©
Маңғыстауда түрлі жобалар аясында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға өзіндік үлес қосып жүрген Маңғыстау облыстық азаматтық альянсы (МОАА) былтыр «Маңғыстау облысының қоғамдастық мүшелерінің, жергілікті билік органдарымен өзара әрекеттестігін күшейту» жобасын аясында жергілікті мәселелерді шешу және ауыл өмірінің сапасын жақсартуға бағытталған ең үздік тәжірибелер мен бастамаларды анықтау мақсатында «Ең үздік ауылдық бастама» атты байқау өткізіп, ең үздік деп танылған 5 бастама қаржылық қолдауға ие болған еді. Жеңімпаздардың бесеуі де берекелі істің үлгісін көрсетті. Бұл жайында оқырмандарымыз хабардар.
Жақында осынау игі шараға қаржылай қолдау көрсеткен Сорос-Қазақстан Қорының қоғаммен байланыс жөніндегі үйлестірушісі Әйнел Қайназарова журналистермен брифинг өткізді. Шараны ұйымдастырушы МОАА Заңды тұлғалар бірлестігінің (ЗТБ) президенті Жібек Ахметова аталған 5 жобаның жұмысы туралы әңгімеледі. Ал Әйнел Қайназарова Сорос-Қазақстан Қоры жайында ақпарат берді.
Сорос-Қазақстан Қоры (СҚҚ) — «Ашық қоғам» институты тарапынан Қазақстанда ашық қоғам құндылықтарын жылжыту үшін 1995 жылы құрылған үкіметтік емес қайырымдылық қоры. Қор бағдарламалар қызметі аясында теңдік, әділдік, адам құқықтарын сақтау және заң үстемдігі қағидаларын жылжыту, бюджеттің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету, толеранттылықты және азаматтық белсенділікті арттыру мәселелеріне қолдау көрсетеді. Ал осы жолдағы мақсат-міндеттерін жүзеге асыру үшін СҚҚ Ашық қоғам институты (OSI) мен «Ашық қоғам институты» қорынан (FOSI) және басқа донорлық ұйымдардың гранттарын алады. Елімізде жұмыс жүргізе бастағалы бұл қор АИТВ/ЖИТС ауруының алдын алу, шетелде оқуға бағытталған стипендиялық бағдарламалар, дебат, сыни тұрғыдан ойлау бойынша білім беру бағдарламалары, мәдениет пен өнерді қолдау сынды кең ауқымды бағдарламаларды жүзеге асыру үшін шамамен 70 миллионнан астам АҚШ доллары мөлшерінде гранттық қаражат бөлген екен. Қорды қамқоршылар кеңесі басқарады. Оның құрамына елдің беделді қайраткерлері кіреді. Осы кеңестің басшылығымен қор елімізде ашық қоғам құндылықтарын таратып, адам құқықтарын қорғау, мемлекеттік қаржының ашықтығы мен есептілігі, сонымен қатар тәуелсіз БАҚ пен белсенді азаматтық қоғамды дамытуға септігін тигізу бойынша жобаларға қолдау көрсетеді. Бүгінде Сорос-Қазақстан Қоры 4 бағдарлама және 3 бастама аясында жұмыс атқарады. Бұл бағдарламалар — «Адам құқықтары», «Ашықтық және есептілік», «Ақпараттық бағдарлама», «Жаңа азаматтық бастамалар». Ал бастамалар — «Білім беру», «Ашық экономика» және «Қоғамдық саясат». Бұлардың әпқайсысының көздеген мақсаты мен атқаруы тиіс міндеттері бар. Ал гранттарға сұранымды әркім қалауынша, қазақ және орыс тілдерінде жібере алады.
Журналистер сауалдарына жауап берген Әйнел Қайназарова «Ең үздік ауылдық бастама» байқауының жеңімпаздарының табысты жұмыс жүргізіп жатқанын айта келіп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Басқосу «Ренессанс» мейманханасында жалғасып, сұхбат алаңын өтті. Оны кіріспе сөзбен ашқан МОАА ЗТБ президенті Жібек Ахметова басқосудың мақсаты жергілікті өзін-өзі басқару (ЖӨӨБ) механизмдерін, оны тиімді енгізу принциптерін талқылау және енгізу барысында туындайтын мәселелер мен түйіндерді шешу бойынша ұсыныстарды жасақтау екенін айтты.
