Сенек ауылында су қоймасы салынып, Аққұдық газбен қамтылады
[ 2019 ] 15 ақпан, 07:44 | Қоғам
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың Қарақия ауданына сапары Құрықта ашылған көлік жөндеу және техникалық қызмет көрсету орталығынан басталды.
Орта және шағын кәсіпкерлікті қолдауға арналған "Нұр капитал" өңірлік бағдарламасы арқылы бір пайызбен 12 миллион теңге несие алған "К.К.Теміртасов" жеке кәсіпкерлігі жүзеге асырған бұл орталық көлікті жөндеу, техникалық қызмет көрсету, көлік жуу сияқты қызметтер көрсетеді.
- Кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы аясында несие алып, өз ісімді бастадым. Аудан және облыс әкімдігі жобамды қолдады. Жалпы ғимарат пен сервистік орталыққа отыз миллиондай қаражат жұмсалды. Негізгі мақсатымыз - жүк көлігі мен жеңіл автокөліктерге техникалық қызмет көрсету. Алдағы уақытта кәсібімізді кеңейтіп, қонақ үй, тамақтандыру орнын ашуды жоспарлап отырмыз, - дейді кәсіпкер Серік Теміртасов.
Қазір 12 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жаңа орталықтың жағдайымен танысқан Ералы Лұқпанұлы мемлекеттік маңызы бар жол бойына және Құрық порты қатарлы ірі өндірістік аумаққа мұндай қызметтің қажет екендігін айтты. Сондай-ақ кешікпей Құрық-Жетібай тас жолы да жаңартылып салынатындықтан орталыққа келушілер қарасы үзілмейтінін айтып, кәсіпкерге сәттілік тіледі.
Айта кетейік, «Нұр капитал» өңірлік кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы бойынша бүгінде Қарақия ауданынан төрт кәсіпкер жеңілдетілген несие алған. Атап айтсақ, жеке кәсіпкер Е.Есенқосов диагностикалық-реабилитациялық емдеу кабинетін ашу үшін 5287 000, жеке кәсіпкер А. Кубеева көлік жөндеуге арналған құрылғылар сатып алу үшін 15 000 000, жеке кәсіпкер Идикешов жол бойында сервистік орталық ашу үшін 20 000 000 тг несие алып, өз кәсібін бастауда.
Бұдан соң облыс әкімі Е.Тоғжанов Құрықта биыл ашылған спорт залға барды. Екі ауысымда жүздей баланы спорттық жаттығумен қамтитын спорт залды Құрық ауылының тумасы Бердіхожа Боранбаев ауданның 45 жылдығына орай өз қаржысына салып берген болатын. Жаңа ғимаратта жас шеберлер облыс және аудан басшылығына өз өнерлерін көрсетіп, ағаларынан қолтаңба алды.
Бұдан соң жұмыс тобы аудандық мәдениет үйінің фойесінде орналасқан кәсіпкерлер көрмесін тамашалап, отандық өнімдердің сапасымен танысты.
Атқарылған шаруа аз емес, алдағы міндет одан да көп
Қарақия ауданының әкімі Қыдырберді Бековтің 2018 жылы атқарған жұмыстары туралы халық алдындағы есебіне Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов және оның орынбасарлары мен жауапты басқарма басшылары, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, аудан тұрғындары мен ардагерлер қауымы қатысты. Айта кетейік, аудан әкімінің есептік баяндамасы аудандық "Қарақия" газетінде және Қарақия ауданы әкімдігінің сайтында жарияланған.
Қарақия ауданы әкімінің есептік кездесуінде Құрық ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер әрі жалғызбасты ана Махаббат Кисманова өз кәсібін жүргізіп отырған жиhаз дүкеніне үкіметтің көмегімен газ құбырын қосып беруді сұраса, Валия Өтешова да тігін шеберханасына газ құбырын тартуға үкіметтің көмектесуін сұрады. Ал Құрыққа жақын орналасқан карьер ауылының тұрғыны Гүлбану Аймуханова карьер ауылындағы аз ғана тұрғын үйге газ қосылса деген ұсынысын айтты.
Бұл сұрақтар бойынша аймақ басшысы, аудандық және облыстық газ аймақ басшылығына әуелі сол жерге барып, жағдаймен көзбе-көз танысқан соң заңды мүмкіндігіне қарай мәселені шешуге тапсырма берді. Ал ауыл тұрғыны Әлқуат Бексариев зейнеткерлік жасқа бес ай ғана қалғанда «Ерсай» компаниясы себепсіз жұмыстан босатқанын айтып шағымданды.
Аудан әкімі бұл мәселе бойынша инвестициялық компанияларға бірнеше рет ескертіліп айтылғанын жеткізді. Егер жұмыстан қысқарту шарасы алынса, ең бірінші басқа өңірлерден келген адамдардан бастап, мүмкіндігінше жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту керектігін ескертті. Сондай-ақ Айдана Көшбаева атты тұрғын Жолшы массив көшесінде интернет желісінің дұрыс жұмыс жасамайтындығын алға тартса, Гүлғайша Махмудова, көп балалы ана А.Байғожиналар тұрғын үй кезегінде тұрғандарын айта келе, кезегі бойынша баспана беруді сұрады.
Құрық өнер мектебінің ұстазы әрі ата-анасы Айгүл Кідіралиева өнер мектебіне арнайы ғимарат салып беруді сұрады. Бұл сұрақ бойынша аудан әкімі Қ.Беков өнер мектебін салу үшін жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, бюджетке ұсыныс берілгенін айтты.
Аппақ ауылының тұрғыны ауылдағы «Нұрлы көш» бағдарламасы арқылы салынған тұрғын үйлердің ипотекасын төлеуге кейбір оралман азаматтардың жағдайы сын көтермейтіндіктен үкіметтен жеңілдік жасалуын сұрады. Сондай-ақ өз кәсібін дөңгелетіп, жүзім өсіру үшін, шаруашылық жүргізу мақсатында жер беруді сұрады. Бұл сұраққа аймақ басшысы нақты мақсатта шаруашылық жүргізетін кәсіпкер болса, «Нұр капитал» өңірлік жобасы бойынша қолдау көрсететіндігін білдірді. Бұдан соң Әсемгүл Мергенбаеваның жоғарыда орналасқан 5 шағынаудан жаққа балабақша салынса, деген сауалына аудан басшысы, жалпы ауданда балабақшамен қамту 99,7 пайыз орындалған. Алайда ауыл ішілік қашықтыққа байланысты сұранысқа сай, кәсіпкерлердің жеке меншік балабақша салуына болатындығын жеткізді. Халық бар жерде тұрмыстық қажеттілік, сұрақтар болары орынды. Жиында ешбір сұрақ жауапсыз қалған жоқ.
Жиынды аймақ басшысы қорытындылап, аудан әкімінің атқарған жұмыстарына оң баға берді. Сондай-ақ ауыл ардагерлері сөз кезегін алып, ауданның әлеуметтік, экономикалық бағытта атқарған істері ұшан-теңіз екенін атап, «қанағаттанарлық» деген баға беріп, алдағы атқарар істеріне сәттілік тіледі. Өзін «Елбасының құрдасымын» деп таныстырған ақсақал облыс және аудан көшін бастап жүрген әкімдерге ақ бата беріп, ағынан жарылды. Ал аймақ басшысы Ералы Тоғжанов бастаған облыс және аудан активінің Қарақиядағы жұмыс сапары бұдан әрі Сенек ауылында жалғасуда.
Сенекте спорт мектебі мен су қоймасы салынады
Сенекте спорт мектебі мен су қоймасы салынса, Аққұдық көптен күткен көгілдір отынмен қамтылатын болды.
Тау бөктеріндегі құмды өлкені мекен еткен Сенек ауылы құрылғалы биыл елу жыл болыпты. «Елу жылда – ел жаңа» дегендей, бүгінгі ауылдың ахуалы қандай? Ауыл тұрғындарымен кездесіп, мән-жайды біле барған облыс әкімі Ералы Тоғжанов бастаған жұмыс тобының сапары – жаңадан салынып жатқан спорт мектебінің құрылыс алаңынан басталды. Бүгінде жалпы аумағының 60-70 пайызы қаланып үлгерген құрылысты инвесторлық «НКОК» компаниясы салып жатыр. Ауыл тұрғындарының неше жылғы ұсынысын ескерген өңір басшылары, Сенек ауылына спорт залын салып беру міндетін осы компанияға жүктеген болатын. Жасөспірімдердің салауатты өмір сүріп, бос уақытын тиімді пайдалануы үшін игі іс атқарып жатқан құрылысшылардың жұмысымен танысқан соң өңір басшысы ауылда салынып жатқан екінші нысан су сақтау қоймасына барды. Табиғаты қатал, мал шаруашылығымен айналысатын ауылға бұл су қоймасы ауадай қажет екені белгілі жағдай.
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="72335,72336,72444"]
Ауылдың сыртқы ажарымен танысқан аймақ басшысы бастаған топ Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесіп, халықтың мұң-мұқтажын тыңдады. Ауыл тұрғыны А.Базылбековтың:
- Ауылдың мал жайылатын өрісі - ауыл іргесіндегі таудың үсті. Ауыл малдары сол таудан шығып, қайта сол таудан түсіп келеді. Қазір қыс мезгілінде ірі қара малдарға таудан түсуі қиын. Мұз болады. Соған арнайы техникалар әкеліп таудан жол салып беруіңізді сұраймыз. Сондай-ақ субсидиямен несие алып, мал тұқымын асылдандырсақ, - деген сауалына облыс басшысы бұл ұсынысты «ОзенМұнайГаз» мекемесінен техникалар сұратып, жол салу мәселесін қарастыратынын айтты. Ал, облыстық ауыл шарушылығы басқармасының басшысы:
- Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында арнайы малды асылдандыратын инспекция бар. Соған келіп кұжаттарыңызды тапсырсаңыздар болады, - деп жауап берді. Сондай-ақ М.Әбилхасовтың ауылдың 50 жылдық мерекесіне орай ауылішілік жолдардың жөнделіп ретке келуін сұраған өтініші де ескеріліп, жолды қалыпқа келтіру үшін қаражат бөлінетіндігі айтылды.
Сенекке қарасты Аққұдық ауылының тұрғыны Ә.Қызметовтың «Аққұдыққа газ құбырын жүргізіп берсеңіз» деген сұрағы бойынша облыс әкімі Аққұдық ауылына газ құбыры емес, үлкен ыдыс орнатып, тасымал газ арқылы ауылды газдандыратынын жеткізді. Мұндай ыдыс арқылы отыздай үйді газбен қамтуға болатынын ескерсек, Аққұдық ауылындағы отбасының саны да сол отыз үйден аспайтын көрінеді. Осылайша Аққұдық ауылы көптен күткен көгілдір отынмен қамтылатын болды.
Тағы да Аққұдық ауылының тұрғыны Ж. Өсербаевтың онкологиялық аурумен ауыратын анасы үшін үкіметтен тұрғын үй берілуін сұраған сауалына қазір ондай жағдайда мемлекеттен жеңілдік қарастырылмағаны, отбасына, ауру адамға басқадай тиесілі көмек көрсетілетіндігі жөнінде айтылды.
Сондай-ақ бірінші топтағы мүгедек Е.Абдуллаевтың жолдасына жұмыс сұраған өтініші қанағаттандырылып, жолдасы 1 наурыздан бастап жұмысқа шығатын болды. Ауыл тұрғындарының арызын арқалап, талабын орындай келген аймақ басшысының Қарақия ауданындағы бір күнгі сапары міне, осындай. Атқарылған шаруалар да аз емес, ал, алдағы міндет одан да көп!
Шынар КЕНДІН
1300
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.