Мақаламызды Елбасының «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деген сөзімен сабақтап, әр адам үшін, ол өзі кейін қайда жүрсе де жүрек түбінде кіндік қаны тамған, балалық балдәурен шағы өскен жеріне деген іңкәрлік сезімі сақталатынын айтудан бастасақ дейміз. Туған жерге деген сүйіспеншілік дегеніміз сайып келгенде өскен жеріңе деген жанашырлық. Маңғыстау өңірінде бұрыннан бар, соңғы кезде қолға жиі алынып жүрген жұмыстардың былайғы жұрт үлгі аларлық тұсы көп. Туған жер туралы толғап бастаған әңгімеміздің арқауы Шетпе селосындағы Жаңаорпа шағынауданы тұрғындарының жұмылған жұдырықтай болып ауыл тазалығына кіріскені туралы болмақ. Шағын ауданның тұрғындары өз күштерімен ауылын ажарлы, көшесін көрікті етуге кірісіп кеткен. Осы ауылдың ауасын жұтып, құмында ойнаған азаматтар бас болған іргелі іске бүгінде бүкіл ауыл тұрғындары атсалысуда. Осы ауылда туып, бүгінде қоныс аударып кеткендер де көмек қолын созуда. Солардың бірі, Ақтау қаласының тұрғыны Сағат Мұңалбаевты ерекше айтып өтуге болады. Ол жүрек қалауымен, туған жерге деген сүйіспеншілігімен осы істің қасынан табылды. Бүгінде ауыл іші бей-берекет жатқан қоқыстардан тазарып, "қазақ ауыл" деп аталатын қасиетті мекеннің жүзіне қан жүгірген. Ауыл тұрғындары қаржы жинап, арнайы техникалары барлар техникамен көмектессе, тепсе темір үзетін жігіттер білек сыбанып, жұмысқа кірісіп кеткен. Көптен бері көңіл бөлінбей қалған шағын ауданды гүлдендіру үшін әлі талай қызметтің басын қайыру керек дейді тұрғындар. Мәселен, тасы өрге домалаған бизнесмен, спортшы болсын, туған жерін ұмытпай, қолынан келгенше жақсылығын жасауға тырысса, туған жерінен жырақ кетсе де ауылдарының күйін күйттеп, ауылдастарының хал-жағдайын жасауға ынталы азаматтар бар деп сенеміз дейді олар. Ендігі кезекте қазақ ауылдан шыққан қазақтың қамқор азаматтары ауылдастарының үніне құлақ асуы қалды. Алдағы уақытта қазақ ауылдың көшелері самаладай жарық болғанын, бүлдіршіндері әдемі алаңда ойнап жүргенін көрейік.
Өз тілшіміз