Биыл жезтаңдай әнші, Кеңес Одағының халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың иегері, көзі тірі кезінде-ақ аты аңызға айналған Ғарифолла Құрманғалиевтің туғанына – 110 жыл! Өткен ғасырдың басында Батыс Қазақстан өлкесінің Қаратөбе жерінде дүниеге келіп, тоқсан жылға жуық ғұмыр кешіп, бүкіл қазақ даласына өзінің шырқау биік дауысын танытып кеткен күміс көмей өнерпаз өзі өмір бақи шырқап өткен Мұхиттың әндерін, оның інілері Шынтас пен Шайхыдан үйреніп әлемге жария етті. Қылшылдаған 25 жасында халық көркемөнерпаздарының тұңғыш рет Алматыда өткен Бүкілқазақстандық слетіне қатысып, музыка майталмандарының назарына ілікті. Жай ілігіп қойған жоқ, талантты жігіт бірден қазақтың музыкалық драма театрының құрамына қабылданып, Евгений Брусиловский, Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди секілді ұстаздардың аялы алақанына түсті. Әншілігімен бірге асқан әртістік қабілетімен көпшілік көңілінен шыққан Ғарифолла «Ер Тарғын», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Біржан-Сара», «Абай» операларында күрделі партияларды орындап, басты рөлдерді ойнады. Қарапайым халық арасында ол көбіне әншілігімен жақсы танымал болды. Ғарифолла Құрманғалиев репертуарындағы «Айнамкөз», «Ақ кербез», «Айдай», «Үлкен айдай», «Кіші Айдай», «Көк Айдай», «Ісмет», «Боз жорға», «Он алты қыз», «Нұржамал», «Сүйген жар», «Ақ Жайық» «Әнші даусы», «Қаламқас» т.б. шығармалары жұртшылықтың мереке-тойларда қосылып шырқайтын сүйікті әндеріне айналды. Оның есімі халық арасында әлі күнге құрметпен аталып келеді. Әншінің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында өмір жолы туралы немересі Меруерт Санатқызының айтуынша құрастырылған «Әнімен елін тербеген» атты кітап жарық көрді. Біздің облысымызда әншінің 110 жылдық мерейлі тойы қарсаңында Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық драма театрында «Туған дала төсінде, ән боп туған мен балаң» атты концерт өтіп, мәдени шараға Астана қаласынан арнайы шақырылған қонақ Ғарифолла Құрманғалиевтің немересі, Өнер академиясының доценті, музыка зерттеушісі Меруерт Құрманғалиева, Орал қаласынан Ғарифолла Құрманғалиевтің төл шәкірті, ҚР еңбегі сіңген қайраткер, «Парасат» орденінің иегері Қатимолла Бердіғалиев қатысты. Концертте ҚР еңбегі сіңген қайраткер Рахат Мадреев жетекшілік ететін Абыл Тарақұлы атындағы қазақ оркестрі, Ғарекеңнің шәкірті ҚР мәдениет қайраткері Бауыржан Сатыбалдин, мәдениет саласының үздігі Ақмарал Ерімбетова, республикалық дәстүрлі әншілер байқауының лауреаты Айнұр Омарова, «Мен қазақпын» мега жобасының бас жүлдегері Оспан Құлсымақ, республикалық дәстүрлі әншілер байқауының лауреаты Әзімхан Баймағанбетов т.б. өнер көрсетті. Өнерін өміріне айналдырған біртуар өнер иесі Ғарифолла Құрманғалиевтің репертуарынан және төл шығармалары «Әнші дауысы», «Айжан-ай», «Біржан-Сара» операсынан Естайдың термесі, «Смет» т.