Қазақ елінің тарихында өзінің есімдерін алтын әріппен жазып кеткен батыр әйелдер болды. Солардың бірі – ерліктері мен ақылдылығының арқасында тарихта атын қалдырған Бопай сұлу (Әбілхайырдың бәйбішесі, ХVІІІ ғасыр).
Бопай сұлу туралы бүгінге дейін өте аз және жалған жазылды. Бопай түгілі оның жұбайы – Қазақ елі тарихындағы ұлы тұлға Әбілхайыр хан туралы қанша көп жазылса да осы уақытқа дейін жалған жазылды. Бопай сұлуды зерттеу арқылы ғалымдар Әбілхайыр өмірбаяны туралы көптеген жаңалықтар ашты.
Сұлтан Жәнiбек батыр мен Әбiлхайыр туралы аңыздарды қарасақ Бопай сұлу тарихына тікелей қатысы бар екенін көреміз. Әйгiлi қазақ батыры Жәнiбек (оның өлген жылы 1751) жаздың бiр әдемi күнiнде өз нөкерiмен бiр жақтан келе жатқанда жолшыбай ағаштың түбiнде ұйықтап жатқан бозбаланы көредi. Бала алаңсыз ұйықтап жатыр, жанында қару-жарағы. Жәнібек батыр балаға қызыға қарайды. Қандай әдемi жiгiт! Тегiн бала емес екенiн көрген Жәнiбек батыр танысып, жөн сұраспақшы болады да найзасының ұшымен түртiп оятады. Оянып кеткен бала бұған шамданып, садағына жармасады да, найза ұстап тұрған атты кiсiнi дереу атып салмақшы болып кезене бергенде, Жәнiбек батыр: – Тоқта, бала, тентек болма, жөн сұрасайық. Мен Жәнiбекпiн. Менiң атымды талай естiген боларсың. Бiз саған доспыз. Өзiң кiмсiң? – деп сұрапты.
Сонда Әбiлхайыр садағын кезеген күйi: – Әйгiлi Жәнiбек батыр болсаң боларсың, бiрақ қарап жатқан адамға неге тиiсесiң. Мен ешкiмге бағынышты адам емеспiн… Алайда жаныма келiп ат үстiнде тұрып найзамен түрткен адамға мен де солай жауап беремiн. Мен кедеймiн, кедей болсам да намысымды ешкiмге бермеймiн. Сен Жәнiбек, достығың рас болса, өз жөнiңмен жүре бер, мен де өз жөнiммен кетейiн. Мен сұлтан Әбiлхайырмын, – дегенде, қатесiн мойнына алған Жәнiбек батыр атынан секiрiп түсiп баланың қолын алады. Осы бозбаланың әрбiр сөзi мен оттай жанған көзi, келiстi батыр пiшiнi Жәнiбек батырға қатты ұнайды. Мiне, сол күннен бастап олардың өмiр бойы жолы бiрге болған едi… Қысқасын айтқанда, Әбiлхайырдың өз басы туралы аңыздардың көбi оның балалық шағының оншалықты тәттi бола қоймағанын дәлелдейдi. Сондықтан ол ерте ержетiп өз басы ғана емес туысқандарының да қамын ойлап, қасқырша жанталасып жастық өмiрiн өткiзген. Сол кездегi Кiшi Жүз халқының Ресей империясынан көрiп жатқан неше түрлi қастандығын Әбiлхайыр өз көзiмен көрiп, жас та болса жүрегiнiң түбiне түйiп өстi.
Қажы сұлтанның және оның туыстарының балалары Арал теңiзiнiң солтүстiк жағын қыстап, жазда Торғай, Ырғыз өзендерiнiң жоғарғы жағында, яғни Ембi өзенiне жақын жердi жайлайтын. Бұл жерлер XVII ғасырдың ақырынан бастап Ресей итаршыларының шабуылына душар болды. Олар негiзiнен Ресейдiң орыс-казак отрядтары мен олардың күштi жандайшаптары қалмақтар болатын. Сол кезде Едiл қалмақтарының басшысы Аюке хан болды. Ресей патшасы I Петрдiң сүйген құлы Аюке тұсында қалмақтар өте күшейдi. Қазақ елiне шабуыл жасау үшiн Ресей патшасы қалмақтардан ештеңе аяған жоқ. Тiсiне дейiн қаруландырды. Едiл қалмақтарының және оларды басқарып жүрген орыс-казак отрядтарының қазақ елiне жасаған шабуылдары мен зұлымдықтары туралы белгiлi ғалым зерттеушi Н.Я.Бичурин: «Желая соблюдения договора с Россией, согласить с удовлетворением своей склонности (к хищничеству он (Аюке хан) обратил свое оружие на Урал на киргиз-казахов, которых беспощадно ограбил и сверх того покорил своей власти маньмолакских туркменцев» /2/–деп жазған едi. XVIII ғасырдың бiрiншi жартысы, әсiресе Аюке хан тұсында (1724 жылы өлдi) Ресей империясы Едiл қалмақтарын тiсiне дейiн қаруландырғаны соншалық, казачьи отрядтарға не берсе оларға да соны бердi… Аюке ханның күшейгенi соншалық Каспий өңiрiндегi халықтардың бәрi одан қорқатын едi. Тiптi елiн жан-тәнiмен қорғаған жас батыр Әбiлхайырдың өзi Аюке ханмен достық жақсы қатынаста болуға тырысты. Осылай елiн Ресей шапқыншылары: казачьи отрядтар мен қалмақ қосындарынан қызғыштай қорғаған жас Әбiлхайыр атақты батыр болып жетiлдi…
Кiшi жүз елiн қорғауда жас батыр Әбiлхайырдың сiңiрген еңбегi соншалық, көп ұзамай 1709 жылдың ақырында қазақ билерi мен игi жақсылары оны ақ киiзге көтерiп Кiшi жүз ханы етiп сайлады. Бұл оқиға Кiшi жүз халқыүшiнде, Әбiлхайыр үшiн де аса маңызды, әрi шешушi оқиға болды… Урал (Жайық) казачьи отрядтарымен Кiшi жүз қазақтарының ұзақ жылғы соғыстарын көре жүрiп, ат жалын тартып мiнгелi Әбiлхайыр осынау қырғын соғысқа белсене араласты. Әбiлхайырдың осындай ерлiктерiн көрген қазақ елiнiң игi жақсылары оны қалай құрметтесе, Ресей отаршыларымен қайта-қайта соғысып жүрген башқұрт халқы да оны сыйлап бас идi…
1704–1711 жылдардағы болған башқұрттардың Ресей отаршыларына қарсы ұзақ уақытқа созылған қарулы көтерiлiсi кезiнде Кiшi жүзден оларға көп көмек бергендердiң бiрi Әбiлхайыр батыр едi. Сол көтерiлiстiң ең күштi болған кезi 1708–1709 жылдарда Әбiлхайыр сонау Арал өңiрiнен 3000 әскермен келiп башқұрттарға көмектескен едi. Сол Арал өңірі деп аталатын өлкенің бір шеті қазіргі Маңғыстау жері екенін айта кетуге міндетіміз. Сонда ол қарақалпақтардың 100 жiгiтiн өзiмен ала келедi. Сол кездегi Әбiлхайырдың беделiнiң өскенi соншалық, башқұрт халқы оны хан көтермекшi болды. Осы хабарды естіген қазақ елiнiң игi жақсылары Әбiлхайырды жедел шақыртып алып Кiшi жүз ханы етiп сайлаған едi… Сол кездегi документтерде Әбiлхайырдың Башқұртстанға келiп көтерiлiстi қолдағаны туралы: «…Пришли к ним казачьи орды силы многое число…» «С ним за одно каракалпаки, касаки и ногайской даруги башкиры все…» – деп жазған болатын. Басқа бiр документте» … из казачьи орды ушли в башкирцы воевать 3000 человек, да каракалпаков 100 человек, да каратабунцев 250 человек…» – /2/ деп нақты санын жазған… Алайда сол башқұрт көтерiлiсiне көп жәрдем еткен Әбiлхайыр батыр өз әскерiмен 1709 жылдың күзiнде Түркістан жаққа қайтып кетедi. (Оның себебі Башқұрт жерінде Ресеймен соғысып жатқан Әбілхайырды Тәуке хан мен Қазақ билері шұғыл шақыртып алып Кіші жүзге хан сайлаған еді..). Сондықтан Башқұрт көтерiлiсi жеңiледi…
Мiне, Әбiлхайыр өмiрiндегi осы аталған жылдар Қазақ тарихында ерекше орын алады. Сол кезге дейiн Әбiлхайырдың беделi, батырлығы және қолбасшылық қабiлетi жанжақты көрiнiп аса үлкен құрметке ие болып тұрған едi… Кiшi жүз жерi Едiл мен Жайық өңiрiн қызғыштай қорғап талай ерлiк жасап, орыстың казачьи отрядтарын сан рет талқандаған Әбiлхайырдың еңбегi қазақ халқына да, башқұрт халқына да сiңген едi. Әбiлхайырды арнайы шақыртқан билер кеңесi Қарақұмдағы 1709 жылдың ақырындағы болған құрылтайда ақ киiзге көтерiп Кiшi жүздiң ханы сайлайды. Бұл, әрине, қазақ тарихында күтпеген оқиға едi, себебi осы уақытқа дейiн Кiшi жүзде хан болған жоқ едi, басқа жүздер секiлдi Орталық ханға бағынатын. Алайда Урал казачьи отрядтары және оның итаршылары қалмақтар шабуылынан әбден титықтаған елдi қорғау үшiн ендi ресми хан басқару керек болды. Ал осынау құрметтi орынға жан-жақты еңбегi сiңген Әбiлхайырдан басқа адам жоқ едi. Мiне, осылай көптiң ұйғарымымен, халықтың қалауымен Орталық хан Тәукенiң ықыласымен Кiшi жүздiң яғни Ресей империясымен қақтығысы әлдеқашан басталған қазақ елiнiң бiр бөлiгiнiң ханы болып сайланған Әбiлхайырдың жауапкершiлiгi мен қызметi көбейдi. Кiшi жүздi хан болып басқарып, оны Ресейден қорғау мiндетi үстiне қазақ елiн жоңғарлардан қорғауды ұйымдастыру мiндетi жүктелдi. Ес бiлгелi Ресеймен соғысып жүрген Әбiлхайырдың әскерi де көп едi және халық алдындағы беделi ұшан-теңiз болатын. Қытай мен Ресей секiлдi алпауыттардың айтағымен шығыстан қайта-қайта шабуыл жасап жатқан жоңғарларға қарсы тұру, яғни осынау алда тұрған үлкен шайқастарға елдi ұйымдастыру керек болды. Мiне, қазақ тарихында жоңғарларға қарсы сәттi күрестер 1710 жылдан басталуы Әбiлхайырдың Кiшi жүздi хан болып басқарған күннен соң болуы кездейсоқ жағдай емес. Бiз жоғарыда жас батыр Әбiлхайырдың 1710 жылға дейiнгi қазақ тарихындағы саяси тұлғасын және оның өрлеуiн қарадық. Ендi аз сөзбен оның өз басы туралы яғни хан болып сайланып елдiң мықты сенiмiне ие болғанға дейiнгi өмiрiне тоқталайық.
