Маңғыстау - тарихи шежірелерге бай өлке. Осы тарихи шежірелерімізді намысты қолдан бермей елін қорғаған батырлардың есімдері мен ерлік істері дәлелдейді.
Қасиетті жерімізді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен сақтап қалған батырлардың ерен ерлігі ұрпаққа өнеге. Қазақ халқы ел қорғаған батырларының өшпес ерлігін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырған. «Елінің даңқын батыр да шығарады, ақын да шығарады» дегендей, мақала ерлігі мен әруағы жарқылдаған киелі Маңғыстаудан шыққан Құлбарақ батыр жайында болмақ.
Құлбарақ қорымы Маңғыстау ауданы, Шетпе селосынан 36 шақырым солтүстік бағытта орналасқан. Қорымның пайда болуы шамамен XVIII-XIX ғғ. жатқызылады. 1984 ж. СНРПМ «Манғышлакреставрация» Рягузова О.П-ның жетекшілігімен экспедиция жұмыстары жүргізілді. Қорым алғаш рет 24.10.1987 жылы Халық депутаттарының Маңғышлақ облыстық советі атқару комитетінің №496 шешімімен мемлекеттік қорғауға алынған. Қазіргі таңда Маңғыстау облысы әкімдігінің 2018 жылғы 5 қаңтар №3 қаулысы бойынша жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне енгізілген.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Құлбарақ батыр кесенесі өңірлік маңызы бар қасиетті нысандар тізімінің қатарында.
Құлбарақ Табылдыұлы (1790-1832) маңғыстаулық Беріш (қаратоқай) руынан шыққан. Өмір сүрген кезеңі қазақ халқының басына зобалаң мен үлкен қайғы-қасірет әкелген аласапыран жаугершілік заманына тап келеді. Діни оқуы бар Құлбарақтың таным-түйсігі мен сезім-болжамы ерекше болған. Жорыққа аттанар алдында намазға жығылып, соғыстың сәтсіз аяқталатынын білсе де жауға қарсы аттанған деседі. Оның батырлығымен қоса әулиелігі әруақтап ұран шақырғанда аспанды қара бұлт торлап, дауыл соғып, жаудың үрейін алған екен. Құлбарақтың атасы Есболай ең алғаш Маңғыстауға келіп, табан тіреген қазақтардың көшбасшыларының бірі болған. Есболай әулеті Арал теңізінің терістік жағасындағы Борсық деген жерді мекендейді. Халқына қорған болған Есболайдың қазақтың басқа да рулы елдеріне де көмегі тиген. Есболай тұқымдары ерлік пен жауынгерлікке тәрбиеленген, жаппай батыр болған. Құлбараққа отансүйгіштік қасиет ана сүтімен, Қаратоқай, Есболай, Итемген секілді жоңғарлар мен қалмақтарды ойсыратқан, қазақ жерін жаудан қорғаған ержүрек ата-бабаларынан дарыған. Әкесі Табылды да Атырау мен Маңғыстауды Хорезм басқыншыларынан қорғаған айтулы батыр болған. Ол жоңғар қалмақтарына қарсы жорықтарға белсене араласып, үлкен ерліктер көрсеткен.
XIX ғасырдың 30 жылдарында болған қазақ пен хиуалық түрікпендер (яғни адай мен жәуміттер) арасында Маңғыстаудың Бозашы-Қабақты деген жерінде отырған Сүйінқараның ауылын Хиуа ханы Аллақұлдың Сүйінпұшық деген уәзірі бастап келген қалың қол шауып кетеді. Қазақ батырлары оларды қуып келіп, Қарнау деген жерде үлкен шайқас болады. Қарнау қырғынын Абыл ақын өз жырында, яғни Қырғынсай деген жерде болған оқиғаны ерекше сипаттайды. Шайқаста Мәмбетнияз күшбегі басқарған түрікмендердің қолы қазақтардан көп болады. Осы қақтығыста түрікмендер “Сүйінқараның басын алып келіңдер” деген Аллақұл ханның жарлығын орындаймын деп жүріп, түрікменмен шабысып, алдыртпай, арпалысып жүрген Сүйінқара мен Құлбарақты шатастырып алыпты. Қалың жаудың ішінде жалғыз қалып қойған Құлбарақты сыртынан түрікмен Назар келіп, қылышымен мойнын шауып түсіреді. Домалап жерге түскен басты Назар қоржынына салып алады. Аңыз бойынша басты хан алдына әкеліп көрсеткенде әлгі бас миығынан күліпті делінеді. Аллақұл хан «Бұл Сүйінқараның басы емес, бір мұсылманның әруақты асыл батыр азаматының басы екен. Ақ жуып, арулап, қауымға қойыңдар» деген екен. Құлбарақ батырдың басы Хиуа өңіріндегі Махмұт палуанның күмбезінде жерленген. Ол жер «Бас әулие» деп аталады. Ал Құлбарақ қорымында денесі жерленген. Майдан даласында бассыз денені батырдың арқасындағы меңі арқылы тапқан делінеді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: «Маңғыстаудың Затаевичі»Құлбарақ әулиенің екі жердегі бейітіне де зиярат етушілер көп келеді. Ел сыйынған әулие бабамыз туралы тарихи деректер маржан сөздің жауһарлары - Абыл, Мұрат Мөңкеұлы секілді ақындардың еңбектері арқасында осы күнге жеткізілді. Құлбарақ әулие басына қонғанда тек Құлбараққа ғана емес, сол қорымдықтағы Құсан әулие мен Бекжан әулиеге де шырақ жағылады. Бүгінде қорым басына Құлбарақ әулиеге арналған түнемелік үй салынған. 1991 жылы Беріш ата ұрпақтары үлкен мешіт ғимаратын салдырып, ескерткіш тақта қойғызды. 2000 жылы Құлбарақ атаның туғанына 210 жыл толуына орай Тілеген Кенжебекұлының бастамасымен қазіргі заман үлгісінде дулыға тәрізді ақ кесене орнатқан. Авторы - мүсінші Әбіш Кенжебаев.
Құлбарақ батыр - ел басына күн туған жаугершілік заманда ел мүддесін қорғаған батыр, әулие және сан қырлы қасиет иесі. Бүгінде батырдың аянбай еткен ерлігі ұрпақтан ұрпаққа жетіп, батылдық пен батырлықтың өшпес үлгісіне айналды. Сондықтан, халық арасында айтылып жүрген аңыз-әңгімелер құнды дүние болып сақталады.
Пайдаланылған дерек көзі:Марал ЕРМҰХАНҚЫЗЫ, Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының қор секторы меңгерушісі