- Қазақстанның көптеген аймақтарында жергілікті тұрғындардың жергілікті биліктің шешім қабылдау процесіне (ЖӨӨБ) қатысу белсенділігінің төмендігі байқалады. Аталған жағдай ЖӨӨБ толық түсінбеу және бұл жөнінде толық ақпараттанбауына байланысты болуы мүмкін және бұл тұрғындардың өз ауылын дамытып, көркейтуге деген жауапкершілгінің төмендеуіне әкеліп соғуы мүмкін. ЖӨӨБ ауыл әкімдерінің тұрғындармен тығыз серіктестік орнатып, ауыл тұрғындарын шешім қабылдау процесіне белсенді қатыстыруды көздейді, алайда, бұл механизм іс жүзінде көрініс таппай отыр. Осыған орай, барлық мүдделі тараптардың әлеуетін көтеру және тұрғындардың өз ауылын дамыту бойынша белсенді араласу тәжірибесін көрсету қажеттілігі туындайды, - деді ол.
Сондай-ақ Ж.Ахметова «Маңғыстау облыстық Азаматтық Альянсы» ЗТБ алдынғы жылдан бері Сорос-Қазақстан Қорының қаржылай қолдауымен жергілікті билік органдарын, жергілікті қауымдастық мүшелерін және қоғамдық ұйымдарды тарта отырып, жергілікті деңгейде ЖӨӨБ дамытуға бағытталған «Маңғыстау облысының қоғамдастық мүшелерінің, жергілікті билік органдарымен өзара әрекеттестігін күшейту» атты жобасын жүзеге асырып келе жатқанын атап өтті.
- Жергілікті өзін өзі—басқару тұрғындарды өз жауапкершілігімен жергілікті мәселелерді шешуге тартудың маңызды механизмі. Бұл халықтан ақпараттандырылуды және санасының түсінуімен қатысуды талап етеді. ЖӨӨБ реформаларын әрі қарай сәтті жүзеге асыру үшін заңдарды қабылдау ғана емес, сонымен қатар ЖӨӨБ органдарын солармен жұмыс жасауды үйрету де маңызды, - деді Әйнел Қайназарова.
Сұхбат алаңында «Ең үздік ауылдық бастама» байқауының жеңімпаздары өздерінің ұтып алған 150000 теңге грантымен тындырған жұмыстары жайында әңгімелеп, бейнебаянын көрсетті. «Ана мен бала денсаулығы болашақтың бастауы» жобасымен жеңімпаз атанған Сара Көшбаева Маңғыстау ауданының Жыңғылды ауылынан ана мен бала кабинетін ашып, оны қажетті құралдармен, сәбилер үшін ойыншықтармен қамтыған. Бүгінде кабинетке ауылдағы жас келіншектер де, көп балалы әйелдер де жиі келіп, кеңес алып жүр. Кабинет жұмысына барлығы да разы.
Ал Бейнеу ауданының Сарға ауылынан Хамит Жұмашев «Жарық көше» жобасымен түнгі ауылды самаладай жарқыратуға мол септігін тигізген. Жарық өшіп, көше бұрынғы қалпына қата түспеуі үшін жергілікті әкімдік жарыққа жұмсалатын электр қуатының шығынын мекемелерге бөліп тастаған.
Қарақия ауданынан «Дене шынықтыру мен спорт мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірінде» жобасын ұсынып, жеңімпаз атанған Қонысбай Тлеуов бөлінген 150000 теңгеге 2 дана теннис столын, спорт киімдерін және басқа жабдықтар сатып алған.
Жаңаөзенннің Қызылсай ауылынан Күрең Медеуованың «Ауыл орталығындағы саябаққа су жүйесін жүргізу» жобасы да, атауы айтып тұрғандай, ауыл тұрғындарының игілігіне молынан жарады.
Бейнеу ауылынан Набия Айлашованың «Жайдарлы» балалар ойын алаңы» жобасы сұхбат алаңына жиналған ауыл әкімдерін, ауыл кәсіпкерлері мен мемлекеттік органдар өкілдерінің назарын бірден аударды. Ауыл балаларының асыр салып ойнауына қажетті ойын заттарын орнатқан алаң бүлдіршіндердің күн құрғатпай келетін сүйікті орнына айналған. Қаржы жетіңкіремеген жерлеріне отбасы бюджетінен қосқанын да жасырмады. Ал ауылдар әкімдерінің бірі осындай алаң жабдықтау үшін кей кәсіпкерлердің 2-3 миллион теңге сұрағанын да айтып қалды.
Сұхбат алаңына қатысушылар бес жеңімпаздың ауыл жағдайына көмек ретінде берілген аз ақшаны тиімді жұмсап, берекесін арттырған азаматтардың жұмысына ризашылық білдіріп, өз ұсыныстарын ортаға салды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="73081,73079,73080,73078"]