Жас батыр Әбiлхайыр Адай елiнiң қызын құда болып, барлық ырым жоралғысымен алғаны рас… Сол әйгiлi сұлу Бопай туралы айтатын болсақ, барлық тарихи жазба деректерде соның аты ғана жүредi. Әбiлхайырдың басқа әйелдерi болса да, Бопайды екiншi әйелi болғанына қарамастан «сұлтанша» деп жазады, яғни қазақ тiлiнде және әдет-ғұрпында оны «бәйбiше» дегенi секiлдi құрметтеп айтады. Талай жiгiт ғашық болған Бопай сұлу Кiшi жүздегi белгiлi батыр Адай Мырзатайдың апасы (әлде қарындасы) болатын. Әбiлхайырдың Бопай сұлуға үйленуi және екеуiнiң арасындағы шынайы ғашықтық махаббат пен ынтықтық туралы ел iшiнде көптеген аңыз әңгiмелер бар. Көп нұсқасы бар, сол аңыздардың бiрiндегi Әбiлхайыр мен Бопай сұлудың ғашықтық тарихы қазақтың лиро-эпос жырларындағы Қозы Көрпеш – Баян сұлу бейнесiне ұқсас, яғни қысқаша айтқанда сол аты аңызға айналған ғашықтардың прототипi Әбiлхайыр мен Бопай сұлу арасындағы сүйiспеншiлiк. Сол ғашықтар хикаясы туралы әдемi аңыздың қысқаша мазмұны мынадай:
…Кiшi жүздегi әйгiлi батыр Жәнiбек пен Әбiлхайыр бiр жақтан келе жатып бiр ауылға күн батар алдында түседi. Бұл бiр батырдың ауылы екен. Ауыл иесi аса бай жасы үлкен кiсi екен. Оның бой жетiп отырған қызы Бопай сұлуды көргенде Әбiлхайыр есақылы кетiп ғашықболады. Жәнiбек батыр бұған таңғалады, себебi ол бұрын қыз көрмей жүрген жiгiт емес, үйленген, яғни отау иесi жас төренiң мына мiнезiне таңданбай қайтсiн. Келесi күнi аттанып жолға шыққан соң Әбiлхайыр күтпеген өнер шығарып сол жерде қалатынын айтады. Жәнiбек батырға өз жөнiмен кетуге тура келдi. Қайтсем де Бопай сұлуды алмай тынбаймын деп Әбiлхайыр сынды жас батыр оған ермей қалып қояды. Сол ауылға қайтып келген Әбiлхайыр өзiнiң төре тұқымынан екенiн жасырып Бопайдың әкесiнiң малын бағуға жалданады. (Невольник. Предание о киргизкайсацком хане Абулхаире. //ТОВ. (Тургайские областные ведомости). 1899. №52. стр. 7-8...) Ұзын бойлы, батыр тұлғалы, жiгiттiң сұңқары Әбiлхайыр батыр жылқышы болып жүрсе де аз уақыт iшiнде ауыл адамдарына жақсы жағынан көрiнiп құрметке ие болады. Әрине, көп ұзамай Бопай сұлуға да ұнап қалады. Сырын ашқан жас батырды Бопай сұлу да жан тәнiмен ұнатып ғашық болады. Осылай ғашықтар романы басталады. Ғашықтар ажырымастай дәрежеге жеткенде жігіт Бопай сұлудың әкесiнiң рұқсатын сұрайды. Оның әкесi мұндай жағдайды күтпеген едi. Бұл бұрыннан малды және белдi ауыл болған соң, оның үстiне қыздың басы бос болушы ма едi, айттырулы болса керек, сұлтан деген аты болғанмен жалғыз атты кедей жiгiтке қызын бергiсi келмеген шал неше түрлi айла-шарғыны ойлап табады. Соның бiрi: «Қызымның қалың малына ала аяқты 90 күрең ат және 60 ақсұр ат әкелесiң, әйтпесе қызымды бермеймiн» – деп шарт қояды. Осындай ауыр шартқа амалсыз келiскен жас батыр: «Бiр айдың iшiнде осы айтқаныңызды әкелемiн» – деп аттанып кетедi. Ал Бопай сұлудың әкесi «Жалғыз атты кедей жiгiт бұл шартымды орындай алмас» – деп үмiттенген едi. Ғашықтық өртiне күйiп жанған жас батыр, «тiрi жүрсем Бопай сұлуды алмай тынбаймын» деп серт берген Әбiлхайыр әлгi айтқан жылқыны таныстарынан, ағайындарынан, бәрiнен сұрайды, алайда ешқандай нәтиже шықпайды. Шарқ ұрған жас батырдың осындай аянышты күйiн естіген баяғы Жәнiбек батыр жетiп келедi. Қу кедейлiк қолын кесiп отырған жас төренi аяған әрi келешегiне сенген Жәнiбек батыр Әбiлхайырға керектi 150 айғырды өз жылқысынан шығарып санап бередi. Оған қоса ол өзi барып Бопай сұлудың әкесiне қазақ әдет-ғұрпы бойынша құда түседi… Сөйтiп, әйгiлi қазақ батыры Жәнiбек екi ғашықтың басын қосып үлкен азаматтық жасайды…
Әрине, бұл оқиға – халық аңыздарының әртүрлi нұсқаларының бiрi. Алайда шындығына келсек те Әбiлхайырдың Бопай сұлуға үйленуi аса көп қиыншылық жағдайда болғанын осындай аңыздардың көптiгiмен дәлелденедi...
