©
Тұмаш ағасы Бисенбаймен бірге 1959 жылы Түрікменстаннан атамекені Бейнеу жері Сам құмына көшіп келді. Ол кезде Самда Маңғыстау ауданының жиырмадан астам колхоздары мал ұстады. Бисенбай мен Тұмаш Ленин колхозының бір үйір жылқысын бақты, еңбекте абыройлы болды, малына мал, басына бас қосылды. Түрікменстаннан көшерде онжылдықты бітірген Тұмаш бірге оқыған жолдастарымен хабарласып, жоғары білім алуды мақсат етті. Колхоз төрағасы Ерғали Төлесіновтің кеңесімен Ашхабадқа оқуға аттанды. Ашхабад ауыл шаруашылық институтында оқу орыс және түрікмен тілінде жүруі ауыл баласына оңай болмады. Дегенмен, оқысам, білсем екен деген таудай талап оны тек оқуда ғана емес, институттың қоғамдық жұмысында да алда болуға мүмкіндік берді. Оқуды спортпен ұштастырып, ол жеңіл атлетикадан республикалық біріншілікте чемпион болды. Институтты үздік дипломмен аяқтаған Тұмаш Ауданбаев мал дәрігерлік мамандық алып, елге оралды. Ленин атындағы колхоздың бас мал дәрігері болып жұмысқа жүрді. Жұмыс орны Сам құмы, Тұрыш мекеніндегі мал дәрігерлік пункт еді. Бір жылдан кейін өзі Ашхабадта жүріп танысқан, уәде байласқан Түрікмен университетінің түлегі Нұрила Құлмановамен отау құрды. Нұрила қазақ мектептеріне орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді, үлгілі ұстаз, жанұяның ұйытқысы, ағаларының сүйікті келіні болды. 1969 жылы Маңғыстау ауданының Самдағы фермалары «Маңғыстау» совхозы болып ұйымдасты. Тұмаш осында мал дәрігері болды. Тұмаштың өмір университетінде ысылып, мол тәжірибе жинауына шаруашылық басшысы Таушан Қорбақов, бас зоотехник Сисен Абдрахманов, облыстың бас мал дәрігері Михаил Шухмахер, ауданның бас мал дәрігері Жомарт Нұрлаев сияқты азаматтар жолбасшы болды. Әсіресе Михаил Шухмахердің қамқорлығын Тұмаш ешқашан да ұмытпайды. Жұмыста да, тұрмыста да ол Тұмаштың әкесіндей қамқоршы болды. 1973 жылы Маңғыстау дербес облыс болып құрылғанда «Маңғыстау» кеңшарынан енші алған Сам совхозына Тұмаш бас мал дәрігер болып барды. Жаңа шаруашылықтың директоры Қуаныш Ғыйлымов өз мамандығы бойынша бай тәжірибе жинақтаған Тұмашты өзіне жақын тартты, партия қатарына өтуге өзі кепілдеме берді, өзіне бірінші орынбасар етіп жоғарылатты. Келешегінен үлкен үміт күттіретін маманды көп кешікпей аудандық партия комитеті жұмысқа шақырды, 1977-79 жылдары Бейнеу аудандық партия комитетінде ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы болып жұмыс істеді. Ал облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылық бөлімінде істегені оған облыс көлеміндегі жағдаймен танысуына, саяси жағынан одан әрі шыңдала түсуіне көмегі болды. Сол кездегі түйген қағидасы ауылда да, қалада да алда тұрған экономикалық міндеттерді адамдарға тұрмыстық жағдай туғызу, әлеуметтік мәселелерді шешу арқылы орындауға болатыны еді. Жас маманның іскерлік қабілетін байқаған басшылар оған жауаптырақ жұмыс тапсыру қажет деп шешті. Обкомның бірінші хатшысы Ауданбаевты шақырып алып: «Облыстық партия комитетінде істеген аз уақыт ішінде өзінің іскерлік қабілетіңді көрсеттің, біз сізді өзің істеген Сам совхозына директор етіп жібергелі отырмыз. Сенімді ақтайды деп ойлаймыз», – деді. Осылайша Тұмаш Ауданбаев Сам совхозына директор болып оралды. Ол басшы болған жылдары малдың өрісі мен санының өсуіне орай жайылыстарды ұлғайту, су көздерін табу, жаңа қоныстарды игеру қажет болды. Малды қонды етіп бағып одан төлді де, өнімді де көп алу басты міндетке айналды. Шаруашылық жылдан-жылға жоғары көрсеткіштерге жете берді. 1983 жылы кеңшар бойынша әр жүз саулықтан 129-дан қозы алынып, облыс бойынша бірінші орынға шықты. «Сам» кеңшары екі рет республикалық жарыстың жеңімпазы болды. Ауылдың әлеуметтік жағдайы да директордың назарында болды. Совхоз орталығы Жанкелдин селосында шалғайдағы малшы балалары үшін интернат үйі салынды. Ауыл орталығында мәдениет үйі тұрғызылды, революция сарбазы Әліби Жанкелдинге ескерткіш орнатылды. Трактор, автомашина жөндейтін шеберхана, қаракөл елтірісін баптайтын цех жұмыс істеді. Ауданда бұрынғыдай ұжымдық шаруашылықтар жоқ. Төрт кеңшар жекешеленгенде сіңірген еңбектеріне орай әркім өз үлестерін алған болатын, солардың қазір ауданда жүзден астам шаруа қожалықтары жұмыс істейді, малдың дені жекенің қолында, яғни малдың өсіп-өнуі, саулығы, тұқымын жетілдіру, басын көбейту енді солардың өздеріне байланысты. «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» дегендей, ауыл тұрғындары нарық заңына да үйреніп қалды. Солардың бірі болып Тұмаштың ағасы Бисенбай да өз қарауындағы малымен «Нұрлан» шаруа қожалығын, құрып, атамекені «Қызыл жұлдызда» отырып қалды. «Түстік ғұмырың болса күндік мал жи» деген халықтың дана ақылына сүйенген бұрыннан еңбекқорлығымен атағы шыққан Бисенбай мынау нарық кезінде де шаруасын үйлестіріп алды. Жұбайы, батыр ана Несібелі екеуі балаларына көмекші, қамқоршы болып, біреуді екеу етуге көмектесіп жүр. Жасы сексенге келсе де әлі өзін ширақ сезінеді. Өздеріне жетерлік төрт түлікке сай малдың бәрі бар. Табиғатынан мінезі жұмсақ, адал жар бола білген Нұрила апам отбасының әдеп-салтын бұзбай, Тұмекеңді алға ұстап, аға-ініден тараған ұл-қыздарды бір отбасында 20-ға жуық бала тәрбиеледі, үйдегі балабақша меңгерушісі атанды, немерелерін көрді, ағайын-туыстарымен үлкен сыйластықта болды. Өткен 1980 жылдардың орта аяқ кезеңінде Ауданбай кәкемізбен бірге туған туыстары Тұмекеңді пана тұтып, Сам совхозына келіп, қоныстана бастады. Ол кезде де күнкөрісі нашар жанұялар болды. Тұмекең тумаластарын жылы жүзбен қарсы алып, Күшік, Қаржаубай, Қошқарбайларының ел қатарына қосылып, азамат болып жетілуіне тәлім-тәрбие беріп, азамат қатарына қосты. Ал апам Нұрила өз балаларымен қатар Қаржаубай, Қошқарбай т.б. қайныларына аналық мейіріммен қарап, бар-жоғын ауыздарына тосып, жанұя құрып кетуіне қамқорлық жасап отырды. Ауданбаевтар шаңырағын жоғары ту етіп ұстады, әттең, өмірден ерте кетті. Нұрила апам екеуі жеті бала тәрбиелеп өсірді. Балаларының бәрі де өз орындарын тапты. Тұмекең мен Нұрила апамның тәрбиелеп өсірген ұл-қыздары бір-бір үйдің түтінін түзу түтетіп, әр салада беделді, сыйлы, танымал тұлға ретінде танылып келді. Шөл даладағы құмның ортасында тұрған ауылға су, газ тартып, жасыл желекке орап, сахарадағы уазисти гүлдендірді. XXI ғасырда әлі күнге дейін от жағып, суды тасып отырған ауылдар мен тіпті шағын қалалардың барын ескерсек, Тұмекеңнің бұл еңбегін нағыз ерлік деп айтар едім. Тұмаш, Тұмекеңнің еңбек жолын айтпағанның өзінде балуандық жолы, яғни қазіргі қалыптасқан терминмен айтар болсақ, спорттық жолы тек өсу, өрлеу, чемпион, шебер атанумен жалғасып мақтау қағаздары, төс белгілер, медальдармен айшықталады екен. Ашхабадтағы ауыл шаруашылығы институтында оқып жүрген жылдары еркін және түрікменше күрестен үш рет Түрікменстан чемпионы және спорттың осы саласы бойынша республика ұлттық құрамасының мүшесі болған. Ол бұл атақтарды аудан, қала, облыс, республика, содан соң бүкілодақтың намысын қорғау жолында еткен еңбектері мен төккен маңдай терлерінің нәтижесінде алғандығы айдан анық.Рысбай ДҮЙСЕНҰЛЫ, мұражай саласының ардагері