Биылғы жастар жылымен қатар Кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толып отыр. Осыған орай, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын басшылыққа ала отырып «Мұнайшы» мәдениет үйінде Ауған соғысы ардагерлерімен қала жастарының арасында «Ұлы дала ұрпақтарының сабақтастығы» атты патриоттық форум ұйымдастырылды. Форумға Ауған соғысының ардагерлері, қала әкімінің міндетін атқарушы Ғалым Байжанов, мекеме басшылары, ұстаздар қауымы мен жастар қатысты. Ауған жеріндегі сұрапыл соғысты суреттеген бейнероликтен соң, Ғалым Байжанов ардагерлерді құттықтап, олардың әскери борышын өтеу кезіндегі мінсіз қызметі мен ел ертеңі жас ұрпақты тәрбиелеуде қосып жүрген өлшеусіз еңбектері үшін алғысын айтты. Бірқатар ардагер қала әкімінің атынан Алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Жаңаөзен қалалық Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәтбай Құлсариев қала әкімдігіне, форумды ұйымдастырушы жастарға ризашылығын білдірді. «Ауған соғысы ардагерлер кеңесі қаланың қоғамдық өміріне белсенді араласып жүр. Көптеген іс-шаралар ұйымдастырылады. Қала жастарымен бірлікте қайырымдылық, тазалық, көгалдандыру жұмыстарын үнемі өткіземіз. Биылғы жылға да жоспарларымыз аз емес», - деді. Форум соңы «Мұнайшы» мәдениет үйі өнерпаздарының мерекелік концертімен қорытындыланды. Алтын Сағындықова, «Жетісаз» триосы, Жанар Нұрмұханова, Ғабит Бермағанбетов, «Хан», «Керуен» топтарының орындауындағы патриоттық әндер жиылған жұрттың рухын көтерсе, Өркен Түйебаев пен Қуаныш Аманжоловтың күй тартысы бір серпілтіп тастады.
Өз тілшіміз