©
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде көпшілікті мазалап жүрген, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған өзекті міндеттер қойылып отырғаны қуантты. Бесінші бастамада елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру жайы сөз болған.
Президент елімізде газ өндіру тәуелсіздік кезеңінде жылына 8-ден 52 миллиард текше метрге дейін артқандығын, тұрғындардың 50 процентке жуығы газбен қамтамасыз етілгендігін, 9 облысқа газ тартылғандығын атап өтті. Әрине, кемшіліктер де айтылды. «Орталық және солтүстік өңірлер әлі де газсыз отыр. «Жезқазған – Қарағанды -Теміртау - Астана бағытында магистралды газ құбырын салу жобасын жүзеге асыруымыз керек», - деді Елбасы. Бұл жүзеге асқан жағдайда 2,7 миллион адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік бермек. Газбен қамту экологияны да жақсартады. Президентіміз газға көшу тек Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтатындығын мысалға келтірді.
Жасыратыны жоқ, еліміздің кей өңірлерінде үйлерін көмірмен жылытып отырған елді мекендерді көріп жүрміз. Маңғыстаудың жағдайы, шүкір дейік, өзге аймақтармен салыстырғанда жақсы. 64 елдімекеннің 53-інде газбен қамту жолға қойылған. Қазіргі таңда жалпы саны 1200-дей халық тұратын 8 шағын ауыл ғана газсыз отыр. Бекітілген Ережеге сәйкес экономикалық тиімділікке орай 30-40 үйі бар елдімекенге газ тарту міндеттелмеген.
- «Газ жоқ» деп үдере көшіп жатқан халықты көрмедік. Ел орнында, малын жайып, тіршілігін күйттеп жатыр. Осыны ескеріп, Тиген, Тасмұрын елді мекендеріне газ тартуға сметалық-жобалық құжаттама жасалуда. Үкіметтен бөлінбесе де, басқа да қаржы көздерін тауып, газ жеткізудің мүмкіндіктерін қарастырамыз, - деген-ді қоғамдық кеңесте өткен жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Аманғалиев. Бұл - алдағы уақыттf Маңғыстаудың елдімекендерін газбен қамту көрсеткіші бойынша 100 пайыздың «төбесі» де көрініп тұр деген сөз.
Газбен қамту – халықтың әл-ауқатын жақсартып ғана қоймайды, аймақтың экономикасының дамуына да оң ықпал етіп, тың серпін береді.
Болат ҮМБЕТОВ