©
Облыс әкімінің қатысуымен өткен аппарат жиынында күн тәртібінде тұрған мәселелерден бөлек шешімін таппаған сұрақтар талқыланды. Соның бірі – кеше ғана Ақтау қаласында орналасқан «Айналайын» балабақшасында орын алған басшылар мен тәрбиешілер арасындағы келеңсіз жағдай. Айта кету керек, облыс көлемінде орналасқан балабақшалардағы кемшіліктер туралы осы уақытқа дейін айтылып та, жазылып та жүр.
Бірақ әлі нәтиже жоқ. Елбасы 2018 жылдың 5 қазанындағы Жолдауында «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының сапасын түбегейлі жақсартып, бүлдіршіндердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында балабақшалар толықтай бейнебақылау камераларымен жабдықталуы тиіс», – деген еді. Осыған орай облыс басшысы Е.Тоғжанов өткен жылдың аяғында құзырлы органдарға арнайы мониторингтік топ құрып, балабақшалардың мәселесін анықтау үшін тапсырма берген болатын. Нәтижесінде қаладағы 37 балабақшаның 21-і ғана бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етіліп, қалғандарында камералар жұмыс істемейтіндігі анықталған еді. Алайда жауапты мамандар 2019 жылға дейін бұл кемшіліктерді жоюға сөз берген-ді. Десе де жауапсыздардың кемшілігінен күні кеше даулы мәселе орын алды.
«Барлық балабақшаның іші-сыртында бейнебақылаулар орналастырылсын" деп тапсырма бердім. Енді, міне, «Айналайын» балабақшасындағы жағдайға байланысты оқиғаның ақ-қарасын айыруға мүмкіндік болмай отыр. Себебі ол жерде камера жоқ. Әрбір баланың қауіпсіздігін тексеріп отыруға құқылымыз. Сондықтан барлық ауыл, қала әкімдеріне, басшыларға тапсырма: 1-3 және 3-6 жас арасындағы балалардың қауіпсіздігін бір жұманың ішінде тексеретін болыңыздар, бірде-бір балабақша тыс қалмасын. Беріліп отырған тағамдары да бақылауда болсын», – деп Е.Тоғжанов жауапты қызметкерлерге қатаң тапсырма жүктеді.
Одан бөлек өңір басшысы өз қызметіне салғырт қарайтын басшыларды сынады. Мәселен, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының "балабақшаларды кез келген уақытта тексере алмаймыз" деген сөзін тілге тиек етіп, керісінше бүлдіршіндердің қауіпсіздігін күнде қадағалауда ұстап отыру керектігін айтты. Осылайша әкім жоғарыда аталған мәселе бойынша арнайы комиссия тобын құрып, енді тек нәтиже күтетінін жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, осы айдың 16 жұлдызында, яғни өткен сенбіде облыс басшысынан бастап барлық әкімдер тұрғындарға арнап ашық есік күнін өткізді. Соның нәтижесінде облыс әкімдігінде 1025 адам қабылдауда болып, оның 221-і өңір басшысымен жеке кездескен. 154 адам өз мәселелеріне байланысты арыздарын қалдырған. Тағы бір айта кетерлігі, әкімдердің халықпен тікелей кездесуінің нәтижесінде көптеген азаматтың бірнеше жылдан бері шешімін таппай жүрген мәселелері анықталды. Мәселен, Маңғыстау ауданында 3 жылдан бері «Алтын алқаға» үміткер ананың «Күміс алқасын» ала алмай жүргені белгілі болды. Осы мәселе бойынша Е.Тоғжанов жақында тағайындалған аудан әкіміне тапсырма берді.
«Үш жылдан бері көп балалы ананың өзіне тиесілі «Күміс алқасын» алып бермеу не масқара? Бұл жағдайдың жігін жіктеп, кімнің кесірінен болғанын анықтаңдар және осындай сұрақтарға жауапты мамандардың барлығы керекті жазаларын алуы керек», – деді. Сондай-ақ Е.Тоғжанов ендігі жерде тұрғындардан келіп түскен арыздарды қатаң бақылауға алып, орындалысын қадағалауды орынбасарларына тапсырды.
«Бұның барлығы – жауапкершілікті қажет ететін дүние. Жаңағы анықталған мәселе бір шеті ғана. Қаншама осындай сұрақтар өз шешімін таппай келеді. Халыққа дұрыс бағыт-бағдар, нақты жауап берілмейді. Дер кезінде шешім шығарылмайды. Содан тұрғындар арасында реніш туындайды. Барлық орынбасарларыма қатаң ескерту, бірде-бір келген арыз ескерусіз қалмайтын болсын», – деді ол.
Осылайша тұрғындардың түйінді мәселелерінің шешімін табуға жол ашқан ашық есік күні енді әр ай сайын өткізіліп тұратын болады.
Айгүл ОРЫНБАЕВА, Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