Ең алдымен, құрметті уа ғиззатлы оқырман қауымға осынау сөз еткелі отырған Түпқарағанның таңғажайып туристік орындарының бірі – Жығылған мүйісі (шатқалы) турасында ел аузында да, ғалымдардың зерттеу мақалалары мен жазушы-ақындар, өлкетанушылардың том-том сірескен кітаптарында да мәліметтердің аздығын, тіпті, түптеп келгенде жоқтың қасы екендігін баса ескерткіміз келеді. Алайда көз суарғаныңда көкірегіңдегі өзіңе беймәлім сезімдерді оятып, қозғап кететін көрікті мекеннің өзі тұрғанда оны суреттеп, сипаттаған қызыл сөздің керегі де шамалы болып қалатыны бар емес пе?
Әлбетте, сіз мұны бізден жақсы білесіз. (Аузымызды құрғақ шөппен сүрткізуге мәжбүр еткен оқырман алдындағы аздаған қорқынышымыз бен жауапкершілігіміз деп есептеңіз).
Осы жыл ішінде БАҚ беттерінен Маңғыстау туризмін дамыту үшін мемлекет тарапынан жасалынып жатқан әртүрлі шаралардың есебін оқығаным есімде. Соның бірі тарихимәдени және табиғи нысандарды цифрлы картаға енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар. Нәтижесінде 24 киелі орын цифрлы картаға енген екен. Бұл жұмыстың ендіенді басталып жатқанын және Маңғыстауда 13 000 мәдени-ескерткіш барын (бұл тек мемлекет қорғауына алынғандары ғана) есептегенде, атқарылған істен гөрі атқарылар жұмыстың қаншалықты ауқымды екендігін ойлай беріңіз.
Хош. Маңғыстауда 13 000 мәдени-ескерткіш бар дедік. Бұл – табиғи нысандарды қоса алғандағы сан. Оның үштен бір бөлігі Түпқараған ауданына тиесілі. Түпқарағандағы өзге нысандарды қоя тұрғанның өзінде, мүйістер санының өзі біршама. Жығылған, Багардж, Түпқараған, Урдюк, Сағындық... Осылай кете береді. Біз осынау көш басында келтірген Жығылған туралы айталық.
Алдымен, ойымызға «Неге Жығылған аталған?» деген сауалдың сап етері сөзсіз. Жығылған сөзі жалпы қолданыста тірі организмге, яки тіршілік иелеріне ғана қаратылып айтылады. Мұндағы Жығылған - таудың жығылуы, жердің жығылған жері. Ел аузындағы аңыз бойынша бұл мүйістің Жығылған аталуы былайша болған. Қай жерде өмір сүргендігі нақты айтылмайтын Пайғамбар күн сайын осы таудың етегіне жүйрік жылқысына мініп келіп, теңіз жағасында намаз оқиды екен-мыс. Әдеттегідей, Пайғамбарымыз өз дінінің ең маңызды шартын орындамаққа тау етегіне келіп, намаз оқып болған соң өзінің жылқысының жоғалғандығын көреді. Мұндай иесіз қутақыр далада бесеубет жүрген ұрының жоқ екендігіне әбден көзі жеткен Пайғамбар ашу шақырып, «Жылқыны жартас жұтқан болды» деген тоқтамға келеді. Ой тоқтамына келгенімен, ашуын тежей алмаған ол сол бетімен қалғып-мүлгіп тұрған тауды қарғап үлгергенше, жартастар опырылып ортасына құлаған екен.
Жақсы. Аңыз түбінде жасырынған ақиқаттың барына әлбетте сенеміз. Бұл сенімді Серікбол Қондыбай мен Әбіш Кекілбайұлы да бекіте түсті. Алайда аңыздың да өзгеріске түсуі бек мүмкін. Бізді ойландыратыны мынау: осынау жердің (мүйістің) атауына әдеттегі жерсу атауларына қатысты айтылатын «Құлаған», «Қираған» «Бұзылған» деген сияқты атаумен де айдар тағуға болар еді ғой.
