Маңғыстау жері саятшылық үшін өте қолайлы өңір болып саналатыны әмбеге аян. Облыс аумағында туризмнің дамуына осы тұстың септесері сөзсіз. Дуадақ (екінші атауы – жек) елімізде ғана емес, әлемнің көптеген мемлекеттерінде саны азайып, сол себепті «қызыл кітапқа» енгізілген құс. Соңғы жылдары аталған құсты көбейту үшін қарқынды жобалар атқарылып жатыр. Оның бір дәлелі – Біріккен Араб Әмірлігінен және Түркістан облысынан жылдағы дәстүр бойынша биыл тағы да 1 жасар 600 дуадақтың (500 аналық, 100 аталық) жеткізілуі. Құстарды көбейту мақсатында Қазақстан Республикасы мен БАӘ арасында бірлескен келісімшарт бекітілген. Дуадақтар инкуваторда өсіріледі. Кез-келген күйге тез бейімделуіне орай табиғат аясына еркін жіберіледі. Аталған құстарды өсіру, тасымалдау ісінен бөлек шығындарға дейін БАӘ президенті Шейх Халиф Бин Заид Әл-Нахайянның бастамасымен құрылған «Халықаралық дуадақты қорғау» қоры айналысады. Әр аталық дуадаққа бақылау қондырғысы орнатылған. Осының арқасында дуадақтардың қай маңда жүргенін біліп, құныққан, заңсыз жолмен аң аулаушылардан сақтап қалуға болады. https://www.youtube.com/watch?v=-j4HyjuQhw4 - Дуадақ құсы Маңғыстаудың Үстіртіне өте үйір құс. Себебі, аталған жер құстар үшін өмір сүруге қолайлы. Жылына бір рет осылайша бес жүзден астам дуадақ Үстіртке жіберіліп отырады. Жақсылықтың есесіне БАӘ-нің Шейхтері Үстіртке келіп ителгімен саятшылық жасайды. Бекітілген қағида бойынша олар 50 құстан артық ауламайды. Жеткізілген құс пен ауланатын құс санын салыстырып, жобаның жақсы мақсатта екенін адамдар аңғара алады, - дейді Шейх Сейф және Шейх Сурур Бин Мұхаммед Әл-Нахайян жеке қорының өкілі Орынбасар Құбығұл. Жеткізілген дуадақтар Өтес ауылдық округі (Сай-Өтес) мен Бейнеу ауданы арасындағы үстірт жазығына жіберілді. Жеткізу ісі мен құстарды қадағалап, баптаумен айналысатын француз орнитолог мамандары. Орнитология (құстар ғылымы) саласы Еуропа елдерінде, оның ішінде Франция елінде жүйелі дамуы себепті дуадақтар мәселесінде аталмыш елдің кәсіби деңгейдегі мамандары шақыртылады. - Табиғат құбылыстарына төзімділігі – дуадақтың ең басты қасиеті. Шілденің шіліңгір ыстығында да бұлар суды көп қажет етпей-ақ тіршілік кешеді. Мемлекетіміздің заңына сәйкес, тапсырма бойынша бұл құстар үнемі бақылауда ұсталады. Қауіп төнген жағдайда дуадақтарды қорғап қалу үшін біздің ұжым аянбайды, - дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Ғаббас Досатов. https://www.youtube.com/watch?v=a-hKE9MPF4I&t=23s Сөз соңында киелі жерді жерсініп, жоғалуға шақ қалғаны себепті көңіл бөлініп отырған дуадақ құсы жайлы оқырмандарымызды хабардар етуді жөн көрдік. Қазақ жерінде 20 ғасырға дейін дуадақ құсы көп болған деседі. Ақын Есенғали Раушанов «Құстар – біздің досымыз» атты кітабында «бала кезімізде Сыр бойында дуадақтар күз келе қойша өріп жүретін» деп дәйекті дәлелдерін келтіреді. Одан әрі 19 ғасырда Сауыр мен Тарбағатай аралығынан саяхаттап өткен В.Н.Плотников атты зоолог «Тәуір аңшы жанына еш серік ертпей, жанын қинамай жүріп-ақ күніне 10-15 дуадақты оңай атып алады» деп күнделігіне түрткен екен. Ауыз әдебиетіндегі «Қобыланды батыр» жырына үңілсеңіз де дуадақты үлкен құс ретінде бейнелеген жолдарды ұшыратуыңызға болады. Расымен де дуадақ құсы толысқан кезінде салмағы 18-21 келіге дейін тартады. Қазақта жүйрік жылқыны сипаттаған сәтте «Ауызымен құс тістеген» деген секілді сөздерді бұрынғы шалдардан көп естідік. Сыбай түрікмен жұртында ежелдегі хандар бағалы, асыл тұқымды жылқымен аңға шығып, дуадақты қуалайды екен. Жақын барып жеткенде ғана ителгі құсты төндіреді. Жылқының жүйрігі еш қиындықсыз-ақ қанжығаға олжа салары айтпаса да белгілі. Жоғарыда айтып өткен жылқы теңеуі содан шыққан екен дейді. Қосар болсақ, тәжік жазушысы Садриддин Айнидың еңбектерінде шығыс елдеріндегі ақсүйектердің сүйіп жейтін асының бірі дуадақ еті екені айтылған. Осылайша тізбектеп мәлімдей отырып, дуадақ құсы Маңғыстау аймағында қайта көбейеріне сеніміміз мол.
Мадияр ТӨЛЕУОВ Суреттер мен видеоны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="78034,78039,78033,78032,78031,78030,78035,78038,78037,78028,78036"]