Әлем елдерінің қалың нөпірінде еліміз шикізат өндіруші ел ретінде ғана сақталып қалмайтындай, еңбек күшін оңтайландыру, ішкі нарықты цифрландыру мәселесі Елбасының тапсырмасымен соңғы жылдарда күн тәртібінен түспей келеді. Осыған дейін «Мемлекет пен бизнес өзара әрекеттесе отырып, кәсіпкерлердің сандық технологияларды елге енгізуіне қолайлы жағдай жасау керек» деп Н.Назарбаев тікелей тапсырма беріп, әр мектепте робото-инженерия сабақтары мен ІТ-технологияларға баулитын үйірмелердің ашылуына мұрындық болған болатын. Міне, Елбасы тапсырмасын жер-жерде тікелей жүзеге асуына атсалысып, биылғы жастар жылы аясында өз арманын жүзеге асырғандардың бірі - Бақытжан Мұхаммед. Бақытжан негізін қалаған робототехника клубының жұмыс жасағанына небәрі бір ай болғанымен, алға қойған арман-мақсаттары ұзақ уақыт пен қарымды қажыр-қайратты талап етеді. Осы салаға бірден топ ете түспеген ол атаулы саланы 6 жылдан аса уақыт зерттеп, барынша талдайды. 2012 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі және «Нұр Отан» ХДП қолдауымен жас талантты, белсенді қазақстандықтар қатарынан елдің басқарушы кадрларын анықтау, іріктеу, дайындау және тәрбиелеуге бағытталған «Жастар кадрлық резерві» жобасына қатысып, грант ұтып алып, Астана қаласында тегін білім алады. Мұнда кейіпкеріміз іскерлік қабілеттерін, ораторлық өнерін дамытып, заманауи көшбасшы жастардың қатарынан көрінуге барын салады. Оқу қорытындысында «Қазақстанда робототехниканы дамыту» деген тақырыпты жоба етіп таңдап, 3 мыңға тарта адам қатысқан сайыс соңында білім-біліктілігін арттырған 35 адамның қатарынан көрінеді. Бақытжанның технологияға деген қызығушылығы мектеп жылдарынан басталған. Ол осы қызығушылығын жоғалтпай, бүгінде оны кәсібіне айналдырып отыр. Бастауыш сыныпты №6 орта мектепте, кейін №7 орта мектепте оқыған Бақытжан Жаңаөзен қалалық мектеп лицейінен орта білімін тәмамдайды. Дарынды жас арманынан бір сәтке де қол үзбей Алматы қаласының Қ.Сәтпаев атындағы университеттің «ақпараттық жүйелер» мамандығына түседі. Студенттік жылдар Бақытжанның білім-біліктілігін шыңдап, қатарластарымен пікірін алмастырып, сынаптай зырғып өте шығады. Қолына дипломын алған жас Алматыда бірнеше ай тәжірибе жинақтап, өзінің туып-өскен Жаңаөзен қаласына оралады. Өзі сияқты ақпараттық технологияларға қызығушылығы бар балаларды баулып, О.Тұрмағанбетұлы атындағы мұнай-газ колледжінде «электронды есептеуіш техникасы» мамандығына оқып жатқан студенттерге сабақ береді. Колледждегі оқытушылығымен тоқталып қалмай, жастар ұйымына басшылық жасап, қаланың қоғамдық жұмысқа белсене араласып, азаматтық ұстанымын танытып жүреді. Лапылдаған оттай жанып тұрған Бақытжанның мінезі, табандылығы жоғарыда айтып кеткеніміздей «Жастар кадрлық резервінен» бір-ақ шығарады. Оқытушылық қызметтегі жылдарында осы жобада бақ сынап, мемлекеттің тиімді саясатын пайдаланып, тегін білім алады. Жобадан жиған білім-білік пен ақыл-парасатын өз қаласында жүзеге асыруды алдына мақсат етеді. Осылайша, 2013 жылы «Cyber Space» қоғамдық бірлестігінің негізін қалайды. Мұнда балаларды технология саласына баулып, қызығушылығы бар 300 баланың басын біріктіреді. Атқарылған жұмыстың тікелей нәтижесі шәкірттері халықаралық, республикалық жарыстарда жүлделі орындардан көрінеді. - Бастапқыда өзім қызмет атқарып жүрген колледждің басшысы Бибінұр Саттарованың қолдауымен оқу орнының акт залында оқытуды бастадым. Алайда жұмыс күндері рұқсат берілмеген соң, сабақтарды тек демалыс күндері өткізетін болдым, - деп сол күндерін еске алады. Жас оқытушының ынталы, қошеметке лайық ісі Оқушылар шығармашылық үйінің басшысы Дәмелі Қожаназарқызының да құлағына жетеді. Ол Бақытжанды жарты айлық мөлшерде жұмысқа шақырып, робототехникамен емін-еркін айналысатын кабинет бөлетіндігін жеткізеді. Іздегенге сұраған демекші, басшылық тарапынан қолдау көрген Бақытжан бұл іске де құлшына кіріседі. Жастық жалынмен қажетті құрал-жабдықтарды да өз ақшасына сатып алып, оқушылардың бойында қызығушылық отын лаулатуға барын салады. Оқушылары да Бақытжанның үмітін ақтап, бірін-бірі сүйреп, қатарлары күн сайын толығады. - Алғаш осы саланы бастағанда облыстық, қалалық әкімдіктен, мұнай мекемелерінен, басқа да салаларда танылған ірі кәсіпкерлік ошақтарынан демеушілік көмек сұрадым. Көп адам түсінбейтін. Бірақ, «Жанарыс» ЖШС-ы қаржылай қолдау білдіріп, шәкірттерімді дебатқа, республикалық робототехника байқауына қатысу шығындарын өз мойнына алып, жомарттық танытты. Сондай-ақ, қала әкімдігі мен қаламыздағы мектепгимназияның басшысы Зина Ноғаева «Робототехника заманауи ғылым» атты қалалық байқаудың өтуіне мұрындық болды. Соңғы жылдары Елбасы Н.Назарбаев өз Жолдауларында цифрландыруға, робототехника саласын дамытуға мән бере бастағаннан кейін, көпшіліктің пікірі өзгерді, - дейді. Күн сайын құбылып, үнемі ізденісті қажет ететін технологиялар заманында ұлттық компаниялар да қалыс қалмай, өз мамандарының біліктілігін арттыруға бел байлайды. 2017 жылы «Өзенмұнайгаз» АҚ-ы мұнайшы жастарды оқытуға тендер жариялап, Бақытжан сол жастарға оқытушылық етеді. Өз жұмыстарын жеңілдету үшін мұнайшы жастар түрлі жобаларды ойластырып жатты. Солардың ішінде Мұрат Ақын деген қызметкері ойында жүрген идеясын тәлімгермен бірге ақылдаса отырып, жасап шығады. «Ақылды тербеуіш құрылғы» деп аталған жоба «Қазмұнайгаз» ҰК ұйымдастырған байқауда 2 орынға ие болады. Бақытжан қол жеткізген бұл жетістіктерімен тоқталып қалмай, өзін дамыту мақсатында облыс орталығы - Ақтау қаласына жол тартады. Сол жерде Тимур Бектұрдың ашқан «Timur Academy» орталығына барып, инструктор қызметін атқарады. - Ол жерде мемлекеттік тапсырыс аясында тегін де, жекелей келгендерді ақылы да оқыттым. Менен білім алғандар қатарында оқушылар, студенттер, мектеп мұғалімдері де болды, - дейді жас ізденуші. Бақытжанның Академияда жүрген кезінде Маңғыстау облысына іссапармен премьер-министр Кәрім Мәсімов пен ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев келеді. Әдеттегідей, басшыларға ең үздік жұмыстар, орталықтар іріктеліп, таныстырылады. Солардың қатарында «Timur Academy» да болып, бұл жерде Бақытжанның шәкірттерімен жасаған жобалары көрсетіледі. Әлеуметтік жобалар құрметті қонақтар тарапынан жоғарғы бағаға ие болады. - Осы шарадан кейін Ақтау қаласында орналасқан Назарбаев мектебіне шақырту алып, жұмысқа орналастым. Атаулы мектепте екі жылға тарта жұмыс жасадым. Мектеп базасында «STEM» деген зертхана бар. Онда жас буынды сайнс технологиясы, инжиниринг, арт, математикаға үйретіп, әртүрлі жобаларды жүзеге асырдық, - дейді кейіпкеріміз. Сол жерде жүріп Бақытжан алғаш МАЭК мекемесінің ұсынысын қабыл алады. Мекемеге қарыз адамдардың санының артуынан үйлердің жарығын спутниктер арқылы сөндіру бойынша жоба жасау жұмысы осылай басталады. Шәкірттерімен бірге тынбай жұмыс жасаған Бақытжанның жобасы МАЭК мекемесінің талаптарына сай деп танылады. Тағы бір жоба көру қабілетінен айырылған азаматтарға тақия жасау болды. Әзір болған тақия соқырлар қоғамына таныстырылып, оң бағасын алады. Қазіргі таңда, осы бағытта Назарбаев мектебінің оқушысы жобалау жұмыстарын жүргізуде. - Қолдың қозғалысы үшін протез де жасадық. Жобамыз халықаралық «Informatics» жобасында 3-ші орын алды. Протездің ерекшелігі хабаршылар, яғни датчиктер арқылы