Қазіргі қоғамда қолайсыз құбылыстар мен келеңсіз көріністер көптеп кездеседі. Себебі «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілгелі» тұрған шағы.
Яғни, халықтың әлеуемттік жағдайында ауытқушылықтардың айқын аңғарылып тұрған кезеңі. Ұшқыр инфлияция қарыштап қадам басып, тұрақтылық сағымға айналған шақ. Баспана, жұмыссыздық мәселелері алқымнан алып, қабырғаны қайыстырып, қос өкпені қыса түскен кезең. Кейде тығырыққа тіреліп, тынысы тарылған тұрғындар тұтқиылдан келген талан-таражға төтеп бере алмай қалады. Халықтың осындай осал тұстарын ұтымды пайдаланатын әзәзілдер жыландай арбайды. Қолынан келмейтін шаруаны айтып, жалған уәдені көбіктей көпіртіп үйіп-төгіп, аңқаулар мен аңғалдарды мәмелектей шыр айналдырып, құрғақ қиялдың шырмауына шырмап, кездескен «жемтігін» еш қиындықсыз оп-оңай торға түсіреді. «Жалақысы жоғары жұмыс тауып беремін» деген жалған сөзге сенген байғұс, «банк» деген «нағашысына» барып, несие алып, қарызданып-қауғаланып тапқан-таянғанын саналы түрде апарып алаяқтың алақанына салады. «Іш ауру өзімен тұрмай, дамбалды ала кетеді» дегендей, әлгі «жемтік» өзімен тұрмай бала-шағасын да, тамыр-таныстарын да көп ұзамай жуылмаған қасық сияқты «көз көрген», «жүзі таныс» алаяғының жемтігіне айналдырады. Сөйтіп ақыр аяғында табылған жұмыс жоқ, әлде қайтқан ақша жоқ, аяқастынан алаяққа алданып, мойнына қомақты қарыз ілдіріп, орынсыз опық жеп, ішпей-жемей жазықсыз жапа шегіп, сан соғып қалады.
[caption id="attachment_49412" align="alignleft" width="276"] Махамбет Толтанов[/caption]Иә, алаяқтық бұрын да болған, қазір де бар, келешекте де бола береді. Өмірдің ағымына, заманның талабына, тіршіліктің тынысына қарап әдісі мен тәсілі, формасы мен пішіні өзгеріп отыруы мүмкін. Бәрібір – алаяқтықтың түп атасы бір. Мақсаты – адамды алдау, арбау арқылы өзгенің мүлкін, ақшасын иемденіп, оңай олжаға кенеліп, шексіз байлыққа ие болу. Міндеті - өзі өмір сүріп жатқан қоғамға кедергі келтіріп, өскен ортасына зиян жасау. Олар тірліктегі ар, ұят, ождан,намыс, имандылық деген құнды дүниелер мен ахиреттегі алдынан шығатын құбылыстарды ешқандай ойына да алмайды. Егер жазатайым жазаланып, жегені желкесінен шықпаса.
Алаяқта ағайын да, тума-туысқан да, дос-жаран, жолдас-жора да болмайды. Оларға бәрібір. Жұртты алдаса, содан қолына ақша түссе «бес күнім – қош күнім» деп жүре береді. Себебі барлық ой-пікірі, арман-мақсаты, болмыс-бітімі, мүддесі мен міндеті, талабы мен әрекеті айналасындағы адамдарды алдау, арбау арқылы ақшасын алып, мүлкін пайдаланып, зар илету.
Алаяқтық ауру емес - әдет. Алаяқтық қасиет емес – індет. Сондықтан алаяқ адам отбасының абырой-атағына, әулеттің ар-намысына, отағасының беделіне, шен-шекпеніне, бала-шағаның бедеріне қарамайды. Өйткені, оған олардың бәрінің құны – көк тиін. Бірақ соңғы кезеңдері қазақтың қаракөз қыздарының осынау жарамсыз әдет, жағымсыз індетке көбірек ұшырауы аса өкінішті. Қазақта «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деген даналық сөз бар. Өмірге перзент әкеліп, оны түн ұйқысын төрт бөліп, мұздай бесік таянып емізіп, өсіріп тәрбиелейтін, жүрегі мейірімге толы аяулы ана, ардақты жандарымыздың арасынан осалдық танытып, жаман іске қадам қоятындардың қатары көбейіп бара жатқандығы қабырғаңды қайыстырады. Ұжмақтың кілтін де аналардың табанының астынан іздейтін дана халықтың, сол бесікті түзеуге тиіс асыл жандарының асқаралы армандарын ардыра қалдырып жүргендері жүрегін езіп, өңешін өртемей ме? Біз осындай ойларға байланысты алаяқ әйелдердің отбасы мүшелері мен тума-туысқандарының, отағасы мен өсіп келе жатқан ұл-қыздарының келешегін ойлап, беттеріне шіркеу болмасын деп, адамгершілік этиканы сақтай отырып, атын атап, түсін түтемеуді жөн көрдік. Әйтпесе, соттың үкімі шығып, жыл кесіліп, түрмеде отырған жандар туралы көзін бақырайтып қойып сартылдатып айта берсек те, жаза берсек те қолымызды ешкім қақпас еді. Әрине, біз қазақтың барлық әйелі осындай деп көпке күл шашқалы отырған түгіміз жоқ. Бірақ өкінішке орай «Бір қарын майды шірітетін, бір түйір құмалақтар» қаракөзді нәзікжандыларымыздың арасында шектен тыс көбейіп бара жатқандығына қабырғамыз қайыспайды емес, қайысады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін мысалдарға жүгініп көрелік. Ол үшін соңғы үш жылда Жаңаөзен қалалық сотында осы алаяқтық бабы бойынша қаралған қылмыстық істерге назар аударып, сараптап көрелік.
2015 жылы қалалық сотта ҚР ҚК-нің 190 бабымен 16 тұлғаға, 177-бабымен 2 тұлғаға қатысты, яғни барлығы 18 қылмыстық іс түсіп, оның ішінде 16 қылмыстық іс қаралған. 2016 жылы 31 қылмыстық іс, 32 тұлғаға қатысты қаралған. Соның ішіндегі 22 қылмыстық іс қаралып, 24 әйелге қатысты аяқталған. Ал 2017 жылы 23 қылмыстық іс қаралып, 25 тұлғаға қатысты аяқталған. Соның 17 тұлғасы әйелдер. Жалпы алаяқтық қылмыс бойынша әйелдер қанша пайызды құрап тұрғандығын өздеріңіз бағамдай беріңіз.
Сотталған Ж.К. мұнай саласына жұмысқа орналастыратынын айтып, жәбірленушілер М.Қ-ның 2 млн, Ч.И-дің 1 млн, Қ.И-дің 1 млн, Ж.Т-ның 500 мың, Н.И-дің 500 мың, Е.Қ-ның 2 млн 200 мың теңге ақшаларын алаяқтық жолмен алып, материалдық залал келтірген. Нәтижеде ол ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігінің 1 және 3 тармақтарымен кінәлі деп танылып, оған осы баппен өзіне тиесілі мүлкі тәркіленіп, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Сотталған Г.Н. бұл да мұнай саласына жұмысқа орналастырамын деп жәбірленуші Н.Ө-ден 680 мың теңге, Н.Е-ден 1 млн 305 мың теңге ақшасын алаяқтық жолмен алдап алып, материалдық шығынға ұшыратқан. Ақыры қолға түсіп, ҚР ҚК-нің 177-бабының 3-бөлігінің «б» тармағымен кінәлі деп саналып, 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сотталған А.И. «Әсем» тұрмыстық үйіне орналасқан нотариус кеңсесінің ішінде М.Е-ны «Жөндеу» ЖШС-не бұрғышының көмекшілігіне жұмысқа орналастырамын деп 1 млн 500 мың теңгесін алдап алып, қылмыс болған жерден бой тасалап кетеді. «Жасырынбас жаман ат, ақыр бір шығар білініп» дегендей А.И. соттың қара орындығына отырғанда қолмен істегенін мойнымен көтеріп, бар кінәсін мойындады. Сөйтіп «Алмақтың да салмағы бар» дегендей 3,5 жыл арқалап, түрменің төріне тартып кетеді.
Міне, осының бәрі қазақтың қаракөз қыз-келіншектері. Айта берсек бұл тізімді әрі қарай жалғастырып, дәлелді мысалдарды соза беруге болады. Дегенмен мына бір «ару» басқаларға қарағанда ерекшелеу сияқты. Ерекшелігі сол, ол басқаларға қарағанда өте тәжірибелі, әрі әккі алаяқтардың қатарында. Басқа «әріптестерін» шаң қаптырып кеткен сияқты. Өзі анау-мынау емес, облыстық деңгейде «жортып, саяхаттап, сапар шегіп» алаяқтық жасайтын секілді. Тағы бір ерекше қасиеті 6 айдың ішінде «тынымсыз еңбек етіп», жиырма бес адамның 5,5 миллионнан астам ақшасын алдап алып, тақырға отырғызып, рекорд жасаған. Құрған торы мен қармағына күніге, тіпті кейде бір күнде екі реттен «олжа» түсіп отырған.
1987 жылы 23 қаңтарда Қарақалақстан Республикасында туылған К.Ж. бүгінгі таңда Қарақия ауданында тұрады. Бірақ ол жарты жылдық «іссапармен» келіп, «жемтігін» Жаңаөзеннен іздеп жүрген жерінде тұтқындалып, тиісті жазасын алды.
Ол 2017 жылы 7 ақпан күні қаладағы 3 «а» шағынауданында орналасқан «Мемлекеттік мекемелер» ғимаратының жанында жәбірленуші С.Д. деген келіншекке «УОС-1» мекемесінің асханасына аспаздың көмекшісі ретінде жұмысқа орналастырамын. Ол үшін медициналық тексеруден өту қажет» деп алаяқтық жолмен 22 мың теңге ақшасын алып кетеді. Содан кейін 26 ақпан күні «Көктем» шағынауданының №58 үйінде «Өзіңді тез арада жұмысқа кезексіз орналастырамын. Ол үшін 68 мың теңге ақша қажет» деп 68 мың теңге ақшасын алған. Сөйтіп небәрі 19 күннің ішінде Д.С-ға 90 мың теңге материалдық шығын келтіреді. Осы 19 күнде әрине қарап жатпайды. Ақпанның 20-сы күні әлгі пәтерінде Ж.С. деген азаматқа «Сені «Бұрғылау жұмыстары басқармасына» (БЖБ) жөндеушілік жұмысқа орналастырамын. Ол үшін 1 млн теңге қажет» деп сол бойда 60 мың теңгесін алып қалады. «Қалғанын ертең айлығыңнан ұстап тұратын боламыз» деп әбден сендіріп жібереді. Арадан бір апта өткенде Ж.С-ға А.Н. деген балаңды да сол мекемеге дәл сондай жөндеушілік жұмысқа орналастырамын» деп тағы 60 мың теңгесін иемденеді. Ж.С-ның сеніміне әбден кірген К.Ж. 5 маусым күні «Жалымбетов медицина орталығының» қасында «Дәрігерлік байқаудан өткзу үшін» деп 50 мың теңгесін қағып алады. Сөйтіп ол Ж.С-ға жалпы 650 мың теңге материалдық шығын келтіріп, «оңай олжаға» кенеледі.
«Дәніккеннен құныққан жаман» дегендей К.Ж. бірте-бірте тәжірибе жинақтап, алаяқтықпен ақша табуға құныға кірісті. Мысалы, 10 наурыз күні сағат 13-30 шамасында азамат А.М-ды «УОС-1-ге жұмысқа кіргіземін деп әуелі 90 мың теңгесін, «Медициналық байқаудан өту үшін» деп 4 мың теңгесін алып, қалтасына басады. Ал сол 10 наурыз күні сағат түстен кейінгі 15-00 шамасында Қ.С. деген азаматты «Бұрғылауға» жұмысқа кіргіземін» деп 70 мың теңгесін иемденіп кетеді.
