OQYR_MAN: Жаңаөзенде кітапқұмарлар клубы ашылды
[ 2019 ] 22 ақпан, 11:14 | Қоғам
Кітаптың орнын смартфон алмастырған дәуірде жастардың кітап оқуға деген құлшынысы бәсеңсіп қалғаны, тіпті көпшілік жас буынның бүгінде мүлде кітап оқымайтыны жасырын емес. «Жақсы кітап - ақылды адамның әңгімесімен бірдей» деген екен әйгілі Лев Толстой. Кітаптың рухани азық қана емес, түсінген адамға сырлас дос екендігін ұғындыруды мақсат тұтқан жас дизайнер Күнсұлу Кеңшіліктің бастамасымен 16 ақпан күні Жаңаөзендегі @buycool_projects кафесінде «OQYR_MAN» деп аталатын кітапқұмар жандардың клубы ашылды. Жобаға қолдау көрсеткен Жаңаөзен қалалық жастар ресурстық орталығы мен аталған кафе иесі, жас кәсіпкер Талғат Байкулов.
Ашылу салтанатында Жастар ресурстық орталығының директоры Ғани Құрманғалиев: «Жастарымыздың рухани тұрғыда дамуына септігін тигізетін осындай орталықтардың көп болуы қуантарлық жайт. «Наданмен қас болғанша, кітаппен дос бол» деген даналы сөз бар. Ендеше, барлық қала жастарын оқырмандар клубына шақырамын», - деді.
Жас кәсіпкер Талғат Байкулов та жоба авторын құттықтай келе, жастардың тың идеяларын, жарқын бастамаларын әрдайым қолдауға дайын екендігін айтты. Клуб өз жұмысын бастамас бұрын әлеуметтік желіде ең креативті атауға байқау жарияланған болатын. Көптеген ұсыныстар түсіп, нәтижесінде «Oqyr_man» атауы жоба авторының да, көпшіліктің де көңілінен шықты. Ашылу салтанатында К.Кеңшілік идея авторына алғысын білдіріп, сыйлығын берді.
Күнсұлу Кеңшілік: «Кез келген жас клубқа мүше бола алады. Біз қазақ әдебиетінен бастап әлем классикасына дейінгі шығармаларды оқып, жан-жақты талқылаймыз, түсінген-түйгендірімізбен бөлісеміз. Бұл жерде жастар бос уақытын пайдалы өткізіп, жаңа достар табады. Рухани азық алып, білім көкжиектерін кеңейтеді. Бүгін Бақытжан Бұқарбайдың «Күміс кітап» туындысын оқуды бастадық» - деді.
Айжан НАСЫРОВА
1525
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.