«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қ.Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық кітапханасында Ш.Есенов атындағы университеттің педагогика факультеті, биология кафедрасының аға оқытушысы Жантөре Мамаеваның аударуымен марқұм ғалым Амантаған Бегжановтың «Көмілген арналар, көшкен жұрттар» тарихи-деректі кітабы «Туған жер» кіші бағдарламасы бойынша таныстырылды. «Үш қиян» баспасынан жарық көрген еңбегінде автор солтүстік-батыс түрікмен жерін мекендеген тарихи тұлғалар туралы деректер жинап, кітапты жазу барысында Ашхабад, Москва, Санкт-Петербург, Ставрополь қалаларының мұрағаттарын ақтарып, көмілген арналарды аршып, көшкен жұрттар шежіресін шертуге көп еңбек сіңірген. - Өзінің туған жерінде қандай халықтар өмір сүргенін білсін, «Маңғыстауға жеті жұрт келіп кетті» деген сөз бар, соның бірі түрікмен халқы. Оның ішінде Машырық қажы, Бектұрлы ишан, Қожанепес секілді зайырлы, халық сыйлаған тұлғалар, оқымысты ғұламалар, қайырымды адамдар өмір сүрген. Жастар оқысын, білсін деген мақсатпен аударғанмын. Колледж оқушылары осы кітап деректерін пайдаланып, ғылыми жұмыстар қорғап жатыр екен, мен соған қуанып тұрмын. Машырық қажы Ақшұқырда туған, сол жерде өмір сүрген. Құдығы бар, бақша салып, мектеп ашып ауылдастарын рухани жаңалыққа бағыттаған. Кітапта айтылатын тағы бір тарихи тұлға Бектұрлы ишан - Бекет атамызбен бірге оқыған, халық сүйіспеншілігіне бөленген адам. Қызылқұм деген жерге жерленген, жерасты мешіті болыпты. Қазір жойылып кеткенмен тас белгісі бар. Сол жерге әлі күнге дейін Түрікменстаннан адамдар, ұрпақтары келіп, басына түнеп кетеді. Маңғыстау тарихынан құнды мағлұмат беретін бұл кітапта жергілікті ел аузында аты аңызға айналған Ерсары қайрағы, Мәмбетсапа т.б. адамдар туралы деректер бар, - дейді аудармашы Жантөре Мамаева. Таныстырылым барысында кітап туралы «Болашақ» колледжінің зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген филолог-ғалым Жанбибі Дүйсенбаева дәріс беретін студенттер және Қызылтөбе лицейінің 5-сынып оқушысы Кәусар Байрамкул (мұғалімі Г.Дәрменова), Жантөре Жәкішқызының шәкірті Сандуғаш бейнеслайдтармен әңгімелеп берді. Сонымен қатар кешке қатысушыларға музыкалық шашу ретінде № 24 мектеп оқушысы Сымбат Кенжебай Сыпыра жыраудың «Тоқсанға келіп топ жардым», Өнер мектебінің ұстаздары мен оқушылары Шұғыла Амантайқызы, Мейрамбек Қазиханұлының орындауында Құрманғазының «Балбырауын», «Төремұрат» күйлері орындалды.
Үміт ЖӘЛЕКЕ