©
Алғыс айту мерекесі өңірде жоғары деңгейде аталып өтті. Көктемнің алғашқы күнінде бір-біріне алғыс айтқан жандардың көңіл-күйі де көтеріңкі. Мереке қарсаңында атқарылған іс-шаралардың ортасында біз де болып қайттық. Әр түрлі ұйымдар ардагерлерге, ұстаздарға, мүгедек жандармен қарттарға алғыстарын жеткізуде. Осы тұста қала әкімі де қалыс қалмады.
Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов Жолмағанбетовтар әулетіне барды. Отанасы Моншақ көпбалалы ана. Балаларының 3-сі Алтынға ДЦП диагнозы қойылған. Аталған отбасы әркез атқамінерлердің назарында. Мемлекет тарапынан пәтер де берілген. Кіші ұлы Қуаныш бала кезінде оқыс жағдайға тап болып, жарымжан болып қалған. Ол қазірде үйде білім алуда. Мереке қарсаңында қала әкімі аталған отбасыны құттықтап, біршама азық-түлік тарту етті. Қала әкімі отбасына денсаулық тілеп, алғыс айтты.
- Алтын да Қуаныш та үнемі дәрі ішіп жүреді. Бізге дәрі-дәрмекті өкімет жеткізіп тұрады. Балаларды таза ауаға алып шығуымыз қиындық тудырады. 4-ші қабаттағы пәтерді 1-ші қабатқа ауыстырып берсеңіздер деп,- өтініш айтты көпбалалы ана қала әкімі Ғалымжан Ниязовқа.
Үнемі бақылап, уақытылы дәрісін беріп отыру оңай емес. Дегенмен көпбалалы ана қажымай, ел қатарлы өмір сүріп келеді. Ана үшін бұл дүниеде баладан артық жан барма. Аяқ асты ауруы ұстап қалғанда ана жүрегі ауырып, дәрігерлердің көмегіне жүгінетін көрінеді.
"Үш қызым тұрмыста солар әрдайым көмек қолын созып тұрады. Елбасына, қала әкіміне, қыздарым мен күйеубалаларыма алғысым шексіз. Еңбектеріңізге жеміс тілеймін, тек қана алғыс алып жүріңіздер", - деп тіледі Моншақ апамыз.
Алтын мен Қуанышқа бізде алғысымызды айтып, амандықтарын тіледік.
Зухра ӘБДӘЛ-САТТАР