1979-1989 жылдар аралығында болған ауған соғысына Қазақстаннан 22000 адам қатысып, олардың 761-і қаза тауып, 21 адам хабарсыз кеткен. Бүгінгі таңда қазақ елінде 10000-ға жуық ауған ардагерлері бар. Олардың 3000-дайы мүгедектер қатарында. Соғысты еске алу жыл өткен сайын жастар арасында азайып бара жатыр, тіпті бұл соғыс турасын білмейтін жан қаншама дерсіз?! Ендеше, бүгінгі әңгіме дәл осы соғыс туралы көзкөргеннен болсын... Маған әңгімесін баяндап берген Ауған соғысының ардагері қаламыздың тумасы Сағат Бермағанбетов соғыстағы жылдарын былайша еске алды: - 18 жастағы мен әскери комиссариаттан өтерде әскерге емес, соғысқа кету үшін өтіп тұрғанымды білмедім де. Бірақ соғысқа кетесің дегенді естігенде, жастығымнан болар, қорқыныштан гөрі мақтаныш сезімі басым болды. Осылайша, 1987 жылы 11 қарашада таңғы 6-лар шамасында Өзен әскери комиссариатынан жинап, Ақтауға алып кетті. Маңғышлақтан пойызға отырып, ұзақ жол жүрдік. Содан үш күн дегенде Түрікменстан еліне жетіп, сол жерде 3 ай дайындықта болдық. Танк командирі, механик жүргізуші, мергендеп атушы, оқтаушы деген бағыттар бойынша дайындады. Мен механик, танк жүргізушісінде оқыдым. Дайындық мерзімі толық аяқталған соң таңғы 3 жарымда дабыл қағылып, қағазға «өз еркіммен» деген сөзді жаздыртып алып, соғысқа алып кетті, - деді. Осылайша «өз еріктерімен» соғысқа аттанған жас жігіттерді Өзбекстан мен Ауған шекарасында орналасқан Термезге әкеледі. Ұшақтан түсе салысымен түтіннің, оқтың ортасына тап болған жауынгерлер үйренген бағыттары бойынша жан-жаққа жіберіледі. 100 шақты жауынгер «Құндыз» атты полкке ұйымдастырылып, Сағат аға мен үш қаруласына «Т-62, 035» танктері тапсырылады. - Бір күні мынадай бір оқиға болды. Біздің бекет жолымен әрбір сақшылар жасағына оқ, дәрі-дәрмек, тамақ таситын тізбек жүретін. Сол тізбекті душмандардан (ауғандық моджахедтер) қорғау мақсатында блок жасайтынбыз, яғни жолдың шетіндегі жерді қазып, танкінің үстін шөппен жауып жасыратынбыз. Бір тұрғанда 45 күн тұратын кездеріміз де болған. Сонымен, бір күні дабыл қағылып, блокқа тұруға кетіп бара жатқанымызда орта жолда танкіміз бұзылып, шынжыры үзіліп, тұрдық та қалдық. Уақыт та аз қалды, барлық танкілер орнына барып, атуға дайындалып жатыр. Ал, мен отырған танк кақ ортада әлі мелшиіп тұр. Бізден басқалары діттеген орынға әлдақашан жетіп алған. Жарты сағаттың ішінде танкіні жөндеп болмасақ, бізді ата беруге рұқсат болатын. Күн болса тас төбеден, шаңқиып, шыжытып тұр. Танк тізбегі қол ұстатар емес, күйіп кеткен, жанға батып барады. Ал, миымды өлім, белгілі уақытта жөндей алмасам, өлік денем жататыны секілді ойлар толтырып, мазалайды. Көз алдыма елестетіп, есеңгіреп қала бердім. Бір уақытта есімді жиып, танк ішінде маталарды қолыма орап, тізбекті орнына салуға бар күшімді салдым. 