Ұлтымыздың ұлағатын ұлықтайтын ардагер Нұрша Жамаладдинқызы— өнегелі істің басында жүрген жандардың бірі. Ол алты жылдың бергі жағында наурыз қарсаңында өзінің отбасы тұрған Рзаев көшесіндегі абысын-ажын, келіндерінің басын қосып, мерекенің қасиетті тағамы – «сүмәләк» дайындауды дәстүрге айналдырыпты. - Былай қарағанда, кейбір кісілер «сүмәләк» өзбек, түрікмен, қарақалпақ ұлттарының көктемде әзірлейтін тағамы деп ойлайды. Негізінде бұл тағам — арғы жағына көз жіберсек, жалпы түркі халықтарына, беріден қайырсақ, алты Алашқа ортақ сүйікті тағам, жеңсік астың бір түрі. Көктемнің басында дайындалатын себебі ол дәруменге бай, дәрілік қасиеті мол. «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін» тұсында адам ағзасы өзіне қажет көптеген дәрумендерді «сүмәләктен» алады. Демек, «дала даналары» атанған, асты пайдаланғанда қарын тойғызуды емес, алдымен денсаулығын нығайтуды ойлаған біздің қазаққа бұл тағам жат емес, - дейді Нұрша Жамаладдинқызы. Нұршаның айтуы бойынша Наурыз мерекесі жақындағанда «сүмәләк» тағамын дайындау аса қиын емес. Бөлмедегі астақта бетіне шашылған бидай тұқымына қажетті мөлшерде су сеуіп тұрса, үш күнде «сүмәләк» әзірлеу үшін өнім дайын болады. Биыл Нұршаның бастамасымен көрші абысын-ажын, келіндері - Ажар Молдашқызы, Злиха Ешмұратова, Құндызай Ісенбайқызы, Тамара Өзбекбайқызы, Райхан Орақбайқызы, Әнипа Орынбасарқызы өндірген өнімдерінен бірлесіп «сүмәләк» әзірлеуге кірісті. Бұл үшін олар өнімді келіде үш қайтара түйеді екен. Кем-келсапта түйілген өнімнің сөлі үш рет сығып алынады. Үшінші рет су құйылып, сығылып алынған сөлін қазанға құйып, оған қажетті мөлшерде ұн, тұз қосып, жеті тас салып, бір тәулік бойы бір қалыпта араластырып, қайнатады. Бұл кезде олар екі сағаттан ауысып жұмыс жасайды. Қайнатылған өнімнің қоюлығы тосап деңгейіне жуықтағанда отты өшіріп, қазанның қақпағын жауып, өздері дем алуға кетеді. Ошақ қасында жан баласы қалмайды. Бұл сәт негізінен түннің екінші бөлігіне тұспа-тұс келуі керек. - «Таң атқан кезде барлығымыз келіп, «Биссимиллах» деп қазанның қақпағын ашамыз. Сонда қоңыр түсі тоқшылық танытып, сүт иісі аңқыған қазан толы «сүмәләктің» бетінде бес бармақтың ізін өзім де, қасымдағы келіндерім де сан рет көріп, бұл жұмбақ көріністі жақсылыққа жорып келеміз. Кезінде әжелеріміз «Ой, жарықтық, жарылқайын дегені ғой, пайғамбарымыздың қолының ізі түсіпті» дейтін. Шындығында «сүмәләк» — наурыздың киелі, қасиетті тағамы. Мұның сүттей суын ішкен, өзінен дәм татқан кісілердің ішкі құрылысы тазаланып, ағзасы дәрумендерге байып, күш-қуатқа толады. Түрікмен халқының ұлы ақыны Мақтымқұлы: «Бір қазанда піссе егер астары, жетер күші қопаруға тастарды» деген емес пе? Менің «сүмәләк» әзірлеудің басы-қасында жүруім - көршілердің тілектері мен іс-қимылдары бірігіп, қасиетті тағамның бір қазанда қайнап, көпшіліктің бір дастарханнан дәм татуын сақтауға үлес қоссам деген ойды мақсат еткенім» - дейді Нұрша.
Қартбай НАЗАРҰЛЫ