Көктемнің алғашқы күні – Алғыс айту мерекесі. Мейірімді де шуақты мейрам аясында Мұнайлы ауданының ауған соғысы ардагерлері «Тәуелсіздік саябағында» тал екті.
Аудан ажарын ашып, көркейту және жасыл желекке бөлеу үшін ауған соғысы ардагерлері мен жастар жұдырықтай жұмылып, іске білек сыбана кірісті. Қолдарына бір-бір күрек ұстап алған жастар ардагерлерге қолғабыс болып, тал егуге көмектесіп, саябақтың сәнін келтірді. Бұл көпке ортақ игілікті істе Мұнайлы ауданының әкімі Нұрлан Тәжібаев та қалыс қалмай, көгалдандыру шарасына үлес қосты.
«1 наурыз – барша қазақстандықтар үшін бір-біріне ыстық ықыласын, риясыз пейілін, шексіз алғысын білдіретін Алғыс айту мейрамы. Бірлік пен татулықты ту еткен мерекеде ауданның ауған соғысы ардагерлері мен жастары саябақты жасыл желекке айналдыруды көздеп, талдар еккені – өте жақсы бастама болды. Бұл шара арқылы жастар ардагерлерге қарап бой түзеп, рухани тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге алары сөзсіз. Ауданның 10 жылдық мерекесіне орай ашылған саябағымызды көркейте береміз. Мұндай ізгілікті шаралар жалғасын табатынына сенімдімін», - деді Мұнайлы ауданның әкімі.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Химиялық кастрация: ауыр қылмыстың жазасы да ауыр болмақОдан соң ауған соғысы ардагерлері Мұнайлының жалғыз Ұлы Отан соғысының ардагері – Абдулла Утаевтың үйіне бас сұқты. Ардақты ардагерді мерекемен құттықтап, қазіргі ұрпаққа, қазақ еліне бейбітшілік сыйлағаны үшін алғыс айтты. Баянды ауылында тұратын ақсақал 95 жастан асса да, әлі де тың, қуатты. Көп жасаған қария келген қонақтарға қуанып, сый-сияпаттарына, құттықтауларына рахметін айтып, ақ батасын берді.
«Қазір ауданда 170 ауған соғысы ардагері бар. Біз бұл мерекелік шараны Мұнайлы ауданының әкімдігімен бірлесе ұйымдастырдық. Көктем келіп, жер беті жаңарып, ғажайып түрге енеді. Алғыс айту күніне орай табиғат-анамызға, жерімізге алғыс айтып, оны гүлдендіріп, көрік қосу үшін саябақтағы «Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштің» жанына 50 тал ектік. Онымен қоса, Отан үшін отқа түсіп, әлемге, елге тыныштық пен бейбітшілік сыйлаған ауданның жалғыз қалған Ұлы Отан соғысының ардагеріне шексіз алғысымызды білдірдік», - деді ауған соғысы ардагерлерінің «Бауырлас жауынгерлер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мәтжан Шаулиев.
Ханым ҚУАТ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="49435,49440,49436,49438,49439,49437"]