Геология-минерология ғылымдарының докторы, профессор, Қаныш Сәтбаев – қазақтан шыққан тұңғыш академик. Ол – Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, Қазақ КСР академиясының академигі, Кеңес Одағының және Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы. Тарихқа жүгінсек, шын есімі – Ғабдулғани екен. Анасы Әлима «Ғаниым, Ғанышым» деп еркелеткен. Кейін мектеп табалдырығын аттаған жас бала журналға Қаныш болып жазылып, содан қазіргі біз білетін Қаныш Сәтбаев тұлғасы қалыптаса бастады. Имантай бидің отбасында дүниеге келген болашақ ғалым алғаш сауатын ауыл молдасынан ашып, кейін Шорман ауылында орналасқан мектепке қатынай бастайды. Ерекше алғырлығының арқасында төрт жылдық бағдарламаны үш жылда аяқтап, 1911 жылдан бастап Павлодардағы 2-сыныпты орыс-қазақ училищесіне аттанады. Аталған білім ордасын мерзімінен бір жыл бұрын бітіріп шығады. Осылайша зерек оқушы үлкен өмірге қадам басады. Геологиялық барлау мамандығы бойынша Томск технологиялық институтының тау-кен факультетін бітіріп келгеннен кейінгі Қаныш ағаның бүкіл өмірі Қазақстанның минералдық ресурстарын және рудалық кендер генеалогиясын зерттеуге арналған. Оның геологиядан басқа мәдениет саласында, тарихта қалдырған ізі сайрап жатыр. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталуға таяғанда, жағдайдың аса қиын ауырлығына қарамастан, Қазақ КСР Ғылым академиясының ұйымдастыру жұмысына басшы болып, оның ісіне бел шеше араласуы ұлыларға тән көрегендіктің белгісі еді. Оның қалдырған ғылыми бай мұраларының ішінде, әсіресе Жезқазған кені туралы зерттеулерінің, Сарыарқаның металлогендік және болжам карталары жөніндегі еңбектерінің мәні ерекше. Жезқазғанның ірі мыс рудалы аудандар қатарына жатуы кезінде осы кеннің жоспарлы түрде кең масштабтағы барлау жұмыстарын ұйымдастыруға болатын ірі объекті екенін дәлелдеп берген Қаныш Сәтбаев еңбегінің нәтижесі. Сондай-ақ ол минералдық шикізатқа бай Сарыарқа, кенді Алтай, Қарағанды, Қаратау секілді аймақтарға да ерекше назар аудара зерттеп, олардың кендерінің стратиграфиясы, тектоникасы, құрылысы, металлогениясы, неохимиясы және шығу тегі туралы маңызды ғылыми қорытындылар жасады, ғылымға формациялық металлогендік анализдің кешендік әдісін енгізді. Көптеген тәжірибелі маман қатыстырыла отырып, Қаныш Сәтбаевтың басшылығымен бірнеше жылдар бойы жүргізілген тынымсыз еңбектің нәтижесінде Сарыарқаның металлогендік және болжам карталары жасалды. Оны өндіріске ендіру арқылы Сарыарқа аймағында қара, түсті және сирек металдардың біраз жаңа кендері ашылды. Біраз кендерге бүтіндей жаңа өндірістік баға берілді. Ол Қарағандыда металлургиялық завод салуда, Қостанай, Алтай темір және марганец, Қаратаудың фосфорит кендерін және осылар секілді көптеген ірі нысандарды игеруге, Ертіс – Қарағанды каналының қазылуына, біраз ғылыми зерттеу институттарының ашылуына тікелей араласып, зор еңбек сіңірді, Қазақстан ғалымдарының зор армиясының ақылшысы, тәрбиешісі болды. Сонымен қатар оның Маңғыстау өңіріне сіңірген еңбегі де аз емес. Ол 50-жылдардың басында қазақстандық ғалымдармен бірлесіп Маңғыстаудан мұнай қорларының көзін ашты. Түбектің табиғи ресурстарын кешенді түрде зерделеп және көмір, мұнай, газ, қара металлургия рудаларының жаңа кен орындарын игеруге байланысты зерттеу жұмыстарын тікелей өзі басқарды. Осы орайда КСРО Геология министрі П.Я.Антропов: «Қ.И.Сәтпаев өмірінің соңғы күндері Мәскеу түбіндегі ауруханада өтті. Оған барып жүргенімде біздің заманымыздың осы бір тамаша, әрі көрнекті геологінің көз алдымда сөніп бара жатқанын бірнеше рет көруіме тура келді. Қайтыс боларынан бір күн бұрын оған министр Е.П.Славскиймен бірге бардым, ол да оның үлкен досы болатын. Ол әлсіз болғанмен, шабытты, терең және идеялы түрде, Отанының нағыз патриоты және үлкен ғалымы ретінде өз елінің жер қойнаулары туралы, Маңғышлақ түбегіндегі бай мұнай кен орындары және Қазақстанның басқа байлықтары туралы әңгіме қозғады. Ал келесі күні ол мәңгілікке көз жұмды», – деп еске алған. Ол осы өлшеусіз еңбектерінің нәтижесінде үлкен құрметке бөленді. Төрт рет Ленин орденімен, Екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталып, КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлық иегері атанды. Қазіргі таңда оның есімі институттар мен кен-металлургия комбинаттарына, Қазақстан қалаларының көшелеріне, мектептер мен шаруашылық аттарына берілді. Сондай-ақ Алатаудың бір шыңы мен мұздағы, Қаратаудағы ванадий кенінің рудасынан табылған бір минерал (сатбаевит) оның атымен аталады. Оның құрметіне арналған бірнеше мұражайлар да бар.
Айгүл ОРЫНБАЕВА