бұлшықеттердің әрқайсысына сигналдар таратып, қолды ашып, жұмуға көмектеседі. Мысалы, жұмғысы келсе бұлшықеттер ісінеді, босатқанда ашылады. Бұл жоба бастамасы ғана. Бұл да Назарбаев мектебіндегі шәкірттерімізбен бірігіп жасаған жобаларымыздың бірі. Жобаны дамыта келе саусақтарды қозғалтуға болатын жүйе ойлап табуға болады. Ол үшін әрі қарай жұмыс жасау керек, - дейді. Расында бүгінгі күнде жаңа технологиялар адам өмірінің кез-келген саласына дендеп кірген. Өзіміз үйде жоқта, түрлі функцияларды орындай алатын смарт-хаустар да естіген құлаққа үйреншікті болып келеді. Бақытжан сол жобалардың отандық үлгілерін қалыптастыру жолында тер төгуде. Ол шәкірттерімен бірге жоғарыда аталғандардан басқа, өздігімен гүл суаратын, әртүрлі автоматтандыру, смарт-хаус (үйді қалта телефоны арқылы басқару, есік-терезелерін ашып жабу, жарықты өшіп-сөндіру) т.б. жобаларды жүзеге асырады. Түрлі салаларда еңбек етіп, тәжірибе жинақтаған Бақытжан бүгінгі таңда өз ісін ашу мақсатында Жаңаөзен қаласына қайта оралып, «RoboCode» атты жеке ісін бастады. - Менің жұмысымда қаржылай пайда мен адамға тигізетін пайда қатар жүреді. Ынтасы, қызығушылығы бар жас жеткіншектерді технология жасауға баулып, олардың болашағына қажетті маман даярлап, соны жалғастыруға мүмкіндік беру менің басты мақсатым. Кейбір балалар жобаларына жетік болса да, таныстыруға келгенде толық жеткізе алмайды, - деген ол ораторлық сабақтар да қатар жүретіндігін алға тартты. Қандай кәсіп болса да, оңайлықпен басталмайтынын білетін Бақытжан жұмыс жоспарын толыққанды құрып қойған. Оның есептеуінше, 1 топта 6 баладан асып оқытылмайды. 1 сағаттан аптасына 3 рет. Клубқа 5 жастан асқан, яғни әріп таныған балалар қатыса алады. Олар жас шамасына қарай топқа бөліп оқытылады. Ал, келем деуші ниеттілер болса жас шамасына шектеу жоқ. Студенттер, жұмысшылар да оқуына болады. - Қазіргі таңда дүние жүзінде ең бай адамдар ІТ технологиясында жүрген тұлғалар. Мысалы, Билл Гейтс, Стив Джобс, Илон Маск программалау арқылы әлемге аты танылды. Осы саланы дамыту арқылы біздің елімізде де жаңа қажетті технологияларды шығаруға болады. Осы себепті де аталмыш саланы дамытқан жөн деп қолға алдым, - дейді ойымен бөлісіп. Клубта балалар инженерлікке, робот құрастыруға, математикаға үйреніп, логикамен жұмыс жасайды. Клуб ақылы болғанымен, бір үйден екі-үш бала оқыса немесе балалардың отбасындағы әлеуметтік жағдай төмен болса, жеңілдіктер жасау қарастырылған. Клубта білім алып жатқан 40-қа тарта баланың ішінде екі бала тегін білім алуда. Бақытжанның жанында студенті Гауһар Құсайынова қолғабыс жасап, шәкірттерге жол нұсқайды. - Мен осы саланы танып-біліп бастағанымда неге мемлекет дамытпайды, неге қаржылай көмек көрсетпейді, мүмкіншіліктер қарастырмайды деген ойда жүрдім. Неге Япония, Корея, Америка дамуы керек деген өзімнен емес, өзгеден іс-әрекет күтетін ойлар болатын. «Жастар кадрлық резерві» жобасы осындай негативті ойларымды жойып, пікірімді өзгертті. Қалаға келген соң осы саланы өзім байқап көрейін деген тұжырымға келдім. Осыдан кейін нені болса да өзіңнен бастау керек екенін түсіндім, - дейді ойын түйіп. Елбасы тапсырмасымен биылғы жыл Бақытжан сияқты өзінің өмірден орнын ойып алып, елім маған не береді деп емес, мен еліме не бере аламын деп ой түйген жастардың құрметіне аталғандығы қуантады. «Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, жас таланттардың робототехника саласындағы алғашқы тұсауларын кесіп, бағыт-бағдар көрсетіп келе жатқан азаматтың ісі құптарлыққа да, мақтарлыққа да лайық. Ләйім, еліміздің ертеңгі көкжиегі осындай жаңа тұлғалардың есіміне толса дейміз.
Жазира АҚБЕРГЕНОВА