©
Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 74 жыл болса да, сол бір сұрапыл да даңқты күндердің жаңғырығы бізге әлі келіп жатыр. 1941 жылы Маңғыстаудың Шайыр ауылынан майданға аттанып, бүкіл соғыс жолдарынан жаяу атқыш, телефоншы, гаубицалық ауыр артиллерияшы болып өткен, «За освобождение Варшавы», «За взятие Берлина» және басқа медальдармен марапатталған майдангер Іңірбай Байекеевтің 1945 жылы «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталғаны туралы жақында жаңалық келді. Қастерлі бұйрықтың, марапаттау бетшесінің және басқа құжаттардың көшірмесін жеткізуші, алматылық биограф Дәулет Айдарханов Подольскідегі Қорғаныс Министрлігінің Бас Мұрағатындағы №9 шкаф, №1 жәшіктегі жеке іс-қағаздары папкесінде қаһарман жауынгер, ефрейтор туралы басқа да материалдар барын мәлімдеді. №29 Қызыл Жұлдызды артиллерия дивизиясының батарея командирі капитан Гладковтың наградтау парағында Іңірбай Байекеевтің Берлинді, сондай-ақ Познань қаласын, сондағы қорғанды алудағы және басқа жанқиярлық ерліктері, жаралы жауынгер Ильюкевичті бораған оқ өті мен мергендер нысанасы астынан алып шығып, алғашқы медициналық көмек көрсете сала, командование тапсырмасын қалай да орындап шыққаны, бұның сол учаскедегі аса маңызды майдан тағдырын шешуге бірден-бір мүмкіндік туғызғаны жайлы жазылған. Маңғыстаудан майданға аттанғандар ішінде барлық жауынгер «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері екен. Соның бірі – Іңірбай Байекеұлы. Майдангердің ұлы, белгілі ақын, бұрынғы партия қызметкері, идеология маманы Мырзағали Іңірбаев Мір Шайыр әкесінің соғыста басына, аяғына оқ тиіп және құлаған блиндаж астында қалып, бірнеше рет ауыр жаралы болғанын, соғыстан кейін балаларына Қазақ хандығының әскер қолбасшылары, Құдайкенің, Ер Қосайдың ұрпақтары ретінде ел ішінде «бетегеден биік, жусаннан аласа» ұстамды жүруді өсиеттегеніндей, өзі де оқу-тоқуы болғанмен, қатарда еңбек еткенін айтты. Жылдар өте жарақаттар зардабы біліне түскен. Ол 1979 жылдың күзінде дүниеден өткен. Жаңай Тағанның Кавказдан алған Зухра (Зәуре) зайыбынан тараған «жын қашырған Бабай» атанған әулиесінің қызы Ақборық азамат соғысы кездеріндегідей қайта соғар қатерден сақтанғаны ма, қаһарман ұлының бір орденін «керманды жеңіп керемет болмай-ақ қояйық» деп ағаш үй табалдырығының астына көмген. Содан соң майдангер ерлігі туралы ешкім ештеңе айтпаған. Іңірбайдың ағасы Күшікбай соғыста хабарсыз кеткендіктен, мүмкін бұл қарапайым пайым дұрыс деп есептелген шығар. Орденді жауынгердің кемпірі батыр медет Меңдеш Арықбайқызы тыл майданының майталманы, ғұмыр бойы ұжымшар, кеңшарларда егінші, құрылысшы, малшы болып еңбек еткен, қазір 93 жаста, тың, жады мықты, Ақшұқыр ауылында тұрады.Зухра ӘБДІЛ-САТТАР