©
Мемлекетімізде әлеуметтік қамқорлықты күшейтуге ерекше назар аударылуда. Елімізде жүргізіліп жатқан осы қолдау аясында аз қамтылған көп балалы отбасыларға биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау мен төлеу тәртібінде қандай өзгерістер болады? Осы санаттағы отбасылардың тұрмысын арттырудың тағы қандай мүмкіндіктері жаратылады? Біз бұл мақаламызда аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің берген ақпараттық мәліметтеріне сүйеніп, осы мәселелер жайлы сөз еткелі отырмыз. Көп балалы табысы аз отбасыларды мемлекетіміздің бұрыннан қолдап келе жатқаны баршаға аян. Бүгінгі таңда аудан бойынша отбасының кіріс жиынтығы ең төмен күн көріс деңгейінің 50 пайызынан төмен көп балалы 177 отбасы, яғни 1005 адам атаулы әлеуметтік көмек алып отыр. АӘК тағайындаудың жаңа тұжырымдамасына сәйкес көп балалы аз қамтылған отбасыларға АӘК төлеу тәртібі өзгеріп, көмекпен қамтылушы отбасылардың саны көбейіп, төленетін қаржы көлемі өседі. Баласы көп отбасылардың табысы ең төмен күн көріс деңгейінің 70 пайызынан төмен болған жағдайда (күн көріс деңгейі биылғы жылдың алғашқы тоқсанында Маңғыстау облысында 23749 теңге) атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылады. Алдын ала есептеулерге қарағанда ауданымызда 1118 адам атаулы әлеуметтік көмекті алу мүмкіндігіне ие болады деп жоспарланып отыр. Жаңа тұжырымдама бойынша аз қамтылған отбасылардың балаларына 18 жасқа шыққанға (күндізгі бөлімде оқитын немесе әскер қатарында қызметте жүрсе 23 жасқа) дейін ай сайын 20789 теңге, ал отбасының ересек мүшелеріне жан басына шаққандағы табыс пен кедейлік шегінің айырмасына сәйкес АӘК ақшасы төленеді. Көмек тағайындалатын кезде отбасының жиынтық табысынан көп балалы отбасыларға және «Күміс алқа» мен «Алтын алқа» төсбелгілерімен марапатталған көп балалы аналарға тиісті мемлекеттік жәрдемақылар, сондай-ақ мүгедек балаларға арналған жәрдемақылар, шәкіртақылар алып тасталады. Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау рәсімі сұратылатын құжаттарды оңтайландыру арқылы жеңілдетіледі. Бұл үшін «Е-халық» ақпараттық жүйесі пайдаланылады. Енді АӘК-ке құжат жинақтау үшін көмекке мұқтаж жандардың кеңселердің табалдырықтарын тоздыруы секілді жүйкені жұқартатын орынсыз жүрістері азаяды. Мемлекетімізде аз қамтылған отбасылардың тұрмысын арттыруға арналған атаулы әлеуметтік көмектің аясы кең. Толық емес (әкесі немесе анасы жоқ) көп балалы отбасыларға ерекше назар аударылып, олардың үйде жұмыс істеуіне барынша жағдай жасалады. Ауылдағы көп балалы отбасылар үшін гранттар мен шағын несиелерге қосымша квота бөлінетін болып отыр. Көп балалы аналар, мүгедектер, мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар өзін-өзі жұмыспен қамтуға ықылас танытып, жаңа бизнес бастамақшы болса 500 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант (қайтарымсыз қаржы) беріледі. Биылғы жылдағы шағын несиенің кем дегенде үштен бір бөлігі ауылдық жерлерде тұратын көп балалы отбасылар мен мүгедектігі бар адамдар арасында кәсіпкерлікті дамытуға жоспарланып отыр. Жалпы көп балалы тұрмысы төмен отбасылар жеке істерін бастауға ниет танытып жатса, мемлекет оларды қолдауға дайын. АӘК тағайындау және төлеу тәртібіндегі өзгерістерге мүгедектігі бар балаларға күтім жасайтын отбасыларды әлеуметтік қорғауды күшейту еніп отыр. Мүгедектігі бар балаларға және 18 жастан асқан бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтімді жүзеге асыратын азамат бұрын жәрдемақыға айына 31,1 мың теңге алып жүрген болса, енді 41,6 мың теңге алады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл санаттағы азаматтар кәсіпкерлікпен айналысуға ықылас танытса, мемлекетттік қолдау бар. Мемлекетімізде күн көрісі төмен көп балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау шараларының аясы кеңейіп, көлемі өсті. Бұл негізінен табысы аз көп балалы отбасыларға көмек шараларын шағын және орта бизнес пен кәсіпкерлікті дамытуға ұштастырып, кедейлікті кері серпіп, әрбір отбасының тұрмысын арттыруға жасалған тиімді мүмкіндік.Қартбай ҚОЖАЕВ