«Болашаққа бағдар - Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өскелең ұрпақтың туған жерге - елге деген патриотизм мен сүйіспеншілік қасиеттерді қалыптастыру мақсатында және биыл мұнайлы қала Жаңаөзеннің құрылғанына жарты ғасырлық тарихына орайластырылып ауқымды шара өтті.
Жиналған халыққа рухани күш-қуат сыйлаған «Өнерде өшпес бейнелер» атты кештің мақсаты Жаңаөзен қаласында тұрып, еңбек еткенімен, күллі Алаш жұртына белгілі, көршілес Түркменстан, Өзбекстан, Қарақалпақ елдеріне белгілі жыршы ретінде танылған марқұм Есенғали Бөкенбаев, Өмірзақ Қалбаев, Жалғас Алакөзов, Қамбар Оразов, Рәуіл Майданов, Аманкелді Сүйінбаев сияқты ақын-жыршылардың және қала мәдениетіне сүбелі үлес қосып, өнер тарихына өшпес қолтаңбаларын қалдырып үлгерген Аманкелді Бұғыбаев, Сәтімбек Құлымбетов, Асқан Жарылғасов, Абай Ашырқатов сынды өнерпаздар өмірлерінің соңына дейін біраз жетістіктерге жетіп, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген-ді. Кеш барысында олар туралы айтқан қатарластары мен достарының сөздерінен оларға деген сағынышты естеліктерінен біраз жайтты аңғаруға болады. Осы кешке арнайы келген Алпысбай, Арғын, Айткүл, Базарбай, Дәмегүл, Жанар, Мекебай, Мақсат т.б сияқты белгілі жыршылар күні кеше ақын Есенғали Бөкенбаев пен шежіреші-ақын Өмірзақ Қалбаев аталарымыздың жырымен ауызданып, батасын алған шәкірттері. Алаш жұрты ғана емес, көршілес мемлекеттердің құрметіне бөленген осы ғазиз жандар шет елде туып немесе басқа топырақта өсіп, басқа тілде тәлім-тәрбие алғандарына қарамай қазақ тілін, ділін сақтап, ұлттық шоқтығы биік арлы азаматтардың өнегелі өмірлері келешек ұрпаққа адастырмас Темірқазық сияқты отансүйгіштік, патриоттық қасиеттерді қалыптастыруға баламасыз үлгі екенін баса айтып өткім келеді. Тума таланты мен имани қарапайымдылығымен халық жүрегінен орын алған дарын иелері тек өнерде ғана емес, ел басына күн туғанда елдің арасынан табылып, қайғыларына қабырғасы қайысып, жоғын жоқтаған шын жанашырлары болды. Жастайынан түркмен, өзбек, қарақалпақ елдерінің жырдастандарына сусындай жүріп, шежірелік сипатта жыр-толғаулар жазған Өмірзақ атамыз тарих қойнауларына терең сүңгіп, баға жетпес талай маржандарды сүзді. «Жақсы әке балаға қырық жыл азық» деген дана халқымыз. Аталары мен әкелерінің жолын қуып, өнерін бойына сіңірген ұрпақтарының аз емес екеніне осы кеш барысында анық көз жеткіздік. Жастайынан көзге түсіп, өнердің сан қыры бойынан табылатын Арғынбек Қалбаев қала, облыс, республика сахналарынан көрініп, бұл күнде қоғамдағы белгілі талапты жас.
Қамбар Оразов аузын ашса жүрегі көрінетін ақжүрек азамат еді. Талай айтыста топ жарды. Республикалық ақындар айтысында талай жүлделі орындарды иемденді. Абай Ашырқатов, Асқан Жарылғасов - жастайынан өнерге құмар болды. Жас қырандар қанатын қомдап, жолдарында кездескен қиындыққа мойымай, батыл өнер биігіне ұмтылды. Абай Алматыда Құрманғазы Сағырбаев атындағы мемлекеттік консерваторияның «Халық әні» бөлімін бітіріп келіп болашағынан зор үміт күттірген жасты арамыздан сұм ажал тартып әкетті. Марқұмның артында қалған тұяғы - Нұрбол бұл күнде Қытай Халық республикасының Харбин қаласындағы, Хэйлунцзян университетінде «Халықаралық экономика» факультетінде білім алуда. Абай Ашырқатов туралы «Мұнайшы» мәдениет үйінің басшысы Дәмелі Қожаназарқызы тебіреніп, еске алды.
Асқан Жолымұлы - жалындаған өнерлі жас қандай қиындыққа да тайсалмады. Өнерімен күш-қуатына сенген талантты жас бірнеше рет республикалық дәрежедегі сайыстарға қатысып, 1992 жылы Маңғыстау аймақтық «Жігіт сұлтанының» бас жүлдесін жеңіп алды. «Әке көрген оқ жонар» демекші, ұлы Әбубәкір әкесінің шығармаларын орындап, елдің қошеметіне бөленді.
