«Суды орынсыз төгіп-шашып жатқан жандарды көргенде жүрегім ауырады. Бұл – менің өмірімде ауған соғысынан қалған із. Су қадірін шөлдеген біледі. Адам бір тамшы суға зар болып қатты шөлдегенде көз алды тұманданып, ес-түсін білмейді екен», – деп әңгіме бастады кезекті бір тұшыту зауытындағы жөндеу жұмысы арасындағы демалыс сәтінде «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС жөндеу зауытының 7-разрядты жөндеуші слесарі, ауған соғысының ардагері Бердімұрат Тайболатов "Бірде төрт тәулік бойы тосқауылда сусыз отырдық. Шілденің кезі, күн ыстық. Төменде таудан құлай аққан дарияның дауысы құлаққа жетіп жатыр, бірақ оған бару мүмкін емес, біз қорғап тұрған маңызды төбені қалай да алғысы келген душман мергендерінің оғынан сеспей қатарың сөзсіз. Әуеден арнайы резеңке бурдюкпен су тастауға вертолеттер келеді, бірақ зеленкадан (қышлақ) оларды атқылап, қонуға да, біз тұрған төбеге жақындауға да мүмкіндік бермейді. Азғантай ғана суымыз қалды, оны взвод командирі Королев әбден естен танар шаққа жеткенімізде бір ұрттатады, сонымен аузымызды шәйіп қақырыққа айналғанша жұтпай ұстаймыз. Төртінші тәулікте бес-алты вертолет ұшып келіп зеленканы атқылап душмандардың назарын өзіне аударып, бір вертолет келіп үстімізден бурдюкпен су лақтырып кетті. Әлі күнге дейін шөлдеген сәтімде сол күндер есіме түседі". Иә, ауған соғысы талай боздақтарды жастай қыршынынан қиып, арамызда жүрген сол соғысқа барған азаматтардың қай-қайсысының да өмірінде өшпестей із қалдырғаны сөзсіз. Бердімұрат Тайболатов түрікмен елінің оңтүстік қиырындағы Кушка қаласында теміржолшылар отбасында дүниеге келген. Әке жолын қуып Ашхабадтағы теміржол техникумында оқып жүріп әскер қатарына шақырылды. Ауған соғысы басталған кездегідей емес, ақпаратты жасырып бүкпей-ақ бұларды алдын ала ескертіп сол соғысқа даярлық жұмыстары төрт-бес ай бойы Телетар деген таулы аймақта жүргізілді. Әскери бөлімнің штаб бастығы Кеңес Одағының батыры, майор Плосконос даярлықтан өтіп жатқан жауынгерлерді жинап алып соғыс тактикаларын жақсы меңгеруге, оның ертең соғысқа кіргенде өмірлерін сақтауға көп септігін тигізетіндігін баса айтып үнемі әкелік қамқорлығын көрсетумен болған. 1984 жылдың наурыз айында дайындықтан өткен 64 жауынгер ауған еліне аттандырылады. Бердімұрат Пәкістан бетіндегі Джалалабад облысына қарасты Нангархад провинциясындағы Александр Невский атындағы 66-жаяу әскер дивизиясына жіберілді. Ол алғашқы кезде жаяу әскердің соғыс көлігінде (БМП) автоматты граната атқылаушы (АГС) пулемет расчетында жүріп, арада төрт-бес ай өткенде минаға түсіп қаза тапқан аға механиктің орнын басады, командирдің машинасының жүргізушісі боп он БМП-ға басшылық жасайды. Соғыс кезі. Күн сайын қарбалас әскери өмір, тоқтаусыз әскери операциялар, елді мекендерге, әскери бөлімдерге азық-түлік, оқ-дәрі, әскери техника мен жанармайлар тасымалдаған колонналарды қорғау т.б. әрекеттермен өтіп жатты. 1985 жылдың жазы Ауғанстанда өте қымқуыт оқиғаларға толы болды. Елдің көптеген провинцияларында соғыс қимылдары кеңінен етек алды. Ауған соғысы тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі кеңестік 40-армияның Панджшер шатқалындағы операциясы 1985 жылы шілде айының орта кезінде Руха пунктінде қоныс тепкен Ахмад шах Масуд отрядтарының Пишгор мен Бахарбак арасын жалғайтын жолды бақылауында ұстап отырған Пишгор гарнизонын басып алу оқиғасынан кейін басталды. Операция бір жарым айға созылды. Осы операциялар кезінде БМП-ның аға механигі Тайболатов Бердімұраттың машинасы минаға түсіп жарықшақпен жараланады. Сол оқиға туралы ол былай деп еске алады: «Дивизиямыз шоғырланған Нангархад провинциясының бір шетінде, 280 шақырым жерде Асадабад елді мекенінде біздің бригаданың шағын бөлімшесі орналасқанды. Бұрын да ол жерге бірнеше рет қатынағанбыз. Бұл сапарда азық-түлік, жанармай апаратын колоннаны қорғап жүруіміз керек болды. Біз 3-батальонның 9-ротасы құрамындамыз. Менің көлігімде экипажымыздан басқа бес-алты жаяу әскер және Ташкенттегі