Ақтауда ауған соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетілді
[ 2019 ] 15 ақпан, 12:37 | Қоғам
«Абай» атындағы сауықтыру-демалыс кешенінде Кеңес әскерінің Ауғанстан шекарасынан шығарылғанына 30 жыл толуына байланысты салтанатты жиын өтті.
Бейбіт күнде мыңдаған жастың өмірін қиып, 10 жыл бойы халықты үрейге бөлеп, жазықсыз жандардың жүрегін жаралаған Ауған соғысында жүздеген қазақстандықтар да құрбан болды. 1986 жылғы ақпанында өткен съезде М.Горбачев Кеңес әскерін бөлім-бөлімімен ауған жерінен шығару жөнінде шешім қабылдап, 1989 жылдың 14 ақпанында соңғы әскери техника ауған жерінен шығарылды.
Ақтау қаласы әкімі Ғалымжан Ниязов Сұлтан Тоқмамбет, Әли Ниязбаев, Меңдеш Салихов, Бітім Кезбаев, Александр Шелухов, Сәтбай Құлсариев, Мақсұт Маңғыбай, Нұркен Қаражанов, Амандық Жаңаев, Амангелді Өтегенов т.б. бір топ ауған ардагерлерін Алғыс хатпен және «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына - 30 жыл» төсбелгісімен марапаттады.
Жиында Ақтау қаласы әкімі Ғалымжан Мұқырұлы құттықтау сөз алып:
- Құрметті Ауған соғысы ардагерлері! Марапаттарыңыз құтты болсын! Бүгінгі күнді мереке деп атау да қиын, себебі таңертеңнен бері «Жеңіс аллеясына» барып, Ауғанстанда азаматтық әскери борышын өтеп жүріп, дұшмандар қолынан қаза тапқан маңғыстаулық бауырларымызға ескерткіш гүл шоқтарын қойдық. Міне, енді 40 жыл бұрын Ауған жеріне барып, ерлік көрсеткен, сол жерде майданда болған азаматтарды еске алып, салтанатты жиынымызды ашып, арамыздағы ардагерлерге төсбелгі тапсырып отырмыз. Сіздермен осындай салтанатты жиын үстінде қауышып отырғанымызға қуаныштымыз. Ел аман, жұрт тыныш болсын! Әрқашан қазақстандық жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге атсалысып, құрметке бөленіп жүре беріңіздер! -деді.
Одан соң ауған ардагерлері атынан Меңдеш Салихов ардагерлерді атаулы күнмен құттықтап, ауғандық әріптестеріне денсаулық тілеп, қиын күндерді бастан өткізген азаматтардың есімін жас ұрпақ әрқашан ұмытпауға тиістігін айтты. Жиынға қатысушыларды Ахмет Молдабаев, Виталий Малышкин, Қалдымырза Берішбаев, Сәлімжан Әлиев, Қуанбай Бектұров т.б. қан майданда қаза тапқан жерлестерімізді үнсіздікпен еске алуға шақырды. Сол кездегі биліктің бұйрығымен Ауғанда әскери борышын өтеген қазақстандықтардың өз міндетін абыроймен атқарып, ардагер атанып отырғанын, оларға әрдайым құрмет көрсету керектігін ескертті.
Үміт ЖӘЛЕКЕ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="72446,72445,72453,72449,72450,72455,72451,72454"]
1545
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.