Иманды жүр ме екенсіз, асыл данам, Сіз үшін сөз айтуға қалам алам. Білген деп сөз қадірін сізге арнадым, Білмейді сөз қадірін кейбір надан.
(Халық әні «Желкілдектің» ізімен)
(Өңірге белгілі ауыл шаруашылығы саласының маманы әрі қаламгер Сәбит Әбішев ағамыздың туғанына 80 жыл толуына орай ой-толғау)
Оның өңі ғана жұқа адам емес, жүрегі одан да жұқа. "Желкілдек" сөзі ойыма сап ете түсті. Сөздіктер мен интернеттерді ақтарып, осы тектес сөздердің мен ойлағандай баламаларын іздедім. Қателеспеппін. Бұл сөз негізінен мамықтай желбіреп тұратын жеп-жеңіл, ұлпа мінезді адамдарға беріледі екен; екінші баламасында - бойында өркенділік қасиеттерді дамытқан, Мұхамбет пайғамбарымызды сипаттайтын, жетілген көркем мінезді адам дегенді білдіреді екен. Содан, мақаламның тақырыбын осылай деп қоюды шештім. Маңғыстау күйшілері, айталық, өздерінің таңдаулы күй шығармаларын тектен-тек "Ақжелең" атамаған болулары керек. Немесе, позия саласын алып қарайықшы. Қазақтың халық əндеріндегі «Майда қоңыр», «Ал қоңыр», «Желкілдек» деген бір сөздердің бір өзінде мың мағына жатқан жоқ па!
Шын мəнісінде де менің аз ғана жылдарғы бағалауымда Сəкең мен үшін ағалық ақылдың кеніші, көпті көрген, көпті білетін іс-тəжірибесі жетік, білім-білігі терең ғұлама ретінде жадымда қалды. Өкінішке орай, жұмыстас бола алғаным жоқ. Мен Маңғыстауға комсомол жұмысына келген жылдары ағамыз жұмысын Ералиев ауданындағы «Қарақұдық» совхозының директорлығы қызметіне қоныс аударып кеткен екен. Содан, ол кісі денсаулығына байланысты ертерек зейнеткерліке шығып кетті де, мен облыста 2010 жылдардан бастап кездесуге мүмкіндік туды, араластым. Жұмыста да кездестім, үй-іші дастархан басында да болдық.
Əуелгі кездесіп құттықтағанында:
- Қарағым, өз ортаңды енді таптың, оң болсын! - деді. Неге олай деп айтты екен, бұл кісі сөзге шешен əрі жүйрік, желкілдектің нағыз өзі, сұңғыла адам. Бұндай адамдар, сөз ретін таппай, ойламай сөйлегендерді ауырмай өлтіреді. «Абай боларсың, сөз киесі деген болады. Бір қағындырса, саған деген ой-талғамы өзгеріп салуы мүмкін» - деп, бір ағамыздың сақтандырғаны бар еді. Сол сап ете түсті де, қайырып өзінен сұрауға дәтім бармады. Күйеу бала деп өзімсініп, ойдай ұсыныстарын арқалап, есігімді қағып келіп жүрген ағаның сағын сындырмайын, күткенім осы болғаны ма деп, салы суға кетпей-ақ қойсын. Одан да бұл сұрақ ішімде өліп қала берсін деген шешімге келдім. Сөйтіп, ол айтқанының шешілмеген жауабы өз ішімде бүгілген-ді.