Бопай Әбiлхайыр үйiне құтты келiн болып түстi. Ол келiн болып түскелi Қажы сұлтан шаңырағының тасы өрге домалай бастады. Көп ұзамай Әбiлхайырды халқымыздың игi жақсылары ақ киiзге көтерiп хан етiп сайлады. Осы оқиғалар баяғыдан берi Әбiлхайыр сынды кедей жiгiттiң халқымызды қызғыштай қорғаудағы кеудесiн оққа төсеген ерлiктерiнiң жан-жақты бағалана бастағаны едi. Тарихтағы ұлы адамдарға табиғат жан-жақты талант пен көрiктi аямай бередi. «Ел мақтаған жiгiттi қыз жақтаған» дейдi халқымыз.
Әбiлхайыр мен Бопай сұлу арасындағы шынайы ғашықтық пен махаббат қазақ елiндегi келешек ұрпақ үшiн тамаша үлгiлi оқиғаның бiрi болды. Әбiлхайыр қазақ елi алдындағы азаматтық борышын жүз есе артық орындағаны белгiлi. Ал Бопай сұлудың өз басы да қазақ әйелiне тән кiшiпейiлдiлiк, ақылдылық, ұстамдылық, парасаттылық және басқа сол сияқты қасиеттерiмен Әбiлхайыр шаңырағында жақсы келiн, әрi жақсы бәйбiше атанды. Әйел болса да ердiң ақылы мен батырлығын өз бойына сыйдырған абзал жан едi…
Әбiлхайыр шаңырағына келiп түскен Бопай сұлудың аса беделдi болғаны соншалық, Әбiлхайырдың көптеген саяси iстерiне ақылмен шешуге көмектескен. Жасынан батыр атанған Әбiлхайырдың мiнезiнде тез ашу шақыратын және өркөкiректiк, яғни рыцарлық қасиеттер болған. Соған ақыл айтып тоқтау салып, сабырлылыққа шақырып, сабасына түсiрiп, қиын мәселелердi шешiскен. /3/ Сондай-ақ ел iшiнде аса қадiрлi Бопай ана «Бара бәйбiше» атанған… Бара бәйбiше деген термин туралы батыс Қазақстанда бiр неше ұғым бар. Негiзiнен өз ақылымен, да налығымен елге қадiрлi болған бәйбiшелердi солай атаған. Жалпы бәйбiше деген сөз тек бiрiншi әйелi болғаннан басқа да сыйлы, қадiрлi және беделдi әйелдерге айтылады. Ал «Бара бәйбiше» деп, тек тоқал болып келiп бәйбiше атанған әйел емес, ел iшiндегi аса беделдi аналарымызға айтқан.
Ендi Бопай сұлудың шыққан ауылына көңiл бөлейiк. Осы уақытқа дейiн Бопай туралы арнаулы зерттеулер болмаса да, Әбiлхайырды зерттеушiлер ол туралы төре қызы болар деп, ал кейбiреулерi Адай руының қызы деп жазғаны рас. Бопай төренің қызы деп жазғандардың бірі Көшім Есмағанбетов (Қазақ Ұлттық энциклопедиясы 1-том). Бiздер де кезiнде Джон Кэстлдiң «Сұлтанша» деп жазғанына қарап төре қызы болса болар деп ойлағанбыз. Белгiлi зерттеушi И.В.Ерофеева да солай біле тұра төренің қызы деп қасақана әдейі жазған болатын. Дегенмен ол «…дядя хана Нуралы, батыр младшего жуза Мырзатай…» /4/–деп жазған. Ол Мырзатай батырдың Адай руынан екенін ұмытқан секілді. Мысалы, Тевкеловтің күнделігінде: «...Июля двадесят третияго ж числа Абулгаир-хана шурин, а ханши ево Попай родной брат адайского роду Муртазай Сатыралды-биев сын брегадиру Тевкелеву от большаго Абулгаир ханова сына Нурали-салтана подал письмо и отправил от него, салтана...» деп Бопай сұлудың Адай елінің қызы екені нақты айтады...
Бопай сұлудың шыққан тегiн осылай деп жазған басқа мақалаларды ескере келiп белгiлi ақын Светқали Нұржан ақынның «Хан кегi» /5/ атты поэмасына тоқталайық. Бұл көлемдi поэмада Əбiлхайыр қастандықпен өлтiрiлгеннен соңғы оқиғалар жырланады. Автор сол кездегi ел iшiндегi беделдi адамдар портреттерiн бере келiп Бопайдың шыққан үйi мен туыстары туралы жан-жақты айтыпты. Ол негiзгi материалдарды Адай шежiресiнен алыпты. Шежiренiң барлық нұсқасында Табынай Сүйiндiк батыр жазылған. Ол ХVII ғасырдағы белгiлi тарихи тұлға, елiмiздi қалмақтардан қорғағанда талай ерлiк көрсеткен… Сүйiндiк батырдың 5 ұлы, 2 қызы болған. Солардың үшеуi белгiлi батырлар: Мырзатай, Құрмантай, Тұрмантай… Ал қыздары Қанай мен Бопай. Қанай – Адайдың Жаманадай тересiндегi Құдайназар Бөгiлиевтiң бəйбiшесi едi. Одан туған Шақшақ, Қарпық атты ұлдары ел iшiндегi атақты билер едi.
