Әбіш Кекілбайұлы – барлық еңбектерінде қазақ елінің тарихы мен тағдырына тоқталған және тарихты жалықпай көп зерттеген жазушы. Әбіш Кекілбайұлы бүкіл саналы ғұмырын, еселі еңбегін туған халқына арнады. Қазақ әдебиеті мен қазақ тілінің дамуына орасан үлес қосты. Атап айтқанда, заманымыздың заңғар суреткері Әбіш Кекілбаев - исі қазақтың асылы да мақтанышы, өнегесі де тау тұлғасы. Жазушыға берілген атақ - тек қана Әбіш ағаның ғана емес, әдеби майданда қызмет жасап, еңбек етіп жүрген қауымға берілген баға деп айтуға болады. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, сөз өнерінің сардары, қазақ әдебиетінің саңлағы мағыналы ғұмырының мазмұнды шақтарын, өнегелі өмірбаянының өміршең шектерін табиғи талантымен өрнектеген, еңбек жолдарын халқының ғұмырнамасымен өрнектеп берген айтулы дарынның туғанына — биыл 80 жыл. Қоғам және саясат қайраткері, жерлесіміз Ә.Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойын өткізу 2019 жылдың тамыз-қыркүйек айларына жоспарланып отыр. Аңыз адамның 80 жылдық мерейтойын абыроймен атап өту мақсатында ауылымызда үлкен дайындық былтыр басталып кетті. Заңғар жазушының туған жері Онды ауылында мерейтой қарсаңында көптеген жұмыстар жүзеге аспақшы. Атап айтар болсақ, ауылға кіре берістегі 8 шақырым жолға жөндеу жұмысын жүргізу үшін жобалық құны 50 млн. теңгені құрайтын жұмыс биылдан бастау алды. Қазіргі кезде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасына жолданды. Ә.Кекілбайұлының өзі оқыған білім ордасының барлық талаптарға сай болуы үлкен жауапкершілік. Оның назардан тыс қалуы мүмкін емес, осыған орай бұл мектепке жөндеу жұмысын жүргізу, мектеп алдына бюст орнату секілді жұмыстың жобалық құны - 49 млн. теңгені құраса, қазіргі таңда 40 млн. теңгесі қаралса, «Құлыншақ» балабақшасының ағымдағы жөндеу жұмысына 10 млн. теңге бөлінді. Сонымен қатар Ә.Кекілбайұлы атындағы саябаққа жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында 15 млн. теңгеге қазіргі таңда аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне ашық конкурс өткізуге өтінімдер берілді. Онды ауылына кіреберіс жерде орналасқан, бұл ауылға келген адамның ешқайсысы соқпай өтпейтін жазушыны дүниеге әкелген Айсәуле анамыздың атына қойылған «Ай-Ана» мемориалдық кешенін ағымдағы жөндеуге 7 млн. теңге, ауыл әкімдігі ғимаратын жөндеу жұмысына 4 млн. теңге баға ұсыныстарын сұрата отырып, ағымдағы жылдың ақпан айында конкурс жарияланды. Сондай-ақ ауылішілік жаяу жүргіншілер жолын, ардагерлер үйі ғимаратын, орталық демалыс саябағын, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгер жерлестерге арналған - ескерткіш-тақтаны, Ә.Кекілбайұлының туған жері Мырзайыр құдығы басын абат- тандыру және ашық шағын спорт алаңын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жүзеге асады деп жоспарлап отырмыз.
Б.БАЛАПАН, Онды ауылдық округінің әкімі