Гүлмира Сыдықова 1964 жылдың ақпанында Орал облысының Ақжайық ауданында дүниеге келген. Әкесі есепші, анасы мұғалім. Туған ауылы - Базартөбе теміржолдан жырақта орналасқан. Ол кезде ауылда "теміржолшылар" деген атымен болмапты. Сондықтан базартөбеліктердің темір жолмен көп алды-бердісі жоқ, өзімен-өзі бірсарынды тірлік. Ендеше, Гүлмира қалай теміржолшы болды?
Оның алғашқы игерген мамандығы - мұнайшы. Мектеп бітіргесін 1981 жылы Ақтау қаласында тұратын апасының қолына келеді. Түбектегі мұнай өндіруші кәсіпорынға жұмысқа орналасады. Мекеменің өндірістік жолдамасымен Мәскеу қаласындағы Губкин атындағы жоғары оқу орнына оқуға қабылданады. Сол жақта жүріп тұрмысқа шығып, балалы болады. Осылайша Отанынан біраз жыл алыста жүрсе де елге деген махаббат оны қарт Каспийдің жағасына қайта оралтады. Теміржолға келгенге дейін табылған жұмыстарда істеп, кадр маманы, есепші болып өзін жетілдіреді. 2002 жылы темір жолға жүк және багаж қабылдап тапсырушы болып жұмысқа тұрады. Содан бері теміржолда. 2011 жылы Болашақ станциясына жұмыс ауыстырады. Оған дейін Маңғыстау, Ақтау порт станцияларында еңбек етеді. Еңбегі еленіп, 2010 жылы Маңғыстау жол бөлімшесі директорының Құрмет грамотасымен марапатталады.
- Болашақ станциясы ашылады дегенді естігеннен біріншілердің бірі болып осында ауыстым. Ендігі өмірімді Болашақпен байланыстырғым келді. Мұнда мені қызықтырған басты нәрсе - станцияның перспективасы, шетелдермен байланыс еді. Онда жұмыспен, барлық жағдайы жасалған баспанамен қамтылдым. Қазір тіпті Wi-Fi да бар. Станция арқылы жүк тасымалы жылдан-жылға жоғарылап келеді. Түрікменстан үстімен Иранға, Ауғанстанға өтетін жүк вагондарына қызмет көрсетеміз. Күнде Түрікменстанға екі пойыз, Түрікменстаннан Қазақстанға екі пойыз өткіземіз. Кей кездері одан да көп. Міндетім - темір жол саласының қауіпсіздігін сақтай отырып, жүкті дер кезінде және ешқандай ақаусыз өз уақытында тапсыру. Өз мамандығымды толықтай игеру үшін Қазақ қатынас жолдары университетінен жоғары білім алдым, - дейді Г.Сыдықова.
Кейіпкеріміздің ұлы Дәурен де теміржолшы. Болашақта техникалық конторада оператор. Өзі - станцияда аға жүк және багаж қабылдап-тапсырушы. Күнделікті жұмысы паркке шығып пойызды қабылдаудан, құраманы бақылаудан, қажет құжаттарды реттеуден басталады. Бастысы - маңдай терін төге жүріп өзі жұмыс істейтін станцияның және теміржолдағы еңбегі енді басталып жатқан жатқан жалғыз ұлының, өзін "әже" атандырған немерелерінің Болашақтағы болашағына сенеді.
Шахида ЖҰМАН