Ал Бопайдың Əбiлхайыр ханның бəйбiшесi атануын жоғарыда айттық. Əбiлхайыр үйiнiң Мырзатай батырмен тығыз байланыста болуы – тарихи шындық, себебi Бопай – Мырзатай батырдың қарындасы. Ол, əсiресе Əбiлхайыр хан қастандықпен өлтiрiлгеннен кейiн, Барақ пен оның жанына ергендерден кек алуға белсене қатысады… Бұл тарихи оқиғаларды дəлелдейтiн оның Орынбор басшыларына яғни И.И.Неплюевке арнап жазған хаттары /6/… Адай Мырзатай батыр Орынборға жазған əрбiр хатында Барақ пен оның айналасындағылардың ит өлiмiмен өлтiрiлгенiн хабарлау үшiн емес, Неплюевтi яғни Əбiлхайыр өлiмiн мұқият ұйымдастырғанын бетiне басу үшiн жəне олардың да басында сондай трагедия болуы мүмкiн деп қорқытып ескерту жазған едi… Мырзатай батырдың жазған хаттарындағы хабарларды Нұралы хан Əбiлхайырұлы да растайды. Осы жағдайлар туралы И.В.Ерофеева: «Информацию Мырзатая об убийстве султаном Ералы батыра Сырымбета, как о завершающей акции дела кровной мести семейства покойного хана, полностью подтвердил и уточнил три года спустя сам Нуралы, сообщивший о поступке своего брата в личной письме к А.И.Тевкелову от 3 января 1753 года» /7/… – деп жазған болатын. Нұралы ханның сол хатында: «Сұлтан Ералы совершил ночью с дружиной своих батыров военный набег в ставку фамильного врага, где убил батыра Сырымбета и его жену, а семью Барака и все имение, служителей, служанок и верблюдов их… в добычу получил» деп жазылған. Одан ары қарай: «Через одну ночь… всех трех злодеев разорил…» /8/ деген Нұралының сөзiне қарағанда Күшiк, Барақ жəне Сырымбет батырдың семьяларынан ешкiм тiрi қалмаған. Трагедия деген осы емес пе? Осынау қайғылы қырғын кезiнде Барақтың бiр келiнi мен қызы ғана аман қалған деседi…
Жоғарыда айтқанымыздай, тарихи мəлiметтер Бопай сұлудың Адай Мырзатай батырдың қарындасы екенiн көрсетедi. Ал Мырзатай батырдың жəне əкесi Сүйiндiк батырдың есiмдерi қазақ тарихында өшпес орын алған. Бопай сұлу есiмi «Ардақты бəйбiше», «Бара бəйбiше» жəне «Ардақты ана» болып ел есiнде мəңгi қалды. Соған қарап ел iшiнде қыздарға Бопай деп ат қоюшылар көбейдi… Мысалы, Кенесарының қарындасы Бопай Қасымқызы ХIХ ғасырдағы қазақтың батыр қызы едi. ХVII ғасырдың екiншi жартысында, яғни 1748 жылы Əбiлхайыр өлгеннен соңғы дəуiрдегi тарихи документтерде Бопайдың аты көп кездеседi. Оның Орынбор басшыларына жəне Петербургке жазған хаттары сақталған…
Бопай Сүйiндiк қызы 1780 жылы 31 мамырда қайтыс болғанын жоғарыда айтқанбыз. Алайда, ел ақындары мен ақылгөй қарттары аузынан Бопай есiмi түскен жоқ. Белгiлi Адай ақыны, жырау Абыл Тiлеуұлы (1777–1864 жж.) елiнiң басына ауырлық түскенде Есiм ханға айтқан толғауында:
Ассалаумағалейкум, сұлтан Есiм, Ақсұңқар алған аңын өзi жесiн. Адайға алмағайып күн туып тұр, Бiр қолда осы жерде сүйектесiм!…/9/ – деп оған Əбiлхайыр мен Бопайдың немересi екенiн айтып тұр. Есiм Нұралының үлкен баласы, шешесi Күшiк сұлтанның (Барақтың ағасы) қызы болатын. Ол 1795-1797 жылдары Кiшi жүз ханы болды, бiрақ Сырым Датұлы бастаған көтерiлiсшiлер қолынан қаза тапты… Ал Абыл ақынның Баймағамбет сұлтанға айтқандарының iшiнде мынандай толғаулар бар:
…Апамнан (Бопайдан) туған əкең Айшуақхан, Табаның таймай тұр-ау мiнген тақтан. Дəлiрген тажал сынды дəрежеңдi, Деп жүрсiң Құдай қорып, Қыдыр баққан…/10/ – деп əкесi Айшуақ Əбiлхайыр мен Бопайдың төртiншi баласы екенiн айтып тұр. Сондай-ақ ол Баймағамбет сұлтанның ел iшiнде жасаған қылмыстарын айта келiп:
…Ер өлдi деп етек бұлап жылайтұғын, Бай-еке, қай iсiң бар елге жаққан!.. /10/ – деп бетiне басады… Мiне, осындай нақты мəлiметтер Бопай ананың төре қызы емес Адай елiнiң қызы екенiн дау туғызбайды. Ал Баймағамбет сұлтан ХІХ ғасырдағы белгілі адам, Махамбеттiң Баймағамбет сұлтанға айтқан əйгiлi толғауын бұл күндегi қазақ елi мектеп қабырғасынан бiледi.
