«Біз, жас аналар – ата-бабадан қалған салт-дәстүрімізді, дініміз бен тілімізді, ұлттық, құндылықтарымызды ұрпақтан ұрпаққа дәріптеуге бір кісідей атсалысамыз», - деп ұрандатқан жас аналар Түпқараған аудандық форумда бас қосты. Түпқараған ауданы әкімдігі мен жастар ресурстық орталығының біріккен шарасы дәстүрлі түрде осымен төртінші көктемде ұйымдастырылып отыр. Ана қуанышы, әйел қуанышы әр үйдің, отбасының мерейі деп түсінетін ұйымдастырушылар бұл форумға жас көп балалы және «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегер аналарды арнайы шақырды. Бүгінгі мерекені ашып берген аудандық мәслихат хатшысы Айкүміс Досанова ауданның барша аналарын көктемгі мерекемен құттықтап, ел демографиясын көбейтіп, саналы ұрпақ тәрбиелеудегі, отбасының ұйытқысы бола білген қызметтеріне алғысын айтты. Осы шарада жас та болса, көп балалы ана атанған Айнаш Алибаева, Фариза Қарағұлова, Гүлсім Дәуітова, Әйгерім Балғабаева, Меруерт Бекболсинова, Айнұр Қоғабаева, Ақжүніс Көшербаева, Айнұр Медетбаева, Әйгерім Құлсымақова, Кенжегүл Шылымова ерекше марапатқа ие болды. Шара аясында тосын сыйлар жасалып, мерекелік әндер мен тілектер айтылды. – Еліміздің демографиясын көтеруде жас аналарымыздың қосып жатырған үлесінің болуы көңіл қуантарлық. Әйел отбасының жүрегі болса, қоғамның тірегі. Еңбекке араласып, бір ұжымның еңбек майданында сақадай сай сарбаздай қызмет етсе, отбасында да сол қалпын жоғалтпаған. Үйдің де, түздің де бабын таба білген әйел азаматшаларға құрметіміз шексіз. Бүгін тек қана жас көп балалы аналарды емес, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері де ортамызда болып, өздерінің мерекелік тілектерін арнады, кішілерге үлгі бола білді, - деді ұйымдастырушы жастар ресурстық орталығының басшысы Г.Бөлтенова.
Өз тілшімізден