022 жылдарға қажеттілік 1000 орынды құрайды деп күтілуде» дейді Асқар Сейдалиев. Осы ретте республикалық Қаржы орталығы, Білім және ғылым министрлігі және университет арасындағы үш жақты келісім шарт негізінде 3б шағын ауданындағы №10 ғимаратты 300 орындық студенттік жатақхана ретінде қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Қазіргі кезде 130 орында студенттер тұрып жатыр, қалған университет қызметкерлері тұрып жатқан блогін реконструкциялау жұмыстары басталды. Нәтижесінде студенттерге 170 қосымша орын берілетін болады. Сонымен 300 орындық жатақхана үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінде пайдалануға беріледі», – дейді білім басқармасының басшысы А.Сейдалиев. Білім басқармасының басшысы баяндама соңында 32-шағын аудандағы 500 орынға арналған жатақхананың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген, алайда жобаны жүзеге асыру мерзімінің аяқталуына байланысты қазіргі таңда 2019-2020 жылдарға арналған мемлекеттік сараптаманы қайта алу бойынша жұмыстар жүргізіле бастағанын, сондай-ақ 32-шағын аудандағы 500 орынға арналған тағы бір жатақхананың құрылысы 2020-2021 жылдарға жоспарланып отырғанын жеткізді. Жиын соңында облыс әкімі Ералы Тоғжанов күн тәртібінде талқыланған міндеттердің мерзімінен кешікпей орындалуын жауапты өкілдерге қатаң тапсырды.
Жайық НАҒЫМАШ