Жоғарыда айтқанымыздай, Əбiлхайыр ханның Бопайдан басқа да əйелдерi болды. Бопайдан кейiн əртүрлi жағдайда екi əйел алған екен. Алайда, барлық документтерде Бопай сұлудың ғана аты аталады. Оның осынша құрметке ие болуы тек Əбiлхайыр ханның əйелi ғана емес, өзiнiң жеке басының ақылдылығы мен беделiнде болса керек… Басқа хан сұлтандармен салыстырғанда Əбiлхайырдың əйелдерi өте аз. Мысалы, оның баласы Нұралының 13 əйелi, Абылайдың 12 əйелi болғаны белгiлi. Бұл жағдай, бiрiншiден, өмiр бойы Ресей империясымен соғысқан Əбiлхайырдың жеке басына уақыты аз болғандығы болар. Екiншiден, ол өз басы əйел құмар адам болмаса керек, əйтпесе көп əйелi болар едi. Əбiлхайыр хан мен Бопай сұлудың алты перзентi дүниеге келдi. Солардың бесеуi ұл, бiреуi қыз бала. Ұл балалары: Нұралы – (1710/11–1790). Соның iшiнде 1748–1786 жылдары Кiшi жүз ханы; Ералы – (1720–1794). Соның iшiнде 1791–1794 жылдары Кiшi жүз ханы; 1771 жылы қалмақтарды Балқаш өңірінде екі рет талқандаған қолбасшы. Қожахмет – (1722–1749), Айшуақ – (1723/24–1810). Соның iшiнде 1797–1805 жылдары Кiшi жүз ханы; Əдiл – (1730–1750). Əбiлхайыр балаларының iшiнде Қожахмет пен Əдiл жастай қайтыс болған. Əдiлдiң суретiн 1736 жылы алғаш салған Джон Кэстл. Қызы Зылиха шамамен 1745 жылдары дүниеге келген едi. Себебi əкесi Əбiлхайыр хан қаза болғанда ол əлi кiшкентай бала едi…
Əбiлхайыр ханның Бопай сұлудан соң алған екi əйелiнiң бiрi қалмақтың торғауыт руынан келген қыз едi. Одан Шыңғыс деген ұлы мен бiрнеше қыздары дүниеге келдi. Шыңғыс 1720 жылдары дүниеге келiп, 1750–1755 жылдары қайтыс болған едi. Соңғы əйелi Башқұрт елiнiң қызы болатын. Одан Əбiлхайырдың Қаратай (1738-?) деген ұлы дүниеге келдi. Соңғы екi əйелi туралы айтатын болсақ, Əбiлхайыр қалмақпен көп соғысқан болса, башқұрттарға көп көмек бердi. Башқұрт халқының арманы Əбiлхайырды хан көтерiп, Ресей отарлығынан босану болатын… Əбiлхайыр башқұрттарға 1736 жылғы көтерiлiс кезiнде де көп жəрдем берген едi. Қаратай сұлтанның 1738 жылы туылғанына қарағанда Əбiлхайыр осы əйелiне сол Башкириядағы көтерiлiс кезiнде үйленген сияқты. Қалмақ əйелi туралы əртүрлi мəлiметтер баршылық. Соған қарағанда ол Едiл қалмақтары басшыларының қызы болуы керек. Егер ол қарапайым қалмақ қызы болса, Орынбор бастықтарына шағым жасап əкесiнiң үйiне қайтаруын өтiнбес едi… Оның үстiне өзiн соншалықты еркiн сезiнген осынау тоқал қазақ елiнде болмайтын ерлi-зайыптылар арасындағы адалдықты да бұзғаны туралы мəлiметтер бар. Бiз бұндай мəлiметтердi Əбiлхайыр ордасында 1736 жылы болған ағылшын саяхатшысы Джон Кэстл жазбаларынан алдық. Сол деректерге қарағанда онымен көңiлдес болған бiр жiгiттi Əбiлхайыр қатаң жазалайды… Үш күн өткен соң əлгi жiгiт қаза табады… /11/ «Қатынға жолама – қарасы жұғады» – деген халық мақалы бар… Қалмақ тоқалдың торына түскен бейшара жiгiт осылай басын жоғалтады. Жiгiттi жазалаған Əбiлхайыр неге əлгi өз əйелiн жазаламады деген ойлар туады. Əрине, оның да əртүрлi себептерi баршылық. Əйелдi жазаламайтын себебi, ол балаларының шешесi… Ол əйел онсызда күң орнында жүргендiктен жəне балаларын жəбiрлемес үшiн Əбiлхайыр оны одан артық жазаламаған болуға тиiстi… Жалпы ол əйелдiң Əбiлхайырға берiлуi тегiн емес. Ресей өмiр бойы қалмақтарды қазақ елiн шабуға пайдаланды… Бұл əйел де арнайы Орынбор басшыларының тапсырмасымен Əбiлхайыр ордасына жiберiлген болуы керек…
Әбiлхайырдың жетi ұлынан басқа қыздары да көп едi. Жоғарыда айтқанымыздай бiрiншi əйелiнен туған бiр қызды Кiшi жүздегi Жəнiбек сұлтанға, бiр қызын Абықай сұлтанға берген едi. Қалмақ əйелiнен туған бiр қызын Бұхар ханы Əбiлфейзге беретiн болып құдаласып қойғанда, ол қайтыс болып кетедi. Кейiн сол қызын кiмге бергенi белгiсiз. Өзiнiң туған ағасы Тоқтамыстың жəне əкесi Қажымен бiрге туған ағаларының қыздарын да жақсы жерлерге ұзатқан. Мысалы, бiреуiн Кiшi жүздегi сұлтан Батырға күйеуге берген болса, Қарашаш атты сұлуды жас батыр сұлтан Абылайға ұзатқан, кейiн ол Орта жүздiң ханы болды (1771–1781). Қарашаш Абылайдың бiрiншi əйелi едi. Осы мəселе туралы алғаш жазғандардың бiрi Ш.Уəлиханов болатын. Ол Абылайдың бiрiншi əйелi Қарашашты «Əбiлхайыр ханның əлде Қайыптың қызы болу керек» /12/– деп екi ұшты жазған едi. Шындығында Қарашаш сұлу Əбiлхайырдың да, Қайыптың да қызы емес едi. Ол Əбiлхайырдың ағасы Тоқтамыстың қызы болатын. Абылай 1711 жылы туған. Əбiлхайыр ағаларының бiр қызын Хиуа ханы Шахтемiрге ұзатады, оның есесiне, iнiсi Бұлғайыр сұлтанның баласы Досалы сұлтанға Хиуа ханы Шерғазының қызын алып бередi. Бiз жоғарыда айтқанымыздай Əбiлхайырдың шыққан қара шаңырағы, яғни Бөлекей сұлтан əулетi басқа төрелерге қарағанда өспей қалған аз ауыл едi. Оның үстiне олардан ешкiмнiң хандыққа қолы жетпеген едi. 1709–1710 жылы осы аз үйлi ауылдан Əбiлхайыр хан болып сай- ланды. Əбiлхайырдың арманының бiрi Едiл-Жайық өңiрiне қазақты еркiн жайлату болса, екiншi арманы өзiнiң аз үйлi ауылын көп үйлi ауылға жеткiзу едi. 1748 жылы оның дүниеден өткенiне дейiн тек соңғы арманы ғана орындалып едi… Бопай сұлудан туған бес арыстан көп немере көргенi рас. Əсiресе үш ұлы Нұралы, Ералы жəне Айшуақтан көп немере көрдi. Егер Қожахмет пен Əдiл дүниеден ерте өтпегенде олардан да көп немере көретiн едi. Мысалы, Əдiлден тек екi немересi (Тұрсын мен Ағын) дүниеге келдi. Қожахметтен жəне қалмақ əйелiнен туған Шыңғыстан ұл балалар қалған жоқ. Башқұрт əйелiнен туған Қаратайдан төрт ұл қалды, басқа перзенттерi қыз балалар едi. Əбiлхайыр хан көп немеренi үлкен баласы Нұралыдан көрдi. Ол 1711 жылы туған. Əбілхайыр хан 1748 жылы қаза болған соң оның орнына халық оны хан сайлаған себепті Нұралы өмiр бойы байлық пен сəн- салтанат ортасында өмiр кештi. Сондықтан оның көп əйелi болды. Əкесi Əбiлхайыр əйгiлi батыр, қолбасшы, хан болса да, қазақ елi үшiн ұшан-теңiз көп еңбек сiңiрсе де, əйелiнiң саны төртеуден асқан жоқ едi. Бұл жағдай оның өмiр бойы қазақ халқының сыртқы жауларымен күресiп өткенiн, яғни тəттi өмiрдiң қызығын аз көргенiн бiлдiредi… Ал Нұралы ханның көп əйел алғандығы соншалық, И.Г.Георги мəлiметiне қарағанда 12 əйелi, А.И.Левшиннiң жазуларына жүгiнсек 16 əйелi болғанын көремiз. Қайсысынiкi дұрыс болса да, оның көп əйелi болғаны тарихи шындық. Ал Абылайдың да 12 əйелi болып едi, солардың соңғы төртеуiнен ұл балалары жоқ едi, мүмкiн қыз балалары болған шығар… Ал Нұралы хан көп əйелiнен 75 перзент (Левшин бойынша 66) көрген екен… Солардың iшiнде ұлдарының саны – 40. Нұралы хан ұлдарының iшiнде тарихи документтерде 36 баласының аттары кездеседi. Олар мыналар: Есiм, Бөкей, Ғизалы, Қожахмет, Бабық, Шошқара, Бөлеке, Бердiғали, Пiрəлi, Бегəлi, Елтай, Есенəлi (Есентай), Жалтыр, Ишалы, Қаратай, Қондырау, Жиеналы, Құлтай, Мыңдалы, Сейдалы, Сығай, Көбей, Жарас, Қорқылтай, Айтөре, Артыққали, Шоқа, Мұхаметқали, Абылай, Арыстан, Бердəлi, Орман, Өзбегəлi, Жүсiп, Дербiсəлi, Фазылбек…
Əбiлхайырдың екiншi баласы Ералыдан көрген немерелерiнiң тарихи документтерде бесеуiнiң ғана аттары кездеседi. Олар: Темiр, Жантөре, Ақай, Бөлекей жəне Бабу…
Ал үшiншi баласы Айшуақтан Əбiлхайыр 17 немере көрген едi. Олар: Сығали, Сапақ, Жантөре, Айтмұхамбет, Серғазы, Баймұхамед, Қыдыр, Өтебəлi, Қатан, Шайбақ, Тоққожа, Жақсылық, Қадырғали, Əлғазы, Нұрмұхамет, Тəуке, Жақып…
