©
Өмір ағымы арнасынан ауытқыды ма, әлде көп жылдардан бері көктемгі көкорай шалғын көзімізге түспегендіктен бе, әлде жаңбырдың белгісін беретін ақша бұлттар ұйысып, іле шатыр-шұтыр найзағайымен төгіп-төгіп кететін нұр суы басқа әлемге ауып кетті ме, неде болса күнелтіс көзі малға қараған көпшіліктің бүгінгі тірлігі «шықпа, жаным, шықпа». Құдайдың қара жерін тілім-тілім етіп бөліп беру науқаны қызып, кең далада еркін жайылатын малды ризығынан айырып, шекті белгілерден аспауға бұйырылды. Мұнда да баяғыша мал шаруашылығынан мұрнына иіс бармайтын «барып кел, шауып кел» шолақ белсенділердің айы оңынан туып, дегені болып жатыр. Бір нәрсенің жай-жапсарын білгің келіп аузыңды ашсаң, шенеуніктер ләміңді сол бойда ақшаға айналдырып аранын ашады. «Айдаса жаудікі, ысқырса желдікі» деп бұрынғы өткендеріміз де торығып кеткен екен. Соңғы жылдарғы жауын-шашын сиреп, қоныс күлге айналған табиғат таршаңдығы да немқұрайлылыққа маталған басшыны да, қосшыны да сергіте алмауда. Ал нәпақасын малдан айырып отырған жұртшылық жұтаң тірлікке күйінуде. Осындай жағдайда жерді жалға беру үрдісі қалай жүріп жатыр? Соны білдірейін. Бастапқы кезде жер, жалға алушыға су көзінен 3 шақырымнан әріден өлшеніп берілді. Ал қазіргі кезде 300, 400 метрден әрі берілуде. Бұрынғы ретпен берілген қожалықтың жерлерін соңғылар кесіп тастап отыр. Әлі солай жалғаса беретінін «ашық тұрған жер телімі сұрағандарға беріле береді» деп аудандық жер қатынастар бөлімі қызметкері айылын жимастан айтып отыр. Сонда бұл не масқара? Біз мекендеп отырған «Қызық» жерінен 8 шаруа қожалығы жер алған. Оның төртеуі қазіргі кезде шаруа жүргізуде. Төртеуі кейін келер. Қазір мұнда 500 жылқы, 300 қой бар. Болашақта қанша болары беймәлім. Ал енді осыншама малды бір су көзіне топтастырған былық шешімнің көздегені не? Халықты қырылыстырып, содан ләззат алу ма? Мыңғырған малдың шаруасында қандай берекет болмақ? «Мал ашуы, жан ашуы», әрі айда, бері айда орын алады. Оның соңы қақтығысқа ұласады. Арғы жағын өздерің топшылай беріңдер. Бұл жерде келісім, «адамгершілік» айтып көсемсудің қажеті жоқ. Оны малға ұғындыра алмайсың. Оған тек шөп пен су керек. Жер бітіп, су аққалы бір су басында 2 ауылдан, кейде 3 ауылдан отыратын. Соның өзінде тұяқ кестіліктен жер бүлініп қалатын. Өлшем – өлшеммен егіндікке, құрылыс салуға берілсе бір сәрі, мына әрекет малға да, адамға да асқан аяусыздық. Неге бұлай, қателік қайдан, кімнен? Алдына келген қағазға робот та қол қойып береді. Барлық жанды жаратылыстың ең саналысы адам дейміз. Олай болса қай ретте де түйсіну, ұғыну, сезіну адамдық қалыпқа сай келуі керек емес пе? Су мен өрістің арасына сүрлеу салып, жер тоздыратын малды былай қойғанда, бір бөлмедегі бірнеше қызметкердің өзі таршаңдықты уәждеп, кеңдікті қаламай ма? Кейініректен, кеңнен су көздерін ашып, аралық тығыздыққа жол бермей орналастырып, сол арқылы жайылымды тоздырмауға қызметтену басшы азаматтардың абыройын асырмай ма? Бірақ неге олар селқос? Неге қарамағындағы мал-жанға жаны ауыра қызметтенбейді? Тапжылмастан тақ бағып отырғаннан, бір уақыт күн нұрын бойларына сіңіріп, елге шығып, өзекті мәселелердің өрімін түйсе, Аллам берекетін бермес пе еді? Облыс көлемінде жер, табиғат, қоршаған орта, орман–тоғай, экология дейсің бе, қорғаушы аты бар бәленбай мекеме бар. Жер ту таласқа түсіп жатқанда бұлар неге тым-тырс? Тұл тамырымен қопара шауып, жер бетінде қылтан қалдырмауға ант бергендей «шөпшілердің» әрекетін біліп отырса да үнсіз. Сонда да олар нені, кімнен қорғап отырғаны белгісіз. Шөп – Алла тағаланың жан-жануарға арнаған ортақ ризығы. Ал оны кәкесінен қалған мұрадай опыра шауып әкеліп өзімізге сатуы, болмаса біздің алуымыз Құдай алдында күнәмізді арттырады. Есепсіз ештеңе жоқ. Бота – тайлаққа қол орақпен шауып әкелінсе, құба-құп. Әнебір жылы Маңғыстаудың түкпір-түкпірінен шөп шабушы ІІ бригада келіп баяғыдан ту жатқан Байторы, Ұзын, Жалпақ өңірлерін 3 жыл астын үстіне айналдыра талқандап ақша жасап алды да жөндеріне кетті. Есіл Жер-ана беті қан жоса күйде қала берді. Ал жергілікті басылымдар болса, «бәленше бәлен центнер шөп шауып халықты қарық қылып жатыр» деуден жаңылмады. Ал бұл баяғы СССР кезеңінен қалған қазақы дабыра ғой. Қазақ елінің кез келген пұшпағын аман сақтауға қызметтенудің орнына орыс ойынынан әлі бас тартпай жүрміз. Сол уақыттың өзінде өзге жұрттар жер аумағын бүлдірмеген, екпе шөппен үйлестіре білген. Ауыл ор- талықтарынан 20, 25 шақырымға дейін ақтаңдақ, терең сүрлеу. Мал қорек етер ештеңе қалған жоқ. Осыны көре, біле тұра мал өрісін өрт шалғандай күлге айналдыра шаба беруді тоқтататын уақыт болған жоқпа?! Мал шаруашылығы бар қожалықтарды жерге орналастыруы өте-мөте сауатты жүргізілуі тиіс. Өрістің кеңдігі, құнарлылығы, суға сыйымдылығы бәрі ескерілуі керек. Міне, осындай-осындай келеңсіз жағдайлар қолыма қалам алуға мәжбүрледі. Бірақ осы айтылғандарға ақыл-ойын сарп етер азаматтар бар ма екен?Күмісбек НӘРЕШҰЛЫ Ақшымырау әкімдігіне қарасты Қызық елді мекені. Маңғыстау ауданы.