Сәтімбек Құлымбетов - жастайынан дикторлық өнерге құштар болыпты. Сөйлеу, сахнада жүріп-тұру мәнеріне машықтанып, ел алдына қысылмай шығуымен қатар, суырып салма ақындығымен таныла бастады. Көкірегі ояу, зейінді рухани жан-дүниесі бай өнерлі жігіт шапқан сайын қолтығы жазыла түсетін тұлпардай, талай айтыс додасында шашасына шаң жұқтырмады. Қалалық, облыстық ақындар айтысының жүлдегері болды. «Асау-Барақ» аймақтық ақындар айтысының Бас жүлдесін жеңіп алды. Көзі тірісінде кең таралған «Анама» әнін еске алу кешінде ақынның ұлы Оразалы орындап, көпшіліктің көңілін босатты. А.Сүйінбаевтың немересі Данияр атасының құрметіне «Менің әкем жақсы адам» әнін орындады. Жүргізушілер Арғын мен Мақсат жыршылардың жүректі тербер рухани сөздеріне ұйып, зор ықыласпен тыңдаған көрермендерге толы залда бос орын жоқ десе болады. Ақтаудан келген қонақ, марқұмдардың бірінің туысы: «Бұл шара нағыз рухани жаңғыру тақырыбына сай ойластырылған екен. Алдағы уақытта мұндай шаралар жиі өткізіліп тұрса, өмірден өткен өнерпаздардың аты тарихта қалады, ұрпаққа өшпес өнеге болып, рухтары санамызда жаңғырып тұрады» деген болатын. Қалалық ардагерлер төрағасы Қ.Бекмағанбетов ақын Рәуіл Майданов туралы, марқұмдардың отбасыларының атынан Есенғали Бөкенбаевтың қызы Айымхан, «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Б.Ербақиев бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталып, ақын Қ.Рейімбайұлы өмірден өткен боздақтар жайында өлең оқып, естеліктер айтты. Айтыс ақындарының құрметіне қазіргі таңда бала қырандай қанат қомдап, топ алдына біртіндеп шығып жүрген жас айтыскер Қуаныш Жолдас көпшілікке жырдан шашу төкті. Республика көлемінде айтысып, қаламыздың абыройын қорғап жүрген айтыскеріміз Абай Жолмағанбетов алдағы болатын айтыстарға дайындық үстінде.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда жұмысшы жастардың WorldSkills кәсіби шеберлік сайысы өттіАдам баласы шыр етіп дүние есігін ашарда пешенесіне тағдар парақшасы жазылады дейді. Біреуге ерте, біреуге кеш жалғанның жазмышына көнбеске ешкімнің шарасы жоқ. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда бәрі жалған дегенмен, мәңгілік қалар дүние бар. Ол мәңгілік - адамның көзі тірісіндегі халық игілігіне тигізген пайдасы екен. Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді. Ұлы Абай бұл жөнінде:
«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы Өлмейтұғын артына сөз қалдырған!» дейді.
Неше бір күндер бойы осы шараға дайындыққа атсалысқан мекеме басшысынан бастап, түрлі мамандар қамтылған рухани шара халық ықыласына бөленді. Өткенді ұмытпай, өмірден өткен ұлыларды ұлықтау өмірдегі әр азаматтың борышы десек, осы шараға елеулі үлес қосқан экранның сыртындағы мамандардың еңбектері екенін айрықша атап өткім келеді. Мекеме басшысының біліктілігі мен осы шараға атсалысқан мамандарға тоқталып өтсек, әдіскерлер - Өркен, Жұмагүл, Құралай үнемі өз ойларын ортаға салса, дыбыс жазушы Н.Гайсин, оператор Ержан, дизайнер-суретші Талғат, музыкалық қызметкер Қайырбек сияқты өздері көрінбесе де, осы ауқымды шараның өз дәрежесінде өтуі сол жандардың еңбектерінің жемісі деуге болады. Осы мекемеде өтетін кез-келген шараның тағдыры осылай өтеді. «Жыр керуені Жаңаөзен» аттты жаңаөзендік ақын-жыршыларды зерттеп, еңбектерін жатпай-тұрмай жинап жүрген Қармыс жыршының да көмегі көп болды.
Жағалауға асыққан толқынды қуалап, толқындар келеді. Кейінгі лек толқындар өздерінен бұрынғы аға буын өнерпаздарды ұмытпай ұлықтап жүреді. Олардың жарқын бейнелері көз алдымызда, жүректен өшпейді. Уақыт өткен сайын биіктей, есімдері жарқырай түседі.
Орынгүл СМАҒҰЛ ҚР Журналистер одағының мүшесі