18 жасар өрімдей жастың тілегін Жаратқан қабыл еткен болар, тізбек орнына түсіп, міндетті жерімізге уақытында жетіп үлгердік. Бір сәтте бәрі оңынан түскеніне таң қалдым, өмір мен өлімнің ортасындағы жанталас түс көргендей өте шықты, - дейді Сағат аға. Ия, өмірде не күтіп тұрғанын білмейсің. Өмірдің қиындықтарында жанталасып келіп, бір мезетте беріле салуың мүмкін, көп нәрсе күтіп аз алып, аз күтіп, көп нәрсеге ие болуың да әбден мүмкін. Өмір мен өлімнің арасындағы бірнеше сағаттарда, бірнеше минуттарда, тіпті бірнеше секундтарда не өзгеріп, не жағдайлар орын алатынан да бейхабар боласың. Сол себепті, Сағат аға секілді барлық қолдан келер шараны жасап, бірден беріле салуға болмас. - Мен соғыстың соңғы жылдарына тап болыппын. Бұл соғыс өткен ғасырдың 79 жылы басталған еді. Жалындап тұрған жаспыз, көп нәрсенің байыбына бара бермейміз, өзімізден лауазымы жоғары әскерилерден «Ауғанстанның жері керек болса неге бәрін талқандап, басып алмаймыз?» деп сұрақ қоятынбыз. Сонда олар «Олай жасауға болмайды. Бізден көмек сұрағанда және қарсылық танытқанда ғана мұндай әрекетке көшеміз» дейтін, - дейді. Содан не керек, 1989 жылы соғыс аяқталып, техника мен қару-жарақтар шығарылады. Аталған дүниелер 11 күн бойы Кеңес әскерлерімен Тәжікстан астанасы Душанбеге дейін жеткізіледі. Ауған жерінен шығарда жауынгерлерге: «Душанбенің шетінен палатка құрып қойдық, 3 күн бойы той болады, концерт тамашалайсыңдар, үстеріңіздегі лас киімдерді тастап, жуынып-шайынып жаңа киімдерді киетін боласыңдар, сол үшін мақсатты жерге тезірек жетейік», - деген уәждер айтылады. Осы сөздерден кейін әбден үсті-басы шаң басқан, қажыған жауынгерлер көңілі көтеріліп, айтылған жерге жеткенше асығады. Жеткен кездерінде уәде еткендей құрулы палатканы көреді, бірақ мұнда жауынгерлерді күткен той емес, дәрігерлер болып шығады. - 5 укол салғаннан кейін ұйықтап кетіппіз. Қысқасы, үш күн бойы тұрмастан ұйықтаған екенбіз. Ауған жерінде шешек т.б. жұқпалы аурулар тарап жатқан. Сол ауруларға қарсы салынған екпе екен. Жарқын сәттерді армандатып, тойлайсыңдар деп асықтырып қойғаны осы болды, - дейді ардагер бір кез езуіне күлкі үйіріліп. Аман-сау еліне оралған Сағат аға бүгінде бейбіт елде өмір сүріп жатқанына мың да бір шүкір етеді. Биыл осы соғыстың аяқталып, Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толып отыр. Ақпанның 15-і күні барша ауғандық ардагерлер қаруларстарын еске алып, құран бағыштайды. Бұл олардың жылдағы дәстүрі. - Меніңше, соғыстың әділі жоқ. Жоғарыдан бұйрық түссе, оған бағынбауға болмайды. Біз де берілген бұйрықты орындадық. Ауған соғысына қатысушы ретінде ол соғысты әділетті немесе әділетсіз деп айта алмаймын. Тек бір айтарым, бүгінгі тыныштық заманымызды бағалайық. Бүгінгі қоғам бейбітшілік пен берекенің қадірін білу керек. Одан асқан бақыт жоқ. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету қанымыздан келе жатқан қасиет. Осы қасиетімізді жоғалтып алмайықшы, - деген ардагер ағамыз әңгімесін аяқтады. Расында да, соғысты көзбен көріп, сезінбесек те Сағат ағаның айтқандарынан кейін «тыныш, бейбіт елде өмір сүргенге не жетсін?» деген ойға келдім. Соғысты көрген батырларымыздың сезімін түсініп, өзімізді олардың орнына койып көру мүмкін емес, әрине. Дегенмен, біздегі басты міндет - азат күнімізді бағалап, тәуелсіздігіміздің қадірін білу емес пе?!
Темірлан БЕРІК, Сүгір Бегендікұлы атындағы мектептің 9 сынып оқушысы