Облыс əкімінің ауыл шаруашылығы, жер мəселелеріне байланысты орынбасары болып қызметке кіріскенімде əуелгілердің бірі болып құттықтап кеткен. Кейін бір құшақ құжаттармен, арасында Маңғыстаудың бүкіл қолдан қазылған құдықтарына дейін көрсетілген картасы бар құжаттарымен келіп, көп отырып əңгімелескені əлі есімде. Өзімнің толық мағынасында білетін пайымым ретінде, сонда бірінші рет ол кісіні нағыз «желкілдек», шашасына шаң жұқтырмайтын адам екен деп бағалаған болатынмын. Асықпайды. Білгенін сенің бойыңа қазық қаққандай сіңіріп бара жатыр. Маңғыстаудың ойы мен қырын арлы-берлі тарихымен қопара меңгерген осындай алып ғұлама, дала академигі қарсы алдымда студентке дəріс беріп отырғандай елестеп кетті. Əңгімені арыдан бастады. Маңғыстаудағы ауыл шаруашылығының дамуы, артельдер, ұжымшарлар, олардың ірілендірілу кезеңі, көрші облыстан (Ақтөбе) малдай көмек алу, жер-су даулары, аудандар арасындағы жерді қайта бөлісу, ондағы Нұртас Дəндібайұлы Оңдасыновтың (сол кездегі Гурьев облысының бірінші басшысы) маңғыстаулықтарға деген оң көзқарасы, шымырау (шыңырау) құдықтар есебі, қалпына келтірілуі, кеңшарға бірігуі, олардың ірілендірілуі. Ең соңында, өз алдына Маңғыстау (Маңғышлақ) облысының құрылуы, аудандардың санының көбеюі, ондағы басшылар мен майталман еңбек адамдарының төгілген маңдай терлері. Кейіннен, ойламаған жерден Кеңестер Одағының ыдырап, Қазақстанның тəуелсіз мемлекет болып құрылу тарихындағы тар жол, тайғақ кешулер. Ауыл шаруашылығының қазақстандық 20 жылдағы қазіргі жағдайы менің көкірек көзімнің алдынан кең форматты кинодағыдай суреттеліп өтіп жатты. Терең сұңғылалық, тілдің су төгілмес шебер жеткізу шешендігі мен шеберлігі, жадтың компьютердегідей беріктігі мен алғырлығы.
Ең соңында тектен-тек келмегенінің белгісі ретінде ұсыныстарын айтты. Осы кезде барып, манағы мен айтқан құжаттарды қоржынынан асықпай алып, үстел үстіне қойды. Студенттерше қолына ұстай келген қорапшадан (тубус) Маңғыстаудың картасын шығарды.
- Мұханбет, айналайын, біз сияқты үлкен адам мына ақ үйге тектен тек келмейді ғой. Оның үстіне денсаулық та жоқ. «Шақырылмаған қонақ татардан да жаман» дейді ғой орыстар. «Осы шалға не жоқ осы, үйінде құдая тоба деп, жатпай ма екен» дейтін сырт көздің суық та сумақай əңгімесіне де ұрынғың келмейді. Қысқасы, бұндай жерге келгіштеуге құмарлығым жоқ. Бірақ, бұрын Сақып, Қармыстар отырған осы жұмысқа «қой көрген, қилы қора көрген» дегендей өз ауылымыздың тағы бір бөтен емес баласы келді дегесін бір орында тағат тауып жата алмадым. Арғы ата-тегіңді жақсы білем. Қайын жұртың да бөтен адам емес, Қоратай менен 8 жас үлкен. Бала кезімде жылқыны бірге бағысып, қасына ерген уақыттарымыз болған, ағалы-інілі, сыйластықтағы адамдармыз, - деп жалғастырды Сəкең бұл жолғы сөзін. Содан кейін көп кідірмей, əңгіменің турасына көшті.