б. орындалды. Жоғары дәрежеде өткен концертті ұйымдастырушы, Ғарекеңнің маңғыстаулық шәкірті Бауыржан Сатыбалдиннің ұстазы туралы бір ауыз пікірін оқырманға ұсынып отырмыз. – Мен 1980 жылы Ғарекеңнің алдына бардым, оқуға түсейін деп, бірақ ол жылы қабылдамады. Себебі 2 жылда бір қабылдайды екен. Бір жыл күтіп, келер жылы тағы бардым. Оқуға 12 шәкірт қабылдайды екен, соған 64 бала таластық. Мен сол ұстаздың қолынан 2 жыл дәріс алдым. Оның сабақ беру әдіс-тәсілі өте қарапайым, бірақ өте тиянақты, ұқыпты. Бірден 5-6 әнді бір беріп тастайды. Сосын отырып бір тыңдайтын. Сабақты жақсы айтсаң, столдың астына кіріп кетіп шықпай қояды. «Ойбай, бұл бүгін әнді керемет айтты ғой» деп. Содан «Ой, Ғарекең, жақсы жігіт қой», деп арқасынан сипап мақтап-мақтап столдың астынан шығарып алатынбыз. Өзі өте шапшаң, әзілкеш, ойынпаз, ақжарқын, балажан, мейірімді адам болатын. Бізді, студенттер ғой деп, үйіне ертіп апарып тамақтап, шайлап жүретін. Атыңды қайта-қайта сұрай береді, үлкендік қой, бірақ өзі орындап жүрген әннің бір сөзін ұмытпайды. Әнге деген құрмет, қасиетін қараңыз. Сондай бір үлкен өнердің иесі еді. Сол кезде консерваторияда аға ұстаздық қызметіндегі келіні Лейла Ғарекеңнің ауылдан үйреніп келген жаңа әндерін бірден нотаға түсіріп тастайды екен. Оның шығармаларының түпнұсқалары саф күйінде сақталуы сол себептен. Немересі Меруерт атасының мұраларын терең зерттеп, насихаттауға белсенді атсалысып жүр. Ғарекеңнің даусы да, ән шырқау мәнері де ерекше болды. Оның даусына ағылшындар таңғалып, көмей қуысын, өңешін зерттеуге ұсыныс білдіргені бекерден-бекер дейсің бе? Қыранның шаңқылына ұқсас ерекше жоғары дауыс тек батыс өлке әншілерінің табиғатына тән, ата қанымен, ана сүтімен берілген айырмашылық! – деді Баукең. Әнші мерейтойына арналған шаралар Жаңаөзен қаласында жалғасын тауып, Маңғыстау облыстық филармониясының ұйымдастыруы мен «Туған дала төсінде, ән боп туған мен балаң» атты концертке ұласты. Мерекелік кешке әншінің шәкірті, Қазақстанның мәдениет қайраткері, облыстық филармонияның жеке солисі Бауыржан Сатыбалдин, Батыс Қазақстан облысынан келген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев және Абыл Тарақұлы атындағы оркестр мен жеке солистер қатысты. Осы концертте республикалық Мұхит, Махамбет атындағы байқаулардың лауреаты, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Ғарифолла Құрманғалиев дәстүрлі ән мектебінің түлегі Ажар Сейтенова Ғарифолла Құрманғалиевтың «Әнші дауысы» және өзінің «Әуен мен ырғақ» атты әншіге арнау әнін орындап халықтың ықыласына бөленді. Ғарекең мұрасын насихаттаудан талмайтын өнерпаз Ажар Сейтенова жыл басынан ауылауылды аралап, ұстазының шығармаларын насихаттап Маңғыстауда жүр. Ол ұстаз құрметіне арналған «Бабалар рухына тағзым» атты шығармашылық концертін жергілікті өнерлі жастардың қатысуымен Түпқараған ауданында, Ақшұқыр, Сайын ауылдарында өткізіп, шеберлік сабақтарын тегін өткізді. Түпқарағаннан Дана Дидар деген өнерлі 8-сынып оқушысын тауып, оған әншіліктің қыр-сырын үйретіп жүр. Ұстаз жолын қуған шәкірттері Қазақстан аймағында көптеп саналады. Оның марқұм болған ізбасарлары Қалампыр Рахимова, Жақсылық Сәрсенғалиев, Қаламқас Орашева, Әскербек Ең кебаевты ел таниды. Ал бүгінде көзі тірі Қажыбек Бекбосын, Хайдар Өтеғалиев, Қапаш Құлышева, Гүлмайдан Сүндетова, Қатимолла Бердіғалиев, Бауыржан Сатыбалдин секілді төл шәкірттері барда сырлы әннің шырқау шыңына шығып, талғамы жоғары талай тыңдарманды жырымен тамсандырып өткен сұлу саздың сұңқары Ғарифолла Құрманғалиевтің есімі жасай береріне сенім мол.
Үміт ЖӘЛЕКЕ