Түпқараған ауданында бұрын болған «Заря» кинотеатры өз жұмысын 1999 жылы тоқтатқан еді. Араға 20 жылдай уақыт салып жаңа кинотеатр аудан орталығынан ашылады деп күтілуде. Ендігі ашылатын нысан заманға сай, көрерменіне сапалы дүние ұсына алатын орын болмақ. Ол турасында жоба авторы Данияр Айсаны арнайы сұхбатқа тартқанбыз: - Форт-Шевченко қаласында ашылады деп жоспарланған кинотеатр құны 40 млн теңгені құрайды. 30 млн-дай қаражатты «Нұр Капитал» өңірлік бағдарламасы арқылы алуға жұмыстар жүргізілді. Барлық бағалау құжаттары дайын және негізгі келісімшарт жасақталады деп күтілуде. Содан кейін бұрын кинотеатр болған ғимаратқа жөндеу жұмыстарын бастаймыз. Ол ғимаратты сенімгерлікпен 5 жылға иелікке аламыз. Жақын арада ғана аудан әкімі Айдос Таңғалиұлымен кездескенде халыққа облыс орталықтарына қарағанда арзан баға болуын өзінің ұсынысы ретінде айтқан. Келісілді, ашқан жағдайда облыстағы кинотеатр бағаларынан арзан етеміз. 170 адамға шақталған және барлық қызметкер осы жергілікті жердің адамдары болады деп отырмыз, - деді Д.Айса. Жаңа ашылатын нысанда ең кемі 10 адам жұмыс жасайтынынан да хабардар болдық. - Олардың ішінде кассир, бақылаушы, киномеханик, тазалаушы, сатушы және тағы басқалай жұмысшылар алынатын болады, - деп толықтырды кәсіпкер. Екі мамандықты игерген Данияр Айса «Моноқалаларды көркейту» атты қазақстандық жобаның авторы. 20 жасынан бастап кинотеатрларда қызмет етіп, өзі тұрған Жаңаөзен қаласында жекеменшік кинотеатр ашуды армандаған ол шетелде 2 рет осы бағытта тәжірибе жинап келген. [caption id="attachment_73114" align="aligncenter" width="773"] Сурет әлеуметтік желіден алынған[/caption] – Бірінші кезекте Америкада тәжірибе жинауға мемлекеттік қолдаумен «Моноқалаларды көркейту» жобам бойынша оқып келдім. Екінші кезекте Америкадан шақырту келді, сол бойынша тағы да тәжірибе алмасуға мүмкіндік болды. Елге келіп қызмет көрсетуде жеке іс бастап және оны кинотеатр саласына бағыттадым. Сонымен қатар кинопрокат бағытына да қызмет етемін. «Қаламгер», «Тар заман», «Движение вверх», «Мухаммад: Посланник Бога» атты кинолардың Қазақстандағы бас дистрибьюторы болдым, - деген жас кәсіпкердің бүгінде Жаңаөзен, Ақтау қалаларында қос-қостан кинотеатры бар. Енді біздің Ақкетік және Жезқазған қаласынан ашуға жұмыстар жүргізіп жатқанын айтқан Данияр Лениннің «Егер кітап оқығыңыз келмесе, кино көріңіз» деген сөзін жөн санайды. - Себебі кино халыққа рухани азық беріп қоймай, сол арқылы тарих пен халықтың тұрмыс-тіршілігін көркем әрі шынайы бейнелей алатын бірден бір құрал. Кинотеатр саласынан көп пайда табылады деп айта алмаймын. Бірақ елдің игілігі үшін қажет дүние, уақытында қай жерде де болғаны жақсы, - деп аяқтады сөзін.
Клара ҚАНСҰЛТАНОВА