«Алғыс айту күні» мерекесіне орай Қарттар үйінде айта жүрерліктей іс-шара өтті.
Жас келген соң ұйқы қашатыны белгілі жәйт. Онсыз да таң қылаң бере тұрып алатын қариялар «Концерт болады» деген хабарды алдын-ала естіген соң қалайша кірпік ілсін! Жақсысын үстіне киіп, қуанышқа арнаған иіссуларын сеуіп, дәліз бойын әрі-бері кезіп, жүздерінен шаттық есіп, ерекше толқыған жарым көңіл жандардың осындай сәттерді асыға күтетіндігін әр сапар келген сайын байқаймын.
Кіреберіс алды түрлі-түсті шарлармен әсем безендірілген. Музыка әуені зал ішін кернеп тұр. Шарықтап, мың сан сиқыр күйге түсірген ән, бұралып, қимыл-қозғалысымен еліткен би де осында. Қол шапалақ, қошамет тағы бар. Жанға жайлы, сабырлы, баяу ырғақ өн-бойыңды балқытып, ұйытып, тылсым әлем, тыныштық болып әлдилегендей ме...
- Кәне, билеп жібереміз бе? - деді енді бір сәт әнші жігіт. Содан кетті дейсің екпінді әуен, қызу ырғақ көпті серпілтіп, сергітіп, секіртіп, айрықша күйге түсіртіп. Аяқ-қолдары еркіне бағынбайтындар, өздігінен қозғала алмайтындардың ішінде де жай көрермен болғысы келмей, арбамен ортаға шығып, әуенге ілесіп, шыр айналып, «билеп» жүргендер де баршылық.
- Көктемнің алғашқы күні «Алғыс айту күні» мерекесіне орай «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мен облыстық ғылыми-әдістемелік орталық бірлесіп, Қарттар үйінде тұрып жатқан қарияларымызға мерекелік көңіл-күй сыйлағымыз келді. Өзіңіз де көріп тұрсыз, бәрі ойдағыдай өтіп жатқан сияқты. Апа-ағаларымыздың жүзіндегі қуанышты көріп, біздің де көңіліміз көтеріліп қалды. Адамға қуаныш сыйлаудан асқан ғанибет жоқ екендігін сезініп тұрмын. Аманшылық, тыныштық болсын! Қарияларымыздың қабағын кірбің шалмасын! - дейді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ кәсіпорнының «Нұр Отан» бастауыш партия ұйымының төрағасы Ғани Әбдісалық.
Сахнаға сән беріп, ажар қосып бишілер шықты. Ақ, көк, жасыл, сары түс дейміз бе, талғаммен тігілген киімдері қандай! Мың бұралған, жеп-жеңіл қимылдарын айтсаңшы!
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Бейнеуде республикалық ауқымдағы жәрмеңке өтті- Қарттар үйіне түрлі мерекелерде келіп, өнер көрсетіп тұрамыз. Бүгін бірінші рет «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясымен бірлесіп концерт қойып жатырмыз. Бағдарламамызда ән, би, күй дейміз бе, бәрін қамтуға тырыстық. Сұраулары бойынша өзге кәсіпорында жұмыс істейтін өнер шеберлерін де шақырып отырмыз. Қариялардың өздері де белсене қатысып, би билеп, концертіміздің қызықты өтуіне үлес қосуда, - деп облыстық ғылыми–әдістемелік орталықтың бөлім меңгерушісі Төлес Нұрмағанбетұлы әңгімеге араласты.
Әуелеген әуен, қалықтаған ән ардагерлердің жастық шақтарының көңілден өшпес жарқын суреттерін көңілде жаңғыртқандай. Қариялардың жанарындағы жылт еткен қуаныш оты, тебіреніс әсері, күңгейі басым тірлікті тіліп өткендей сәуле ұшқыны осындай кездесулердің, басқосулардың жарымкөңіл жандар үшін аса қажеттігін аңғарта түскендей. Қарияларымызды қуантып тұрайықшы...
Болат ҮМБЕТОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="49450,49453,49451,49449,49452,49448"]