Меніңше, сол бір нақты қайда өмір сүргендігі айтылмайтын, Хазарға маңдай төсеп намаз оқитын ел аузындағы Пайғамбар желкесінде төніп тұрған таудың өзін намазға жығылуға бұйырған секілді, я болмаса кәдімгі Дәніспан атаға қатысты айтылатын аңыздағы таудың «санасы» іске қосылатыны секілді, Жығылғанның да Пайғамбарға ұйымақ ниетпен намазға жығылуы бек мүмкін. Себебі, сүріну нұсқасы жоғарыдағы жалғыз ғана аңыз желісін сабақтастырмайды. Ендеше, намаздан басқа не нәрсеге жығылуы мүмкін?! Бұл сұрақтың жауабын оқырман қауымның өз көңіл-таразысына қалдырдық. Біздікі тек ойдан ой тудырмаққа бағытталған ізгі ниет қана.
Бұл – аңыз желісі. Бірақ, диаметрі 40 шақырымды, ең биік нүктесі 80 метрді қамтитын шатқалдың мұндай «жығылған» күйге түсуін ғалымдар өздігінше тәпсірлейді. Олардың айтуынша, таудың «жығылуы» – есте жоқ ескі замандарда субтропикалық кезеңді бастан өткерген Маңғыстау даласының жер қыртыстарының опырылуы нәтижесінде болған. Тастар структурасы неоген заманының тау жыныстарына жататындығын баса айтатын олар Жығылған мүйісінің етегіндегі жақпар тастардан махойрод, страус секілді жан-жануар, ит-құстардың, яки қазір жер бетінен жойылып кеттіге саналатын 10-15 млн. жылдар бұрынғы ширекте өмір сүрген алғашқы жануарлардың іздерін тапқан. Нақтылап айтқанда, олар мұннан ірілі-ұсақты мысықтар мен қазіргі есектің көлеміндей шағын жылқылардың қайраңға батып қалған екі «бармақты» тұяғының тасқа айналған іздері батырылып салынған тақталар сынықтарын тапқан.
Іздер мен таңбалардан бөлек Жығылғаннан қойымдықтар мен бірнеше молаларды кезіктіруге болады. Жұртқа танысы – оның ішіндегі Абдал руының бір мүшесі жерленген қабір. 1975 жылы капитан В.Копытовскийдің журналында Мұрат Нияз деген түрікмен молдасының берген мәліметі келтірілген. Онда Маңғыстауды түрікменнің алты руынан мың төрт жүздей үй жайлайтыны айтылады. 1813 жылы Абдал, Бұрыншық рулары бұл жерден ауып кетуге мәжбүр болады. 1917 жылы Ходжанепес Ұлы Петрдің атына «Алла Тағаланың жазуы бойынша жаратылғаннан, Каспий теңізінің Шағам шығанының тұсына келіп құятын ұлы өзен Амударияны өзбектер Жеракай деген тұсқа бөгет салып, өз жерлеріне бұрып әкетті. Енді Амудария Каспийге емес, Арал теңізіне құяды» деген арыз жазады. Ходжанепес Абдал – руына жататын Ходжанияздың немересі. Жоғарыда айтқан зираттың осы Ходжанепеске тиесілі екендігі туралы сөз бар. Бұлар – Жығылғанды жайлаған рудың әңгімесі. Бұл туралы Амантаған Бекжановтың «Көшкен жұрттар, көмілген арналар» кітабынан мағлұмат ала аласыз.
ТҮЙІН
Жығылған мүйісі, яки әктас қабатының астындағы саз балшықты, құмды қабаттың сулануы нәтижесінде пайда болған немесе сейсмикалық жарылыстың әсерінен жасалған геологиялық сырғыма, тік құлама Түпқараған ауданының солтүстікшығысынан 40 шақырым жерде, ауданға қарасты Таушық ауылынан 60 шақырым жерде орын тепкен. Бұл геологиялық сырғулар, яки «жығылулар» әлі де жалғасу үстінде.
Өткен жылғы көрсеткіш бойынша Маңғыстауға сапарлаған саяхатшылар мен демалушылардың саны ішкі және сыртқы туристерді қоса есептегенде шамамен 200 000-нан аса санды құраған екен. Алайда көп нысандар турасындағы әңгімелердің құлақтарына жетпегендігінен олардың басым көпшілігі Бекет ата, Шерқала мен Каспий теңізіне көз суарып қана кетеді. Біздің мақсатымыз – алдымен өз тарихымызды, туған жеріміздің тамырын тану, ұғыну. Одан соң барып қана өзгелермен бөлісу. Біз жете білген нәрсемізді ғана қадірлей аламыз...
Еділбек ДҮЙСЕН
Басты сурет Илья Афанасьевтікі