госпитальда жарақатынан емделіп бөлімшесіне оралып келе жатырған тағы бір солдат болды. Сол Асадабадқа 18 шақырым жетпей жолда таудан аққан бұлақ болатын, суы қара мұздай, ішкенде шекеңнен шығады. Адам әлде бір түйсікпен алда өзін күткен қауіпті сезеді-ау деймін, менің де жолға шығар алдында «апырым-ай, мен бүгін сол бұлақтың суынан дәм тата алар ма екенмін» деген бір ой басымда қылаң берген. Соғыста минаның түр-түрі болады, олардың біреулері үстінен бірінші салмақ түскен кезде жарылып жатса, фугас миналары бірден жарылмай, өзіне түскен салмақтың емес, қысымның әсерінен жарылады және өте қуатты жарылыс болады. Алдымызда жетінші, сегізінші роталар өткенде жарылмаған мина колоннаның соңғы легінде келе жатқан біздің БМП өткен кезде жарылды. Жарылыстың қуатылығы сондай, БМП-ның мұнарасы ұшып кетті, менің автоматым екіге бөлінген, бір бөлігін таба алмадық, өзім желкемнен жарықшақ кіріп жараландым, екі құлағымнан қан кетіп естімей қалдым. Оператор мен әлгі бөлімшесіне қайтып келе жатқан жігіт жарақат алды. Сол жерден үшеумізді вертолетпен госпитальға алып кетті, онда бір ай емделдім». Бердімұрат ауған соғысындағы ерлігі үшін «За боевые заслуги» медалімен марапатталған. Оған жауынгерлік награда Пәкістанмен шекарадағы Нұристан провинциясында жүргізілген атышулы «Черная гора» операциясы кезіндегі ерлік қимылы үшін берілді. «Черная гора» операциясы туралы соғыс ардагері былай деп еске алады: «Нуристан» провинциясында ауғандардың атауын аударғанда «Черная гора» деп аталатын тау сілемі бар. Сол жердегі осындай атауға ие болған операция түнгі сағат 2-де басталып душмандармен арадағы атыс бес сағаттан астам уақытқа созылды. Біздің бөлімше өзіне бекітілген тапсырма бойынша әскер бөлімдерінің қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін төбені ұстап тұруға тиіс болды. Қарсы жақ біздің қорғанысымызды бұзып маңызды нүктені басып алуға бар күшін салып бақты. Сол күнгі түн көзге түртсе көргісіз қараңғы еді. Мен осы ұрыс кезінде АГС пулемет расчетінде болдым. Біздің расчет ұрыс барысында жауынгерлерге өте жақсы қолдау көрсетіп жеңіске жол ашты. Өзіміз де біраз жауынгерлерден айырылдық, взвод командиріміз қолынан ауыр жарақат алды, оны оқ астынан алып шықпақшы болған көмекшісі сержант қаза тапты. Түнгі ұрыс кезінде ол төбе қолданқолға өткен кездері де болып, бір кездері душмандар арамызға кіріп те кетті. Сондай бір сәтте қаза тапқан сержанттың денесін қалқалап аман қалуыма тура келді. Сол түні жан алысып жан беріскен ұрыста позицияны бермей сақтап қалдық. Таң ата вертолеттер келіп душмандарды кейін шегінуге мәжбүр етті. Бердімұрат 1989 жылы бабакүлдігі Маңғыстауға қоныс аударып, темір жол және мұнай салаларында еңбек етті. Қазіргі кезде Бердімұрат Тайболатов «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-ға қарасты жөндеу зауытында жетінші разрядты жөндеушіслесарь болып істейді. Еңбек ұжымында, әріптестері арасында абыройсыз емес. Қоғам өміріне де белсене араласады. Ол – Мұнайлы ауданындағы ауған соғысына қатысқан 190 мүшесі бар интернационалдық жауынгерлердің «Жауынгерлік туыстық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Бұл қоғамдық бірлестік жастарға патриоттық тәрбие беруді, жағдайсыз отбасыларында өсіп келе жатырған жастарға, жетім балаларға қамқорлық жасап, оларды әскер қатарына дайындау міндеттерін өзінің абыройлы борышы санайды. «Жауынгерлік туыстық» қоғамы атынан Президентке, ҚР Қорғаныс министрлігіне хат жазып ауған соғысында есімі аңызға айналған «қара майор» Борис Дүкенұлы Керімбаевтың, қаза болған маңғыстаулық сегіз жауынгердің есімдерін Каспий әскери флотилиясының кемелеріне беру туралы шешімнің қабылдануында да Бердімұрат басқарған бірлестіктің қолтаңбасы бар. «Жағдайымыз жақсы, кәсіпорын мен зауыт басшылығы тарапынан да үнемі қолдау көріп отырамыз. Ең бастысы еліміз тыныш, аспанымыз ашық болсын, балаларымыз соғыс өртін көрмесе екен деп тілеймін!», – дейді ұрыс даласының сойқанын көріп келген майдангер.
Қолғанат НҰРЖАУБАЙҰЛЫ