«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Қазақ тілін 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады. Осылай тәуелсіздігіміз бүкіл ұлтты ұйыстыратын ең басты құндылығымыз – туған тіліміздің мерейін үстем ете түседі».
ҚР Президентінің «Қазақстан-2050» Жолдауынан
Егеменді еліміздің мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Қазақстан мемлекетінде өмір сүріп жатқан әрбір азамат қазақ тілін меңгеріп, қазақ тілінде сөйлеуі міндетті. Үкімет бір қара шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан әртүрлі ұлттардан құралған халыққа мемлекеттік тілді үйрету мақсатында жексенбілік мектептер ашып, оқу құралдарын басып, тіл игеруге ынталандырар шаралар, байқаулар ұйымдастыруды қолға алған. Жақында Халықаралық Ана тілі күніне орай, түрлі этнос өкілдері арасында өткен «Мемлекеттік тіл – достық тірегі» атты облыстық байқауы – соның бір айғағы.
Маңғыстау облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының мұрындық болуымен байқауға көркем қазақ тілімізде сөйлейтін, ойлайтын, қазақ ұлтының болмысын ұғатын 11 өзге ұлт өкілі қатысты. Оның ішінде өзбек, лезгин, әзірбайжан, корей, орыс және түрікмен ұлттары болды. Мемлекеттік тілдің заңды мәртебесін көтеру, қолдану аясын кеңейту және насихаттау, жастарды қазақ тілін үйренуге ынталандыру, отансүйгіштік сезімін арттыру мақсатында өткізілген байқау 4 кезеңнен тұрды.
Байқаудың бірінші кезеңінде қатысушылар қазақ тілінде өлеңмен не қара сөзбен өздерін таныстырды. Онда жастардың сахнада өзін ұстауы мен таныстыру арқылы көрермен жүрегіне жол таба білуі бағаланды. Байқауымызша,кейбір қатысушылар ұлттық ою-өрнектермен безендірілген, түрлі әдемі тастармен әшекейленген көздің жауын алар қазақтың ұлттық киімдерін киген. Қазақи нақышта киінген өзге ұлт өкілдерінен қазақтың болмысы сезілгендей. Олардың ерекше сахналық образы да әділқазылар мен көрермендер тарапынан оң бағаланды. Екінші кезең бойынша қатысушылар әділқазылардың ұсынған тақырыбы бойынша өз ой-пікірлерін қазақ тілінде еркін жеткізу керек болса, үшінші кезеңде жастар қазақ тілінде эссе жазудан сынға түсті.Ал соңғы шешуші кезең – «Шабыт жұлдызы» шығармашылық тапсырма болды. Онда қатысушылар өнерлерін паш етті.Өзге ұлт өкілдерінің дарынына таң-тамаша болдық. Ерлі-зайыпты өзбектер Махигүл мен Шахнур Казиевтер және кәріс Дмитрий Лиқазақтың дәстүрлі «Қара жорға» биін билеп, мың бұралып, көрермен көңілін бір серпілтті.Орыс ұлтынан Виталий Попов қазақтың қара домбырасын алып, халық күйі «Кеңесті» орындаса, армян қызы Эльмира Аракелян мен кәріс жігіті Тимур Цой қазақтың әсем әндерін әуелетіп, жүрек жадыратты. Басқа қатысушылардың қазақтың ақиық ақындарының өлеңдеріннәзік сезімге беріліп,мәнерлеп оқығаны бізді қуантты. Қазақтың өрнекті өлеңдері оларды да бейжай қалдырмаған көрінеді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: «Тірі жүргенім үшін қазақ анаға қарыздармын!»«Қазақ тілі – өте бай әрі әдемі тіл. Ынта мен талап болса, оны меңгеру қиын емес деп ойлаймын. Қазақстан мемлекетінде дүниеге келіп, тәрбие алып, білім сусындап, еңбек етіп, елмен болашағын байланыстырғысы келген әрбір азамат мемлекеттік тілді меңгеруі қажет. Себебі, тіл жоқ жерде ұлт жоқ»,-деді Түпқараған ауданы, Баутин ауылындағы А.М.Горкий атындағы мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Виталий Попов.
Байқау қорытындысында,Ақтау қаласы, № 9 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Эльмира Аракелян І орын алып, бас жүлдені қанжығалады. Жаңаөзен қаласы, №18 орта мектебінің «Орыс тілі» пәні мұғалімі Махигүл Казиева ІІ орыниеленсе, ІІІ орынды МО Төтенше жағдайлар департаменті, Бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметі басқармасынің қызметкеріИбремхалил Байрамов еншіледі.
Ханым ҚУАТ Суретті түсірген автор