- Маңғыстаудың ауыл шаруашылығы соңғы тəуелсіздік жылдары дамып кете алмады. Капитализм дəуіріне өттік. Жекешелендіру қажет делінді. Жекешелендірдік. Бірақ, əуелден табиғатқа тəуелді шаруашылық мемлекеттің қолдауынсыз, жекенің қалауымен дамып кете алмайтыны белгілі. Үкіметтен бір тиын да ала алмады. Мал басы күрт азайды. Халықты мал өнімдерімен қамтымақ түгілі, өз отбасын қамтамасыз ете алмай, құрығын ұстап қалғандар мен қорасын күзетіп қалғандар саны көбейді. Жаз жайлау, қыс қыстауға барып мал бағудың бұрынғы қалыптасқан жүйесі бұзылды. Үстіртке шығу жүз қаралды уақ жандықпен қалғандарға тиімсіз. Бұрынғыша бас біріктіріп, қайта ұжымдасу дегенді қазір айта бастағанмен, жабайылау жекешелендіру науқанын көзі көрген бұрынғы малшылар, ол үрдіске зорласаң да қайта барғысы жоқ. Бірақ, бір оңтайлы ортасы табылар деп есептеймін. Бірінші кезектегі мəселе - мал жайылымдық жерлерді жаппай суландыру, сонымен бірге, малға қажетті жемшөп дайындауға тиімді жерлерді де суландыру мəселесін бірінші кезекке қою керек. Суландырмай мал шаруашылығын да, егін шаруашылығын да дамыту мүмкін емес. Осы бағытта кеңестік дəуірдің соңғы жылдарында кеңшарлар жүйесін дамытып, əрбіреуін бір дербес шаруашылық кəсіпорны ретінде қарастырған уақыттарда ол жүйе өз жемісін бере бастағанмен, өмірі ұзақ болмады. Оны енді қайта орнына əкелуге тырысқанмен, капитализм заңымен үндестіру қажеттілігі туады. Мен ол жүйенің адамы емеспін. Менің бүгінгі ойлайтыным, Маңғыстауды қайткенде дені дұрыс ауыл шаруашылығы аймағына айналдыруға болады деген сұрақ. Халықты сыртқа көзқарақты қылмай, өзіміздің өнімімізбен қайткенде бірінші кезекте қамтамасыз ете алатын боламыз. Міне, мені толғандыратыны осы. Жұрт қатарлы білім алып, жаманды-жақсылы жұмыс жасап, бүкіл саналы ғұмырымызды осы ауыл шаруашылығына арнағанымызда жеткен жеріміз осы болғаны ма деген жаман ой көлеңкемдей қасымнан қалмай келеді. Əлгі айтқанымдай, суландыру үшін мына картада көрсетілген мыңдаған құдықтардың қайтадан есебі алынып, қалпына келтірілуіне мемлекеттен қаржы бөлінсе, сонымен бірге сен бұған дейін облыстық геология жəне жер қойнауын пайдалану инспекциясы деген жəне табиғат ресурстарын пайдалану басқармасы деген екі мекеменің басшылығында болғаннан кейін барып, осы орынға тəжірибе жинақтай келіп отырсың. Жерасты суларының қазіргі барлаудан өткен қорын бір кісідей білесің. Зерттелмеген жерлерге қаржы қарастыру жолын да білесің. Ендеше, сені осы мəселемен дұрысырақ айналысады деп келіп отырмын. Менің саған бұл мəселеде көмек ретінде айтайын дегенім, сен мынау Қарақия ауданының оң жаға беті Кендірлі, Темір баба жақтан бастап, Аққұдық, Мақышбай, Сенек, одан ары қарай "Ебелектің елу аңғары" деген мына картадағы жерлермен Оңтүстік Үстірттің аяқ жағын жағалай Түркменстанмен шектесетін қазақстандық аумақты аралауға əкіміңді ескертіп, əрі Сенек серіктестігінің шаруашылықтарын өз көзіңмен көріп аралап қайт, əрі сол жақтардың ең мал шаруашылығына ыңғайлы деген жерлерін де өз көзіңмен шолып қайт. Өз аяғыңмен жүріп, өз көзіңмен көріп қайту деген сөз осы саланы басқарам деген адамға өз қолымен ұстап көрді деген сөзбен бірдей екенін ұмытпа! Кабинетте отырып, басқаны білмеймін, бірақ, ауыл шаруашылығын басқара алмайсың. Басқартпайды. Осыны қатты ескерерсің, қарағым, деді. Сол сапарыңның қорытындысымен əкіміңе қомақты қызметтік хат дайындап кіргіз. Ұсыныс хатты дайындауға өзім көмектесемін. Тоқ етері - Қарақия ауданының территориясы үлкен. Сол аумақтың мына жерлерін суландырып, ол жерлерге "Нұрлы көш" бағдарламасы есебінен көрші мемлекеттерден келетін отандастарымызды қоныстандырып, малдандыру, жерсіндіру арқылы таяу болашақта жаңа, тағы бір ауыл шауашылығы ауданын ашу перспективасына жұмыс жасау қажеттілігіне əкіміңнің көзін жеткіз. Мақұлдауын алуға жұмыс жаса дегелі келіп отырмын деп сөзін аяқтаған еді сол жолғы екінші келісінде. Кездесу одан кейін де жалғасты. Облыс əкімі Қ.Көшербаев біздің ұсынысымызды өміршең ұсыныс деп қабылдады. Себебі, сол кезде Маңғыстауда Өзен-Түркменстан шекарасы деп аталатын теміржол табанын тарту да Елбасының тапсырмасымен үкімет деңгейінде қызу талқыға түсіп бастаған кезең еді.
