©
Мемлекеттік аттестаттау – білім беру ұйымдарын мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкестігін кешенді бағалау.
Бұл бақылау жаһандану кезеңіне сай, жаңарған, жаңаша білім беру кезеңіне қажет пе? Бақылау басталғаннан аяқталғанға дейін мұғалімнің де, оқушылардың да көңіл-күйлерінде еріксіз қобалжу басталатыны белгілі. Бақылау департаментінен келген комиссия мүшелерінің де сабақ процесіне үлкен қиындықтар тудыратыны тағы бар. Жай ғана мысал, келген комиссияның бес жылғы жоспарды тексеруі, жыл бойы жұмыс дәптерлерін (шығарма, бақылау, диктант т.б.), бес жылғы сынып журналдарының әрбір бетін ақтарып отыруы, кезексіз сабаққа қатысуы алтынмен тең уақытымызды алатыны ащы да болса шындық. Осындай тексеруді көзімен көріп, куә болып, ұстаздық жолын жаңа ғана бастаған жас мамандарымыз екінші мамандық алып мектептен кетуде. Бұл жағдайды көріп отырған шәкірттеріміз, ата-аналары ұстаз болып еңбек ететіндер ешуакытта «Мен мұғалім боламын» дегенді айтпайды және ұстаздық мамандықты таңдамауының себебі осында.
Бақылау нәтижесінде «өтті», «өтпеді» деген бағалауы да ұстаздар қауымына деген құрметсіздік болып табылады. Себебі «өтпеді» деп табылған мектеп келесі жылы тағы да бақылаудан қайта өтуге тура келеді. Мемлекеттік аттестаттау кезінде білім беру ұйымынан кемшіліктер табылса да олар жазаланудан тыс қалады, лицензиясы кері алынбайды, аттестаттаудан өтпей қалған мектептер мен балабақшалар жабылмайды.
Жаһандану көшіне ілесуге жаңа форматта сабақ беруге жұмыстанған мұғалімдер 40 минут сабағы үшін тәулік бойы жұмыстанады: ертеңгі сабаққа жоспар жасақтайды, оқушылардың бағаларын электронды журналға енгізеді, жұмыс дәптерлерін тексереді, ата-аналармен байланысады және отбасы тірлігі тағы бар.
Аттестаттау – мұғалімдерге де, оқушыларға да дағдарыс әкелетін жағдай. Мұғалім өзін ең жоғары деңгейде көрсетуі керек, олар осы процеске бар ынтасымен дайындалады. Бұл, әрине, оқушының да, мұғалімнің де бар уақытын алады. Себебі мұғалім қараңғыға дейін мектепте жүреді, оқушылармен тестке дайындалады, қосымша сабақтар жүргізеді. Сонымен бірге PISA, TIMSS халықаралық оқу жетістігін бақылауға, оқу жетістіктерін сырттай бағалауға (ОЖСБ) дайындайды. 2018 жылдан бастап еліміздің білім беру жүйесі жас ұрпақтың қазіргі заманда бәсекеге қабілеттілігін арттыру және заманға сай әрекет етуге дайындығын анықтауға байланысты ISILS халықаралық зерттеуге қатысуға енгізілді. Сабақ барысында оқушылардың бақылау тест алдында басы айналып есінен танған кездері де орын алды. Осының бәрі мектептегі мұғалімдердің «созылмалы стресс» жағдайында жүруіне әкеліп соқтыруда.
Елбасымыздың «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша білім беру саласына да цифрлы технологияларды енгізу кезеңінде бес жылғы журналдарды тексерудің қажеттілігі жоқтығын, бейнебақылау арқылы электронды журналдардың, құжаттардың барлығы бақылауға алынатындығы ұстаздар қауымының үлкен жауапкершілігін арттыратындығына сенімдімін.
«Ұстаздың ұстаздығы атақта емес, Ұстаздың ұстаздығы арда ғана», - деп ақындар жырлағандай, өскелең ұрпаққа білімді де білікті, өнегелі де ақылды, әдептілік пен шыншылдықты бала санасына сіңіріп жүрген ең үлкен, ең ұлы кәсіп – адам жанын тәрбиелеушілер, ұстаздар қауымына қолдау көрсету керек деп ойлаймын.
Жүгенбаева Күләш Саламадинқызы Жаңаөзен қаласы әкімдігінің «№19 орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры