Бүгінгі балалар бұрынғыларға ұқсамайды дегенімізбен келіспейтіндер жоқ болар. Мұғалім түгілі, ата-анасының да ырқынан шығып бара жатқан жасөспірімдердің өзара қақтығыстары да баяғы аталары мен әкелерінкіндей емес, іріленіп бара жатқаны шындық. Мәселен, бұрынғы мектеп оқушыларының жанжалдасуы асханаға кезек күтуге немесе сынып бойынша кезекшілікке байланысты, не осы сияқты ұсақ-түйектерден туындайтын-ды. Ал қазіргі балаларымыздың «қозғайтын тақырыптары» ауқымдырақ, яғни, әлеуметтік, гендерлік және ұлтаралық жайттарға қарай ауыса бастады. Қоғамды жайлаған және назар аудартпай қоймайтын бұл жағдайға бала құқығы мен тәрбиесіне қатысы бар мамандар қатты алаңдап отыр. Жақында Ақтау қаласындағы Достық үйінде өңір мұғалімдеріне арналған «Мектеп медиациясы» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының тапсырысымен «Алас» құқықтық қолдау орталығы ұйымдастырған оқыту курсының мақсаты—педагогтарды мектепте, әр түрлі буын және жас шамасы арасында психологиялық климатты жақсартуға ықпал етуге машықтандыру. Бұл облыста төртінші мәрте өтіп тұрған шара. Семинар-тренингті «Ұлттық медиаторлар палатасы» РҚБ-нің тренер медиаторы Владислав Трифонов қызықты жүргізді. Ал оған қатысқан Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен облыс аудандары мектептерінің оқытушылары мен оқу меңгерушілері шара барысында белсенділік танытты. Тыңдаушы ұстаздар медиация қағидаттарымен, оны қолдану салаларымен, медиация процесіне қатысу шарттарымен танысты. Курс соңында барлық қатысушыларға тиісті сертификаттар берілді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="76363,76362,76361"]