Əбiлхайыр осы немерелерiнiң көбiнен көзi тiрiсiнде-ақ бiраз шөберелер көрген едi. Жоғарыда айтылғанындай Баймұхамет Айшуақұлы туралы мектеп оқушылары Махамбет пен Шернияз ақын өлеңдерi арқылы таныс… Əбiлхайырдың хан болған балалары Нұралы, Ералы жəне Айшуақ болса, немерелерiнiң iшiнде де хандық дəрежеге жеткендерi баршылық. Есiм Нұралыұлы (1795–1797), Пiрəлi Нұралыұлы (1770–1815), Жантөре Айшуақұлы (1805–1809), Серғазы Айшуақұлы, (1812–1824), Бөкей Нұралыұлы (1802–1815), Қаратай (1806–1824), Сығай (1816–1824), Бөлекей (1780–1808), Темiр (1817–1824) сынды немерелерi Кiшi жүз жерiнде хандық дəрежеге жеткендер болса, Бөлекей Ералыұлы жəне Ағын Əдiлұлы сияқты немерелерi Хиуа хандығына қолы жеткендер едi. Мысалы, Ағын Əдiлұлының 1770–1771 жылдары Хиуа ханы болғаны белгiлi… Сол орынға Əбiлхайыр көзiнiң тiрi кезiнде үлкен ұлы Нұралыны да отырғызған болатын…
Əбiлхайырдың шөберелерiнiң iшiнде хандыққа қолы жеткендерi Қасым (1808–1827), Маты (1817–1824), Жəңгiр (1824–1845), Қайыпқали (1830–1850), Сауқым (1837–1843) болса, олардың iшiнде ең бiлiмдiсi жəне Бөкей ордасында ұзақ уақыт хан болған Жəңгiр хан едi… Əбiлхайырдың келiндерiнiң көбi мықты жерлерден шыққандар едi. Мысалы, үлкен ұлы Нұралыны Барақ сұлтанның ағасы Күшiк сұлтанның қызына үйлендiрдi. Екiншi ұлы Ералыны Хиуа ханы Елбарыстың қызына үйлендiрген… Ең кенже ұлы Əдiлге Хиуа ханының бiрi Шах-Темiрдiң қызын алып берген. Ал iнiсi Досалы сұлтанға Хиуа ханы Шерғазының қызын алып берiптi…
Əбiлхайырдан бастап өсiп-өнiп көбейген Бөлекей сұлтанның əулетiнде батыр ұлдар ғана емес, сұлулығымен жұртты таңғалдырған қыздар да көп болды. Күйеу балалардың iшiнде Батыр сұлтанның баласы, Орта жүз ханы Əбiлмəмбеттiң баласы Əбiлфейiз (1783 ж. өлген) сұлтан жəне Кiшi жүздегi аса белгiлi ханның бiрi Арынғазы (1815–1821 жылдары хан болған), сондай-ақ Хиуа хандары Елтүзер (1804–1806), Аллақұл (1826–1842) жəне Мұхаммед Амин (1846–1855) т.б. бар едi…
Бөкей ордасының ханы Жəңгiрдiң татар əйелi Фатимадан туған қызы Зылиқа қазақ əйелдерi iшiнде алғаш рет еуропалық бiлiм алған жан едi…
Жалпы Əбiлхайыр хан ұрпақтарының көбi ХIХ ғасырда Орынбор, Қазан, Петербург сияқты үлкен бiлiм ордаларында бiлiм алды…
Сондай-ақ Əбiлхайыр өз туыстарына да көп жəрдем еттi. Кiшi жүздi түгелдей, ал Орта жүздiң кейбiр жерлерiн басқаруға ағасының баласы Қылышқали Тоқтамысұлын, iнiсi Бұлғайырдың баласы Досалыны жəне екi күйеу баласы Жəнiбек сұлтан мен Абығай сұлтанды қойды. Сол сияқты ол көп қырлы ел билеу мəселесiнде əкесiнiң iнiсiнiң баласы Нияз сұлтан мен оның балалары, сұлтандар Қарабас, Досмұхамед, Ұрұс, қайнағасы (Бопайдың ағасы) Адай Мырзатай сынды батырларға жəне басқаларға арқа сүйедi…
Əбiлхайырдың беделiнiң күштi болғаны соншалық, Хиуа ханы тағына талай рет өз адамдарын отырғызды. Мысалы, 1727 жылы Хиуа ханы етiп ағасы Тоқтамыстың баласы Мамай сұлтанды отырғызды. Одан соң күйеу баласы Батыр Қайыпұлы (1771 жылы өлген) сұлтанды отырғызды. Кейiнiрек ол Кiшi жүз сұлтаны Елбарысты Хиуа ханы етiп отырғызды (1728–1740 жылдары). Көп ұзамай Елбарыс Əбiлхайырға күйеу бала болды.
Жалпы айтқанда Əбiлхайыр 1748 жылы қаза болғанға дейiн Қазақстан – Орта Азия, Қазақстан – Жоңғария, Қазақстан – Ресей, Қазақстан – Иран сияқты халықаралық қатынастарда шешушi, тарихи тұлға болды… Біз қысқаша шолу жасаған Əбілхайырдың өмірбаяны мен айналасындағы тарихи адамдар толық көлемде зерттелгені тарихи шындық... Əттең, сол шындықтар мектептер мен жоғары оқу орындары оқулықтарында берілмейді. Демек, Қазақстан халқы Əбілхайыр туралы тарихи шындықты əлі күнге дейін білмей келе жатыр.
Самат ӨТЕНИЯЗОВ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жəне Мадрид университеті профессоры, т.ғ.к.