Менің бұл əңгімені бастағандағы негізгі мақсатым өзімнің қызметім жөнінде айту емес, бүгінгі мақаланың өзегі болып отырған, бұрын маған бейтаныстау болғанмен, елге таныс Сəбит Əбішев деген ағамызбен алғашқы қоян-қолтық танысып, араласа бастаған жағдайларымызды тілге тиек ету болатын. Сəбит аға сол келгенінде қоштасар алдында қоржынына тағы да қолын салып, ішінен бұған дейін мен көрмеген су жаңа қою қаракөк мұқабалы семіз кітапты суырып алды. Сыртына көз салғанымда үлкен əріптермен жазылған «ТАҒЫЛЫМ» деген кітап атауы көзіме шалынды. Тағылым деген сөз көңіліме жып-жылы əсер берді, бұрыннан білетін сөзім, бірақ ондай кітапты оқымаған сияқтымын. «Бұл не жөнінде болуы мүмкін сонда. Аты дардай, бұрыннан белгілі бір ғұламаның еңбегі болып, авторын білмей қалсам көмілетін болдым-ау» деп, өз жан тебіренісіммен болып кеткенімде, ойымды Сəкеңнің «айналайын» деген, жайлап маңдайыңнан сипалағандай мипаз да жылы сөзі бөліп жіберді.
- Айналайын, Əбіш ағаңдай ғұлама-абыз, сөз зергері болмағанмен, біреуге пайдасы тиер деген ниетте Маңғыстаудың ауыл шаруашылығы мәселелеріне байланысты анда-санда естіген-білгендерімізді қағазға түсіретін əдет бар еді. Мынау соның жемісі, өткен жылдың аяғында қолға тиді, таралымы да көп емес. Мамандығың біз біле бермейтін геолог болғанмен ауыл шаруашылығы мəселесімен айналысқалы жатырсың, бұнда басынан аяғына дейін осы Маңғыстауымыздың ауыл шаруашылығы, əсіресе, дəстүрлі мал шаруашылығы сөз болады. Қадеңе жаратарсың, асықпай оқып шық. Жұмысыңа берекет тілеймін, қарағым, деп өзінің авторлығымен шыққан осы көлемді еңбегін ұсына тұрып, қолымды қысқан еді. Міне, оған да аттай сегіз жыл болыпты.
Содан кезекті жексенбілік демалыс күні бұл кітаптың алғашқы "Аңдатпасынан" бастап асықпай оқып қарасам, басынан аяғына дейін тұнып тұрған тағылымды дүниелер болды да, өзіне тарта берді, тарта берді. Бас алмай қызыға оқу дегеннің қызығына түстім де, ғажайып ауыл тіршілігі əлеміне сүңгідім де кеттім. Ең қажетті деген жерлерінің астын сызып оқитын жаман əдетім болатын. Соған салып келіп жібергенімде, кітаптың сызылмаған беті, сызылмаған абзацы, тіпті сызылудан аман қалатындай жолы қалмады. Оқи бердім, таңға салым, 580 беттік энциклопедиялық туындының соңғы бетін жаптым.
