Елімізде сәуір айының бірінші демалысы геологтардың кәсіби мерекесі ретінде атап өтіледі. Маңғыстау өңірінде барлау мен өндіру жұмыстарын жүргізіп келе жатқан 251 жер қойнауын пайдаланушы үшін бұл күннің орны бөлек. Геологтардың төл мейрамы қарсаңында Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің «Батысқазжерқойнауы» Батыс Қазақстан өңіраралық геология және жер қойнауын пайдалану департаменті РММ филиалы Маңғыстау өңірлік инспекциясының басшысы Алмагүл Келбетпен жүздескенімізде, өңіріміздегі кен орындары жайында сұраған едік. Бүгінгі күні ашылған кен орындарының 90%-дан астамын жер қойнауын пайдаланушылар өндіруде. Маңғыстау облысында жер қойнауын пайдалануға арналған 314 келісімшарт жұмыс істейді, оның ішінде көмірсутек шикізатына – 61, қатты пайдалы қазбаларға – 4, жер асты суларына –5, КТПҚ–241, өндіруге байланысты емес операциялар бойынша (ОНД) - 3. Мұнай және газ кен орындары бірқатар шөгінді бассейндерге негізделген. Облыс аумағында 3 шөгінді бассейн: Каспий маңы, Үстірт–Бозашы, Маңғышлақ бар. Жалпы геологиялық болжамды ресурстар 75 миллиард тоннадан астам, алынатыны – 29 миллиард тонна. Осы болжамдарды жүзеге асыру үшін жер қойнауын пайдаланушылар мен мемлекет қаражаты есебінен ауқымды іздестіру жұмыстары қажет. Бұл да көп ұзамай іске асады деген үміттеміз. Қатты пайдалы қазбаларды барлау бойынша 4 компания тіркелген. Олар – Беке кен орнында битуминозды жыныстарды бірлескен барлау және өндіруге «Алтын КДТ» ЖШС-мен, Жездібассай кен орнының мыс кендерін және Бескемпір темір кен орнын барлауға «Техногран-Ақтөбе» ЖШС, Ақтау қаласының өнеркәсіптік аймағында техногендік минералдық түзілімдерден сирек кездесетін металдарды өндіруге «Қазатомөнеркәсіп «ҰАК» АҚ, Жаманайрақты, Жаңаәулие, Ащысор кен орындарының минералдық тұздарын барлауға және Айт-Көкше кен орнының марганецін барлауға «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік компаниясы (ӘКК). – Алмагүл Салихоллақызы, өзіңіз айтқандай, іздестіру жұмыстарын әлі де жүргізе түсу керек, алайда ол үшін қомақты қаржы да қажет. Дегенмен қолға алынып жатқан шаралар да бар болар. – Әрине. Көп ұзамай облыстың минералдық-шикізат базасында мыс, уран, фосфорит, көмір, стронций бойынша геологиялық барлау жұмыстары кеңейтілуі мүмкін. Сондай-ақ болашақта Шетпе маңынан Бескемпір темір кен орны негізінде, «Техногран-Ақтөбе» ЖШС мен Ресей инвесторлары қуаттылығы жылына 200 мың тонна шойын дайындайтын №2 зауыт іске қосылады деп жоспарлануда. Маңғыстау облысы бойынша 65 жер асты су кен орындары бар, барлық су қоры – 584,4 мың м3/ тәу. Туризмді дамыту мақсатында Жаңаөзен шипажайын, Түпқараған ауданындағы Сад Дубский кен орны бойынша, Ералы ауылындағы минералды ыстық су ұңғымасын, Ивушка минералды ыстық су ұңғымаларынан шипажай жұмыстарын ұйымдастыру қолға алынады. Мұнай мен газдың барлық жұмыс істеп тұрған кен орындары Кеңес уақытында негізінен мезозой шөгінділерінде, оның ішінде юра-бор және триас шөгінділерінде ашылған. Бұл Бозашы түбегінің кен орындарына, сондай-ақ Өзен-Жетібай тектоникалық сатысы шегіндегі кен орындарына және оларға іргелес жатқан кен орындарына тең дәрежеде қатысты. Кен орнын пайдалану және ұңғымаларды жөндеу кезінде озық технологияларды пайдалану қажет. Өңіріміздің ерекшелігін ескере отырып, палеозой шөгінділерінде мұнай мен газдың жаңа кен орындарын ашу мұнай өндіру саласының екінші тыныс