©
ҚР Энергетика министрлігі "Қаламқас" кен орнындағы апат салдарынан қоршаған ортаның жай-күйі туралы мәліметтерді жариялады. Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, Маңғыстау облыстық экология департаментінің жылжымалы зертханасы мен «Қазгидромет» РМК облыстық филиалы «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ-ның кен орнындағы апат фактісі бойынша тексеру барысында санитарлық қорғау аймағының шекарасында "Қаламқас" кен орнының №8237 ұңғымасының айналасы мен Каспий теңізіндегі атмосфералық ауаның, топырақтың және ілеспе судың сынамаларын іріктеп алды. «Атмосфералық ауаны зертханалық талдау нәтижелері бойынша апат орнында №8237 ұңғыма ауданында келесі заттар бойынша концентрациялары анықталды: көміртек оксиді – 5 ПДК, күйе – 5 ПДК, метан 50 ПДК. Бұл апат нәтижесінде газдың бөлінуімен және оның жануымен байланысты болып отыр», – делінген министрлік мәліметінде. Сонымен қатар кен орнының санитарлық қорғау аймағының шекарасында өлшеу жұмыстары жүргізілген. Зертханалық талдаудың деректері бойынша атмосфералық ауада ластаушы заттардың артуы мен жоғары концентрация анықталмаған. «Апат орнында ілеспе судың сынамасы алынды. Ілеспе суды талдау нәтижелері сульфат тұзының, хлоридтердің, азот тобының және мұнай өнімдерінің жоғары мөлшері анықталды. Бұрын айтылғандай, жер бедерінде мұнай табылған жоқ, №8237 ұңғымадан Каспий теңізінің қорғау бөгетіне дейінгі қашықтық 4,5 шақырымды құрайды, теңізге ілеспе судың түсуі мүмкін емес», – делінген хабарламада. 2019 жылғы наурыздағы Каспий теңізінің теңіз суларының сапасына мониторинг жүргізу нәтижелері бойынша Бозашы түбегі ауданында ПДК-дан артық ластаушы заттар табылмаған. Теңіз суының сынамаларын талдау 29 көрсеткіш бойынша жүргізіліп, оның ішінде басты иондар, биогенді, органикалық заттар және ауыр металдар тексерілген. «Қазіргі уақытта қоршаған ортаға келтірілген залал мөлшері белгіленіп, «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ-ның мердігеріне «Си Бу» инженерлік бұрғылау компаниясы» ЖШС-ға тексеру қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады», – деп хабарлайды Энергетика министрлігі. Еске сала кетейік, 13 наурызда Маңғыстау ауданындағы «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ-ның "Қаламқас" мұнай-газ кен орнында «Си Бу» инженерлік бұрғылау компаниясы» ЖШС №8237 ұңғымасын бұрғылау барысында газ-су қоспасы атқылады. Ал 25 наурыз күні сағат 07.10-да Маңғыстау облыстық ТЖД кезекші-диспетчерлік қызметіне "Қаламқас" кен орнындағы ұңғымадан шыққан газ жанып, биіктігі 10 метрге дейін жалын атқылап тұрғандығы хабарланды.Жайық НАҒЫМАШ