Ақтауда «Ашық есік күні» өтті. Жалпыхалықтық шараға Маңғыстау облысының барлық басқарма, департамент басшылары, сонымен қатар Ақтау қаласының барлық сала мамандары қатысып, тұрғындардың көкейкесті сұрақтарын тыңдады. Таңғы сағат 10-нан кешкі 19-ге дейін жалғасқан шарада 1025 адам қамтылды. «Ашық есік күнінің» мән-маңызы туралы Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Өркен Бисақаев айтып берді. «Ашық есік» күні халықтың көкейтесті мәселелерін шешуге, тыңдауға арналып отыр. Бүгінгі шарада әр адамға жеке-жеке қажетті кеңес, көмектер беріледі. Кез келген тұрғын өзін қызықтырған, толғандырған сұрақтарын қоя алады. Шарада аймақтағы, қаладағы әрбір тұрғынды тыңдауға, мәселесін шешуге көмектесуге жіті көңіл бөлінеді», - дейді Ө.Бисақаев. «Ашық есік» күні аясында облыс, қала әкімдерінің орынбасарлары, басқарма, бөлім басшылары тұрғындардың арыздарын қабылдап, талап-тілектерін тыңдады. Шарада ең көп сауал коммуналдық төлемдер, газ, электр энергиясына қатысты қойылды. Бұған қатысты "МАЭК", ТҮКШ, «АльянсЭнергоСнаб-Актау» мекемесінің өкілдері тиісті кеңес, түсініктемелер берді. Облыс әкімінің орынбасары Өркен Бисақаев газ мәселесіне тоқталып, оның өзге өңірден жеткізілетінін атап кетті. «МАЭК-ке қажетті газды «Газ Теңізшевройл» компаниясынан сатып аламыз. Бүгін біз газды 19 мыңға пайдалансақ, Атырауда газ электр энергиясын өндіруші компания үшін шамамен 6 мың теңге тұрады. Биыл министрлік, үкімет деңгейінде мәселе қаралып, электр энергиясы үшін газ бағасы 19 мыңнан 16 мыңға түсіру туралы шешім қабылданды. Бұл тек электр энергиясын өндіру үшін. 12 пайыз осыған қатысты. Ал электр энергиясы саласында заңға сәйкес, үш деңгейлі жүйе қажет. Олар – электр энергиясын өндіруші, транспорттаушы, электрмен қамтамасыз етуші. «АльянсЭнергоСнаб-Актау» мекемесі халыққа электр энергиясын қамтумен айналысады», - дейді Өркен Серікқалиұлы. Коммуналдық қызметтерге қатысты төмендетілген тарифтер туралы Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің аймақтық департамент жетекшісінің орынбасары Бақыт Бекмұратов түсіндірді. «Тарифтерді 2018 жылдан бастап түсіре бастадық. Шілде айында МАЭК тарифі 14 теңге 18 тиыннан 13 теңге 12 тиынға түсті. Энергетика министрлігінің тарапынан. Сосын 11 қыркүйектен бастап электр энергиясын тасымалдаушы АУЭС мекемесінің тарифі 3 теңге 16 тиыннан 2 теңге 50 тиынға төмендеді. Осылайша өткен жылы электр энергиясының тарифі екі рет түсірілген болатын. Қазір 1 қаңтардан бастап МАЭК тарифі 13 теңге 12 тиыннан 11 теңге 64 тиынға түсіріп отыр. Электр энергиясы нарығына «Альянэнергоснаб-Актау» деген мекеме кірді. Оның қосатын құндары бар, қазіргі электр бағасы 17 теңге 29 тиын құрайды. Желтоқсан айында 17 теңге 49 тиын болған еді. 2018 жылдың 1 қаңтарымен салыстырғанда 11 пайызға түскен. Жалпы бұл жылуға, суға, кәріз суларына, тарифтер түсіріліп отыр. Тұрғындар дұрыс түсінбеген. Бұрын есепшоттық қағаздарында тарифтердің құны қосымша құн салығынсыз көрсетіліп келген болса, қазір қосымша құн салығымен бірге көрсетіледі. Қазір жаңа түбіртектер бойынша түсіндіріп, тарифтер өспегенін айтып жатырмыз. Жалпы түбіртектерді түсінікті болуы үшін мекемесімен бірлесіп жаңа форматқа өңдеу үстіндеміз. Наурыз айынан бастап жаңарған түбіртектер беріледі. Баға көтерілмейді. Департамент осы бағытта жұмыстар жүргізіп, нәтижесінде 10 табиғи монополия субъектіі коммуналдық қызметтер тарифін төмендетті. Бұның барлығы ерікті түрде жүргізілді. Осылайша 14 қызметке қатысты тарифтер төмендетілді», - дейді Б.Бекмұратов. Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын-үй шаруашылығы басқармасы басшысы Жандос Салимовтың айтуынша, халықтан электр энергиясына қатысты көптеген сауал келіп түсіп жатыр. «Бүгін өздеріңізге белгілі «Ашық есік» күні жалпы халыққа түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Біздің басқармаға халықтан ең көп түсіп жатқан сұрақтар осы тарифтерге қатысты болып отыр. 2018 жылы Елбасы тапсырмасына сай коммуналдық тарифтер бағасын төмендету бойынша кешенді жұмыстар жүргізілді. Шілде айынан бастап газдың тарифі түскендіктен МАЭК-тің де тарифі түсті. Қыркүйек айында АУЭС мекемесінің де тарифі төмендеді. МАЭК тарифі 15,88 теңгеден ден 13,04 теңгеге түсті. Электр энергиясы туралы заңы бар. Заң талаптарына сәйкес, жаңа жылдан бастап халықты электр энергиясымен қамтамасыз етуге арнайы компания келді. Өзінің функциясы бар. Қала бойынша жұмыс істейді, оның ішінде халыққа қызмет көрсетеді. Сондағы ортадағы олардың алатын тарифі – 0,35 тиын. Жалпы тариф 1 кв - 17,29 теңге. Бұрын 19,42 тиын болды. ҚҚС-пен бірге есептегенде. Ал «AllianceEnergoSnab-Актау» компаниясына қатысты тұрғындар тарапынан "неге Шымкенттен келген?" деген мәселе қойылып жатыр. Бірақ Қазақстанда кез келген компания жұмыс істеуге құқығы бар. Басқа компаниялар халықпен жұмыс істеуге құлық танытпады. Олар заңды мекемелерге қызмет көрсетіп жатыр. Себебі, білесіздер, халықпен жұмыс жүргізу өте күрделі, жауапкершілігі жоғары. Оған қажетті жұмыс істейтін штат саны да көлемді болуы тиіс. Сол себепті халыққа электр энергиясын қамтамасыз етуге бір ғана компания өтініш білдірді. Бұл ретте электрмен қамту ұйымының әлеуеті, қызметі электр энергиясы жеткізудегі сапаны жақсартуға бағытталады. Келісімшарттарға сәйкес «AllianceEnergoSnab-Актау» компаниясы толықтай барлық шарттарды, сондай-ақ, оперативтік режимдерді, электр энергиясын жеткізу бойынша тапсырмаларды орындауға міндетті», - дейді басқарма басшысы Ж.Салимов. Ал «ҚазТрансгаз Аймақ» Маңғыстау өндірістік филиалы директорының бірінші орынбасары Ернұр Ибраев өңірдегі газ тарифтеріне қатысты түсініктеме беріп, бағаның төмендегенін айтты. «Президенттің тапсырмасына сәйкес, тарифтеріміз өзгерді. Тұрмыстық қолданушыларға, яғни халыққа арналған ҚҚС-мен бірге есептегенде 1 мың куб үшін 10,304 тг болса, қазір 9,9 теңгеге төмендеді. МАЭК үшін жылуэнергиясы үшін 10 мың теңгеге сатқан едік, енді 6,5 мыңға түсірдік. Электр энергиясы өндіру үшін 21 мың теңге еді, 18 мыңға түсірдік. 12 пайыз. Заңды тұлғалар мен бюджеттік мекемелердің белгіленген бағалары бар. Негізінен халыққа арналған тарифтерге нақты өзгерістер енгіздік. Бізде бәрі жария. Ешқандай мәселе жоқ», - дейді Е.Ибраев. «Ашық есік күніне» «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» филиалы да белсене қатысты. Міндетті жарна төлеп, сапалы ем алуды қалайтын 40-тан аса тұрғын келіп, өз сұрақтарын қойды. - Тұрғындар көбіне емханаға тіркеуге тұру туралы, тегін дәрі-дәрмектер жайында сұрайды. Мысалы, 28-шағын аудан тұрғыны Қосаева Фируза мемлекеттік медициналық мекемеден «Нейрон» жеке емханасына ауысқысы келеді. Құрманов Нұрлан есімді тұрғын есепте тұрғандықтан, тегін дәрі-дәрмектер қайдан алуға болатынын білгісі келді. Біз осы сұрақтар төңірегінде кеңес бердік, - дейді "МӘМСҚ" Маңғыстау филиалы бас сарапшысы Аянгүл Бекболатқызы. Жалпы «Ашық есік» күні аясында өңір тұрғындарының сан сауалына сала мамандары толыққанды жауаптар берді. Оның ішінде экология мәселелері бойынша – 6 адам, білім беру – 39, шағын несие беру – 31, тұрғын үй мәселелері бойынша – 166, сәулет – 3, АХАЖ – 25, ветеринария – 4, көлік – 16, құқық қорғау органдарына – 50, тарифтер мәселесі бойынша – 41, "Нұр Отан" партиясына 29 сұрақ, Мемлекеттік қызмет бойынша – 14, салық бойынша – 22, денсаулық сақтау саласы бойынша – 75, зейнетақы аударымдары бойынша – 19, жұмыспен қамту мәселелері бойынша – 86, жер мәселелері бойынша – 126, еңбек пен спорт саласына – 24 адам ұсыныс пен шағым айтқан. Сонымен қатар, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановпен кездесуге 221 адам келді. Оның ішінде 63 тұрғын өз сауалдары мен ұсыныстарын облыс әкіміне жеке тапсырды. Ақтау қаласының тұрғыны Ырысжан Қоңырова өз мәселелерінің «Ашық есік күні» шешім таба бастағанын айтады. «Бүгін Ашық есік күні өтеді дегесін осында алып-ұшып жетіп едім. 15 жылдан бері үй ала алмай жүрмін. Сол мәселелердің бәрі шешілетін болды. Тағы да басқа түйткілді шаруаларым да реттелетін болды. Осыған қуаныштымын. Барлығына ризашылығымды айтамын», - дейді Ы.Қоңырова. Көп балалы әке Болат Есенқуатов да баспана мәселесімен келген. «Ақтау қаласында тұрамын. Үй кезегінде тұр едім. Сол кезек жылжиды ма екен деп, білгелі келдім. Жалдамалы пәтер салынады, тағы да басқа жолдары қарастырылады екен. Осы мәселе шешілсе екен дейміз, әкімдікке ризашылығымды айтамын», - дейді ол. Денсаулығы сыр беріп, омыртқа жотасына ота жасатып, арбаға таңылған Мақсат Есполов кезең сайын оңалтуды қажет етеді. Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері мүгедек жанның Астанаға барып келу, қасына күтуші қосу мәселелерін шешуге көмектеспек. «Ашық есік күні» бұдан басқа білім саласына, балабақшаға орналастыру, т.б. сұрақтармен келген тұрғындардың сауалдарына жауаптар берілді.
Жайық НАҒЫМАШ,
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="72592,72593,72594,72596,72600,72602,72597,72599,72595,72598,72604,72605"]