©
Маңғыстау байлығы өткен ғасырларда-ақ еуропалықтарды қызықтырған. Бұған сол кездегі шағын экспедицияға қатысқан орыс ғалымдарының естеліктері мен болжамдары дәлел. Әр кезеңдегі тарихи оқиғалар түбек байлығын игеруге мүмкіндік бермеді. Тек қана ХХ ғасырдың елуінші жылдары назар аударылып, барлаушы-геологтар түбекті шарлай бастады. Үкімет тарапынан толық қолдау болғаннан кейін ғана түбек қазынасын игеруге қадам жасалды.
50-жылдардың аяғында Өзен кенорнына барлаушы-геологтар түпкілікті қоныстанып, өздерінің зерттеу-барлау жұмыстарын жоспарлы жүргізді. Қызылсайда алғашқы мекенжайлар пайда болып, жан-жақтан халық жинала бастады. Алғашқыда вагондар мен жертөлеге орналасып, соңынан сол маңдағы жарқабақтардағы жұмыр тастарды тұрғын үй тұрғызуға пайдаланды. Сөйтіп барлаушы-геологтардың мекені Өзен поселкесі пайда болды.
Түбекті игерушілердің жанқиярлық еңбегі босқа кетпеді. Алпысыншы жылдары Өзен кенорнынан газ бен мұнайдың көзі ашылды. 1964 жылы қазіргі мұнайшылар қаласының қазығы қағылып, қала типтес жұмысшы поселкесі пайда болды. Онда Маңғыстау жарты аралында тұңғыш рет мұнай кәсіпшілігі басқармасы құрылды, бұл өлкеде екпінді құрылысшы бригадалары жасақталып, тұрғын үйлер мен мәдени объектілерді салу басталды.
1968 жылы 21 қазанда Қазақ ССР Жоғарғы Кеңес Президиумының № 1241 Қаулысымен Гурьев облысы құрамында Өзен ауданы құрылып Жаңаөзен поселкесі қала статусын алып, Новый Узень қаласы деп аталды. Өзен ауданының құрамына Новый Узень қаласы (аудан орталығы), Ералиево Жетібай, Өзен поселкалары кіріп, Шевченко қалалық кеңесіне қарады.
Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1968 жылғы 31 қазандағы № 1273 Қаулысына сәйкес Новый Узень поселкелік кеңесінің депутаттары Новый Узень қалалық кеңесінің депуттары ретінде өз өкілеттерін сақтады.
1968 жылғы 15 қарашада Новый Узень қалалық депутаттаркеңесінің 1-ші ұйым-дастыру сессиясы болды. Онда қалалық атқару комитетінің төрағасын, жауапты хатшыны, атқару комитетінің мүшелерін сайлап, тұрақты комиссиялардың төрағаларын бекітті. Қалалық атқару комитетінің алғашқы төрағасы болып Көбен Орынбасаров, жауапты хатшы болып Валентина Иосифовна Журавлева сайланды.
Қалалық атқару комитетінің мүшелері болып А.Кондратьев, Жайберген Бірқұлақов, Түкібай Айдаров, Қабидолла Нұрғалиев, Әділғазы Есібаевтар сайланды. Сондай-ақ, сессияда қалалық кеңестің тұрақты комиссиялары құрылып, олардың төрағалары бекітілді.
Мандат комиссиясының төрағасы болып Жайберген Бірқұлақов, қаржы-бюджет комиссиясының төрағасы - Рзахан Сарыев, сауда және қоғамдық тамақтану комиссиясының төрағасы - Ф.К.Журавлев, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру комиссиясының төрағасы - С.А.Орлов, ана мен баланы қорғау, мәдениет, білім беру комиссиясының төрағасы - А.А.Миронович, заңдылық сақтау және қоғамдық тәртіпті қорғау комиссиясының төрағасы - Н.Ф.Марков, көркейту және тұрмыстық қызмет комиссиясының төрағасы - К.М.Цыпугин бекітілді.
Қазіргі Жаңаөзен қаласы қала ретінде өз жұмысын осылайша бастады.
1973 жылы 20 наурыздан бастап Новый Узень қаласы жаңадан құрылған Мангышлак облысының құрамында болып, облыс қабағынған қалаға айналды.
1974 жылы Мангышлак облысының құрылуына байланысты Өзен ауданы таратылды, Новый Узень қаласының әкімшілігіне Өзен поселкесі қарады.
Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1988 жылғы 2 маусымдағы № 30172 Жарлығына сәйкес Мангышлак облысының таратылуына байланысты Новый Узень қаласы Гурьев облысының құрамына енді.
Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1990 жылғы 17 тамыздағы № 216-ХІІ Жарлығына сәйкес Маңғыстау облысы құрылып, Новый Узень қаласы осы облыстың құрамына қайта енді.
ҚР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 7.09.1993 жылғы №2410-ХІІ Жарлығы негізінде 1993 жылдың 7 қыркүйегінен бастап Новый Узень қаласы Жаңаөзен қаласы депаталды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда Алғыс айту күні қалай өтуде?Жаңаөзен қаласы 60 мың халыққа есептелініп, Маңғыстау түбегінің континентальды бөлігінде, теңіз жағасынан 60 километр қашықтықта орналасқан. Жері тастақ, төңірегі кеңістік, жазық дала. Облыс орталығы Ақтаудан Жаңаөзенге дейінгі арақашықтық - 150 километр.
2006 жылғы дерек бойынша Жаңаөзен қаласында 28 ұлт өкілдерінен тұратын 93 мың халық болды. Жаңаөзен қалалық әкімдігіне Теңге поселкесі (тұрғындардың саны 13300 адам) және Қызылсай селосы (4200 адам) кіреді.
Маңғыстау түбегінің төрінде орналасқан Жаңаөзен қаласының пайда болуы осы жерде ашылған ірі мұнай кенорнының игерілуіне байланысты.
Қала тарихы оның негізін құрайтын өндіріс орындарының тарихынан тұрады. Солардың ішінде қаланың өркендеуіне «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның орны ерекше.
Жаңаөзен қаласының тарихы туралы мұрағат деректері осылай дейді.
Сандуғаш САРБЕКОВА, қалалық мемлекеттік мұрағатының директоры