Сонымен, менің қолымда Маңғыстау түбегі экономикасының, əсіресе ауыл шаруашылығы саласы экономикасының өркендеп өсуіне елеулі үлесін қосқан білікті шаруашылық ұйымдастырушы қайраткер, тəлімгер-ұстаз Əбішев Сəбит ағамыздың кезекті шығармасы, «Тағылым» кітабы. Ойымда ағаның өзінің жүріп өткен тағылымды жолы.
Осы жазда «Құрмет белгісі» орденді кеңес заманының маңғыстаулық атақты шопандарының бірі деп əулие қылатын 90-ға таянған Мұқанов Қоратай ақсақал соғыс жылдарындағы тылдағы қиын-қыстау қарбаластағы жəне одан кейінгі күйреген шаруашылықты қалпына келтіру заманындағы бұғанасы əлі дұрыс қатып бекімеген он-он бес жастардағы балалардың жұмысқа араласқан жайлары жөнінде əңгіме қозғады. Ол əңгімеден бұрындары да хабардар едім. Бұл жолы Əбішев Сəбит жөнінде көбірек есіне алды. Сол әңгімелерінің барысында аяулы інісін келер жылы, яғни 2018 жылдың бас жағында 80-ге шығатын еді-ау деп терең күрсіне еске алғаны маған да ой салып кетті. Содан Сəкеңнің еңбектерін қайта бір ақтарып қарап алып, кейбір сөздеріне өз ойларымды тіркестіре түртіп тәуекел деп қолыма қалам алдым. Оған жоғарыдығы Қоратай ақсақалдың Сəбит жөніндегі қысқа болса да жүрекке жылы тиетін, арғы жағында жастық шақтарын еске алу сағынышының жып-жылы соқпағы əсер етті. Сөйтіп, Сəбит аға туралы оның туғанына 80-жылдығы қарсаңында ағаның кəсіби еңбек жолы емес, оның творчестволық ой еңбегінде айтып кеткен тағылымдарына назар аудардым.
Қыздың жасауындай жып-жинақы өрелі ойлы кітап қашан да оңай оқылады. Жалықтырмайды. Шимайланған қоян сүрлеуге қалай түсіп кеткеніңді білмей, əңгіме соңынан ере бересің, ере бересің. Төгілген майда қоңыр əңгіме, оралымды сюжет. Əбден машықтанып алған талантты жазушыдай көсілтіп келіп жібергенде нағыз əдеби суреткердің қай-қайсысынан да қалыспайды. Мен Сәбит ағаның қалдырып кеткен еңбектерін оқып шыққанымда, оның осындай қағидаларды берік ұстанған, өте талғампаз жан болғанына көзім жете түсті.
Осы кітаптағы Сәкеңнің қаламынан шыққан қай әңгімені алып қарасақ та басынан аяғына дейін ауыл өмірі көмкерілген, тұнып тұрған қазақы дәстүр, баба ғұрыптың исі аңқып тұр. Ал, проблемалар, ойлар, ұсыныстар айдарымен берілген бір топ мақалалары ауыл шаруашылығы саласындағы ұлағатты ұстаздың шәкіртіне арнаған, өзі айтқанындай, үлгі-өнеге аларлық ұсыныстары мен көңілге қонымды келелі пікірлері екені даусыз.
Әрине, ағаның юбилейлік мерейтойы қарсаңында оның отбасында қалған Ақсындар апамыздан бастап, ұл-қыздары мен ұрпақтарына бақытты ғұмыр кешулеріне тілектестігімді де білдіре кеткім келеді.
Мұханбет МҰРАТБАЙҰЛЫ,
Қазақстан журналистер Одағының мүшесі