Бейнеуде Кеңес әскері шектеулі контингентінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай «Жеңіс» аллеясына гүл шоқтары қойылды. Мәңгілік алауға аудан әкімдігі мен мәслихаты және Ауғанстан жерінде әскери борышын өтеген Ауған соғысының ардагерлері, сондай-ақ 2087 әскери бөлім мен 99116 әскери бөлім, аудан жастары интернационалист ардагерлеріміздің құрметіне гүл шоқтарын қойды. Жиналған көпшілік Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді 1 минут үнсіздікпен еске алды. Аудан әкімі Бейнеубек Көңілімқосұлы Әбілов мерекелік лебізін білдіріп, елімізге тыныштық пен бейбітшілік, береке мен бірлік тіледі. Өз сөз кезегінде ауданымыздағы Ауған соғысы ардагерлерінің төрағасы Шайхы Азанов «Жарты әлемді дүр сілкіндірген зұлмат соғыс енді ешқашан қайтып келмей, келер ұрпағымыз аман, жұртымыз тыныш болсын» - деген ақжарма, жүрекжарды лебізін білдірді. Кеңес одағы әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған шарада 2087 әскери бөлімі арнайы дайындаған қойылымын ұсынды. «Абыл» мәдениет үйінде салтанатты жиынмен ұласып, жиында аудан әкімі Ауған соғысы ардагерлеріне «Алғыс хат» табыс етті. Салтанатты жиын соңы аудан өнерпаздарының әзірлеген мерекелік көнцертімен жалғасын тапты. Жалынды жылдарда от кешкен, ажалмен тура беттескен сол бір кезеңдегі Ауған соғысы қаншама жылдар өтсе де интернационалист-жауынгерлердің мәңгі есінде.
Үміт ҚАЗДАЕВА