©
Бейнеу ауданында да жыл сайын жүздеген түлектер мектеп бітіріп, өмірге қанат қағып жатады. Олардың арасында мектепті «Алтын белгі» және «Үздік аттестатпен» бітіріп жүргендер де аз емес. Басқаны айтпағанның өзінде, өткен оқу жылында 22 түлек «Алтын белгімен» және 11-і «Үздік аттестатпен» бітіріп, 191 түлек грантпен жоғары оқу орындарына түсті. Әрине, бұл, ауданда білім беру сапасының жақсы екенін көрсетеді. Нақты деректер бойынша ҰБТ-дан жоғары балл жинаған түлектердің көпшілігінің еліміздің маңдайалды оқу орындарына түскендігінен де хабарымыз бар. Десек те, алтыннан алқа тағып, асқақ арманның жетегінде кеткен осындай түлектердің бірқатарының кейінгі кезде алған асулары мен шыққан биіктерінен бейхабармыз. Бұл осы кезге дейін біз секілді тілшілердің сұрастырып, іздемегендігінен де болар, бәлкім?! Сонымен мені «Әй, осы әр жылдарда пәленбай түлек мектепті алтын белгімен бітіріп, жоғары оқу орындарына түсіп жатыр. Олардың алдыңғы легіне біршама жыл болып қалды, оқуды бітірген соң қайда жүр екен?» деген сияқты сансыз сұрақтар мазалап жүргені рас. Бұл менің тілші болғандығымның қызығушылық әсері шығар деп есептеймін. Біз, тілші деген қауым қашанда өзіміздің қара басымызға келіп-кетері болмаса да, жылт еткен жаңалықты жария етуге құмар жандармыз ғой. Сөйтіп ой жетегінде жүріп, облыстық «Маңғыстау» газетінің кезекті бір санын оқып отырғанымда Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің жетістіктері баяндалған мақала көзіме түсе кетті. Оқып отырсам бейнеулік Төремұрат Аралбаев Оңтүстік Кореяның Пусан университетінің грантымен оқуға түскендігі жайлы сөйлем жолдары көзіме оттай басылды. Бейнеудің бір баласының жетістігіне балаша қуанып қалдым. Содан «Жазған құлда жату жоқ» деген сөз бар емес пе? Төремұраттың ата-анасы қайсы ауылда тұратындығын сұрастыра бастадым. Кейін білдім, Боранқұл ауылының тумасы екен. Менің бұл ізденісіме көмектескен аудандық білім беру бөлімінің қызметкері Лизат Тәжиеваға, Боранқұл ауылының әкімі Марат Төреғожинге және Ғалымжанға айтар алғысым шексіз. Сонымен көп ұзатпай, Төремұрат жайлы ақпаратты анасы Назымгүл жеткізіп берді. Сөйтіп мен Төремұраттың Боранқұл ауылында тұратын Аралбай Сарманов ақсақалдың немересі, Зейнола Сармановтың баласы, анасы Назымгүл Жапарова екенін анықтап білдім. Талантты оқушы Төремұрат аталған ауылдағы Боранқұл орта мектебінің табалдырығын 2007 жылы аттап, 9 сыныпқа дейін осы мектепте білім алған. Ол мектепте ұстаздарының сапалы білім беруінің және өзінің оқуға деген ынта-ықыласы мен қызығушылығының нәтижесінде оқуда алда болып жүрген. Бір күні Ақтауда Назарбаев зияткерлік мектебінің ашылғанын естіп, өз білімін сынап көруді ниет етеді. Бұл мектепте оқу - әрбір шәкірттің арманы екендігі де шындық.Содан сәтін салып, екі кезеңнен тұратын мектепке қабылдау емтихандарынан сүрінбей өтіп, арманы жүзеге асқан жас талап тереңдетіп білім беретін Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды. Әрине, бұл, кез-келген оқушының пешенесіне жазылып, қолы жете бермейтін жеңіс еді. Бұған тек қана білім бәсекесінде «мыңнан-тұлпар, жүзден-жүйрік» болып шыққан оқушылар оқитын бірегей білім ордасы. Кіл дарындылар мен талаптылардың жиналған алтын ұясы. Сөйтіп ол осы мектепте 2 жыл үздік оқиды да Оңтүстік Корея республикасының Пусан университетіне оқу үшін емтихан тапсыруға бел буады. Еліміздегі дарынды оқушылардың өз білімін шетелдердің жоғарғы оқу орындарында толықтырып, жалғастыруы үшін Назарбаев зияткерлік мектебі мен PuSan National Univers-пен келісім-шарты бар екен. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Назарбаев зияткерлік мектебінің аттестатымен ағылшын тілінен тапсырған Lelts емтиханының қорытындысы бойынша 5,5 балл сертификатымен ағылшын тілінен эссе,интервью және математикадан сынақтар тапсырып, университетке қабылданып оқып жүр. - Бүгінгі таңда мен Hecnanical Engineering машина құрастыру мамандығынан білім алып жатырмын. Қазір университетте оқып жүргеніме 1,5 жыл болды... Университетке түскеніме қуаныштымын. Алдағы уақытта алған білімімді Қазақстанда қолданып, жұмыс жасаймын деген үміттемін, - дейді Пусан университетінің 2-курс студенті Төремұрат Аралбаев. Осыдан біршама жылдар бұрын Бейнеуден түлеп ұшқан түлектің бірі - Ақмаржан Сабидоллақызы Қасмағанбетова болатын. Ол 2004 жылы Бейнеу лицейін «Алтын белгімен» бітірді. Кезінде мектеп бітіруші түлектердің сындарлы сынағы - ҰБТ-дан 111 балл (ол кезде шекті балл-120) жинап, республика бойынша 100 үздік оқушының қатарынан жарқырап көрініп, ауылдастарының мерейін өсірген еді. Сол жылы арманына қанат байлаған Ақмаржан еліміздің маңдай алды жоғары оқу орны - Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің аймақтану бакалаврі мамандығына мемлекеттік білім грантымен оқуға түсті. Содан соң оқуын әрі қарай жалғастыруды мақсат еткен жас 2009-2010 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» стипендиясына білімімен қол жеткізіп, Аустралияның Сидней университетінде мемлекеттік саясат магистрі мамандығы бойынша білім алды. Бұған қоса, Жапония мен Норвегия елдерінде қысқа мерзімді курстардан өтіп, білімі мен іс-тәжірибесін арттырады. Кәсіби тұрғыдан республикалық тау-кен және тау-металлургия кәсіпорындары ассоциациясында, Қазақстан Республикасындағы Норвегия корольдігінің елшілігінде, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Инвестиция комитетінде және Назарбаев университетінде еңбек етіп, қызмет атқарды. Талантты да талапты жас қай салада жүрсе де өз білімін жетілдіру жолында ізденуден, іс-тәжірибесін толықтыра түсуден танбай келеді. Бұл оның «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген қанатты қағиданы ұстанып, заман ағымына қарай бәсекеге қабілетті болуды түсінгенінің белгісі шығар, сірә. Сонау алыстағы Америкадан біздің сұрағымызға жолдаған ақпаратында Ақмаржан: - ...Қазіргі кезде мен АҚШ-тағы ең үздік 10 жоғары оқу орнының бірі - Дьюк Университетінде (Солтүстік Каролина штаты) академиялық координатор болып қызмет етудемін. Кезең талабына қарай орыс, ағылшын, жапон және француз тілдерін меңгердім, - депті. Міне, осындай талабы таудай талантты ұл-қыздарымыздың киелі Бейнеудің топырағында дүниеге келіп, ата-анасының көз қуанышына айналып, ауылдың атағын шығарып жүргенін мақтанышпен айтсақ, артық емес. Және осындай дарынды жастарымыздан үлгі-өнеге алып, осылардың ізіне еретін бүгінгі мектеп қабырғасындағы шәкірттерден дарынды жастардың шыға беретіне кәміл сенімдеміз. Лайым солай бола бергей!К.БӨКЕНБАЙТЕГІ