Н.Р. деген азамат әлгі алаяқтың арбауына түсіп, «Өзенмұнайгаз» ААҚ-тың №1 мұнай және газ өндіру басқармасына жұмысқа кіргіземін деген сөзіне сеніп, ол сұраған 250 мың теңгенің орнына 22 мамыр күні 150 теңгесін қолына ұстатады. 23 мамыр күні қайтадан кездесіп «ақша жетіңкіремей тұр» деп тағы 100 мың теңгесін алады. Арадан төрт күн өткесін Н.Р-дың інісі К.Б-ны «МаңғыстауМұнайСервис» мекемесіне жөндеушілікке жұмысқа орналастырамын деп тағы 150 мың теңгесін жымқырып кетеді. Бұл мамырдың 27-сі күні болатын.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстауда учаскелік полиция инспекторлары жетіспейдіСөйтіп Н.Р. жалпы 400 мың теңгеге шығындар болады. Онымен де қоймай әлгі алаяқ Н.Р-дың танысы М.Ә-ні де «МаңғыстауМұнайСервис» мекемесіне жұмысқа орналастыратын» болып уәде беріп, оның да 150 мың теңгесін үптеп кетеді.
К.Ж. «операцияларын» одан әрі жалғастыра түседі. 26 маусым күні сағат 09-00 шамасында Ш.Д-дан 159 мың теңге, түстен кейін сағат 15-00 шамасында Р.К-дан 150 мың теңге, ертеңіне сағат 10-00-де азамат М.Д-дан 150 мың теңге ақшаны өз қолдарынан алып кетеді. Айта берсек мұндай мысал өте көп. Ол өзінің арам ойларын іске асыру үшін «операцияларын» 2017 жылдың ақпанынан тамыз айының ортасына дейін өте қарқынды жүргізеді. Оның осындай әрекеттеріне 13 тамыз күні сағат 16-00 шамасында А.Ж. деген азаматтың А.Н. және Б.С. деген екі баласын «жұмысқа орналастыру» үшін алған 540 мың теңге ақшасы соңғы нүктесін қояды.
К.Ж, соңына қарай ешкімнен сезіктеніп, сескенбей, әбден еркінсіп, қала көшелерінің жұрт көп жиналатын жерлерінде ашық «үгіт-насихат» жұмыстарын жүргізе бастайды. Қомақты ақшаларын алған адамдарды қаладағы «Жалымбетов медицина орталығының» алдына шақырып, «Дәрігерлік тексеруден өту үшін» деп 4 мың теңгеден бастап, одан да жоғары ақша жинауды үрдіске айналдырған. Істеген істері сенімді әрі дәлелді болуы үшін қармағын қапқан жандардың көпшілігінің түйіндемелерін, жеке куәлік, еңбек кітапшасы, диплом секілді негізгі құжаттарының көшірмелерін де жинап алған.
«Орда бұзар отыз жаста алаяқтық жасап, жұрттың бәрін алдап, сергелдеңге салып, қылмыстық іске қадам қойған келіншектің басына не күн туды екен?» деп ойлап отырған шығарсыздар. Біз де сондай күйдеміз. Неге дұрыс еңбек етіп, бала-шағасының аузына тапқан азды-көпті адал асын салмайды екен? Әлде «Алдыңғы арба қайдан жүрсе, соңғылары содан жүретінін білмеді ме екен? Келешекте кесірі ұл-қыздарына тиетінін пайымдамаған ба? Әйтпесе, «Шешең 3 жылға сотталған қылмыскер» деп кез келген қатар-құрбысыны, өмірлік жолдасы мен балаларының беттеріне басатын нағыз шіркеу екенін неге ойламаған?» деген сияқты сан сұрақ санамызды шырмап отыр.
Қазақта «Шықташыға – иесі себепші» деген сөз бар. Сол айтылғандай біздің халқымыздың танымайтын кісілерге сенгіштігі абырой әпермей жатады. Әйтпесе, бұрын-соңды көрмеген адамының ар жақ-бер жағын, яғни түп дерегін анықтап, зерттеп, зерделеп алмай сенудің аяғы осындай келеңсіздіктерге әкеліп соғатынын естен шығармаған жөн. Сондықтан «Өзіңе-өзің сақ бол, көршіңді ұры тұтпа» дегіміз келеді.
Махамбет ТОЛТАНОВ, Жаңаөзен қалалық сотының судиясы
Мұратбай ҰЛЫҚПАН, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі