Кеше Маңғыстау облыстық қоғамдық кеңестің отырысында облыс әкімі Ералы Тоғжановтың «Маңғыстау облысының 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының мақсатты индикаторларының орындалуы туралы» есебі тыңдалды. - Тұтастай алғанда өңірдің әлеуметтік экономикалық жағдайын сипаттайтын барлық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. Облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындары қолданыстағы бағада 2947,9 млилиард теңгеге өнім өндірді. Өнеркәсіптік өнімнің нақты көлем индексі (НКИ) 100,4% құрады. Тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі НКИ 100,1% құрап (саланың жалпы көлемдегі үлесі–87,5%), 2581,3 миллиард теңгеге өнім өндірілді. Мұнай өндіру көлемі өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 0,4%-ға артып, 18,0 миллион тоннаны құрады. Табиғи газды өндіру көлемі 0,7%-ға ұлғайды және 3,1 млрд.текше метр құрады. Өңдеу өнеркәсібіндегі (саланың үлесі–7,7%) өндіру көлемі 12%-ға артып, 228,4 миллиард теңгені құрады, - деген Ералы Лұқпанұлы әр салаға арнайы тоқталды. Кеңес отырысында қаралған екінші мәселе бойынша Маңғыстау облыстық мәслихатының хатшысы Серікбай Трұмов мәслихат жұмысы жайында баяндады. Оның айтуынша, былтыр мәслихаттың жеті сессиясы өтсе, оның үшеуі кезектен тыс. Сессияларда барлығ жүзден астам мәселелер қаралған. Мәслихат депутаттары аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық қолдау көрсету, «Мектепке жол» акцияларына белсенді қатысады. Сондай-ақ Серікбай Өтелгенұлы наурыз айынан қоғамдық кеңестің жаңа құрамы жұмыс бастайтынын жеткізді. Отырыста қаралған үшінші мәселе облыстық қоғамдық кеңестің 2018 жылғы қызметінің есебіне арналды. Қоғамдық кеңес төрағасы Сағың Қырымқұлов есепті мерзім ішінде жалпы 49 отырыс өткенін айтты. Оның ішінде: мемлекеттік органдарынан келіп түскен 82 нормативтік құқықтық актілерді талқылауға байланысты 32 отырыс өткізіліп, барлығына да тиісті шешімдер қабылданып, тиісті орындарға жолданды. 5 рет қоғамдық тыңдау, 4 рет төралқа отырысы және 8 рет кеңес пен оның тұрақты комиссияларының отырыстары өткізіліп, оларда өңірдегі экономикалық-әлеуметтік мәселелер, қолданыстағы заңнамалық құжаттар мен Елбасы тапсырмаларының уәкілетті және атқару органдарында орындалу барысы тыңдалды, тиісті ұсынымдар қабылданды. - Олардан басқа, қоғамдық кеңестің азаматтарды қабылдау кестесіне сай, 185 адам қабылданып, өтінішпен келген азаматтардың көтерген мәселелерін қанағаттандыру бағытында сараптама жасау, жұмыс тобын құру сияқты әдіспен жұмыстар ұйымдастырылып, кейбіріне заңгерлік кеңестер берілді. 2018 жылы Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» заңын жетілдіру мақсатында өзгерістер енгізу үшін кеңес мүшелері өз ұсыныстарын жинақтап, Қоғамдық даму министрлігіне жолдады, - деген Сағын Ерқасұлы жыл бойы атқарылған істердің әрқайсысына тоқталып, нәтижелеріне назар аударды. Сондай-ақ ол Маңғыстау облысы қоғамдық кеңесінің бұрынғы мүшелеріне атқарған қызметтері, қосқан құнды ұсыныстары, көрсеткен белсенділіктері үшін алғыс айтты. Қоғамдық кеңес мүшелері өздерінің ұсыныстарын ортаға салып, тыңдалған есепті баяндамаларды мақұлдады.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="72378,72380,72379,72376,72377"]