алуына мүмкіндік беріп, мыңдаған жаңа жұмыс орындарын құруға және халықтың әл-ауқатын арттыруға, сондай-ақ жұмыссыздықпен байланысты әлеуметтік шиеленісті азайтуға мүмкіндік берер еді. Кеңес үкіметі тұсында Геология министрлігі құрылды. Сол уақытта барлау саласына көп еңбек сіңірген Қаныш Сәтбаев бастаған геолог мамандардың арқасында қазіргі еліміз пайдаланып отырған 90%-дан астам кен орындары ашылды. Мұнай қорларын палеозой қабатынан зерттеу үшін тәуекелге инвесторлар, жеке кәсіпкерлер бара бермейді. Еліміздің минералды-шикізатының көлемін ұлғайтуға мемлекеттен қосымша қаражатты салу қажет етеді. – Осы орайда тәжірибелі маман ретінде өз ұсыныстарыңызды айтып жүргеніңізді білеміз. – Бұл аталған қазба байлықтарын толық барлап, игеру үшін және геология саласын жандандыру үшін меніңше, алдымен Геология министрлігі құрылуы қажет. Өңірде су шаруашылығымен айналысатын гидрогеолог мамандары жоқ екенін ескеріп, әр ауданнан озат оқушыларды іріктеп, гидрогеолог мамандығына грант бөліп оқыту қолға алынып, қатаң бақыланса деген ұсыныстарым да қолдау табатын болар. Жақында су шаруашылығын реттеу бағытында, көмірсутегі шикізаты, қатты пайдалы қазбаларды барлау жоспарын іске асыру мақсатында облыс әкімінің тікелей басшылығымен арнайы мамандандырылған тұрақты жұмыс тобы құрылды. Бұл топ құрамында өзім де бармын және осынау жауапты жұмыстың оң шешімі табылатынына сенімдімін. Қазіргі кезде Ш.Есенов университетімен тығыз байланыстамыз. Өткізіліп жатқан ғылыми-практикалық конференцияларына, әр түрлі жиындарына атсалысып, қатысамыз. Облыстың жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен келген жастар осы инспекциядан 6 ай мерзімінде тәжірибеден өтеді. Соңғы 5 жылда 25 адам жастар және қоғамдық жұмыстар тәжірибесінен өтіп, өз мамандықтарымен мекемелерге жұмысқа кірген. Олардың 90%-ы – осы университет түлектері. Университет басшылығына «Маңғыстау өлкесіне қатты пайдалы қазбалар геологы мен гидрогеолог мамандарын дайындауды қолға алса» деген ұсынысым бар. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, оларды жұмыспен қамтамасыз етуді жолға қойса деймін. – Кәсіби мейрамыңыз құтты болсын. Қазыналы жеріміздің мол байлығы ел игілігіне жарай берсін. – Рақмет. Геолог күні бұрынғы Кеңес одағының барлық геологиялық және өндіру мекемелерінде атап өтілетін еді. Ал Қазақстан бойынша Президент Жарлығымен 2011 жылы сәуір айының бірінші демалысы кәсіби мереке болып бекітілген. Геологтармен қатар бұл мерекені маркшейдерлер, осы саладағы ғылыми-зерттеу институт қызметкерлері, шахта үңгушілері, сондай-ақ пайдалы қазбаларды іздеумен және өндірумен айналысатын мамандар өздерінің төл мерекесі санайды. Маңғыстау облысында Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамының ұйымдастыруымен кәсіби мереке биыл 7-ші рет атап өту жоспарланып отыр. Маңғыстау облысындағы екі жүзден аса кен орындардың ашылуына тікелей атсалысқан Маңғыстау геологтары – қазіргі біздің ардагерлеріміз. Олар ашқан кен орындарда бүгінгі жас ұрпақ қиындықсыз еңбек етуде. Мерейлі сәтте сол ардагерлерімізге мықты денсаулық, қажымас күш-қайрат, ортаймас несібе-дәулет тілеймін. Еңбекте толағай табыстарға, мақсатта биік шыңдарға жете беріңіз, абырой- беделіңіз бен табыс-тартуларыңыз арта берсін. Әрдайым отбасыңыз аман, жүзіңіз жарқын, мерейіңіз үстем болсын деймін.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА